Екпеден ел неге қашады?
qarmaqshy-tany.kz Балалар арасында кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін екпе (вакцина) егіледі. Бірақ соңғы уақытта бұған қарсы ата-аналардың қарасы да көбейген. Денсаулық сақтау қызметкерлері болса, баланың өмірін ұзарту үшін қолданатын екпенің зияны жоғын айтып дабыл қағуда. Демек, ел елеңдеп отырған мәселенің бірі – екпесіз баланың ертеңі бұлыңғыр. Мұны дамыған елдің медицинасы әлдеқашан дәлелдеп қойған.
Ұзын-сонар кезек. Бір-біріне соқтығысқан адамдар. Әсілінде балалар дәрігерінің алдында тұрған аналардың санында шектеу жоқ. Жетектеген қос-қостан бала. Ауырса керек. Жаны жай таппай жүргені анық байқалады. Анадай жерде жасы 30-дан асқан келіншек 3 жасар қызының көңілін таппай әлек. Қалай алдаса да көнер емес. Әлгі анасы арасында тарс-тарс етіп жұлқынып қояды. Ашуы басылған соң әңгімесін айта бастады. «Өкінемін» деп бір күрсінді. Айналасына жиналған аналар да «не болды, айтсаңшы?» деп сұрақтың үстіне сұрақ қоюда.
– Бала туылған соң алынатын екпелердің бірін де алмадым. Ол кезде ғаламтордан оқығаным көп еді. Соған сендім. Оған қоса енем де қажеті жоқ деп тексеріске жібермеді. Мұның арты не боларын білген де жоқпын. Баста бәрі жақсы болғанымен кейін қызым ауыра бастады. Тіпті ай сайын иммунитеті әлсіреп, ауру жұқтырып ала береді. Соңғы жылдары ауруханадан көз ашпай жүрміз. Мұның барлығына да екпенің әсері тиетінін енді ұқтым, – деді ол.
Мұны қолпаштай кеткендер де екпені салдыруға баласын жетектеп әкелгендер екен. Бірі – дін жолындағы ата-ана болса, енді бірі – әлемтордың араңдатқан ақпаратына сенген жандар. Тақырыпқа кеңінен тоқталу үшін қажет мәлімет ұсынып, мамандар пікірін саралауды жөн көрдік.
Аурудан сан ғасыр бұрын сақтанғанбыз
Екпе жайында жазылған мақалаларды сараласақ, оның зиянынан пайдасы көп екеніне көз жеткізе аламыз. Себебі, талай бала өлімнен аман қалды. Талай бала аурудан аулақ болды. Әлемдегі кедей елдердегі де мыңдаған баланың өмірін сақтап қалудың жолы – өркениетті елдердегідей екпе жасау. Оның бір дәлелі ретінде «Нэшионалгеографик» таратқан мәліметінен аңғаруға болады. Онда екпе жайындағы өзге елдердің пікірін саралап, пайдасын тілге тиек етеді. Мәселен, Пәкістандағы карачилік дүкенші Гулам Исак полиомиелит екпесіне күмәнмен қараған. Ал бүгінде ол төрт жасар қызы Рафияны азапқа душар қылғаны үшін өзін-өзі кінәлайды. Себебі, қыздың бір аяғы полиомиелиттің кесірінен сіресіп қалған. Екінші аяғын көлік басып кеткен екен. Ал ХХІ ғасырдың басында АҚШ пен Канадада дүниежүзі бойынша ең алғашқы тиімді екпе қолжетімді болған уақытта жыл сайын пневмококк ауруынан әлем бойынша 800 мың бала көз жұмған. Яки бес жасқа дейінгі миллиондаған бүлдіршіннің төрттен үшінен астамы Эбола немесе Зика вирустарынан емес, пневмонияға (қабынған өкпе), менингитке (қабынған ми қабығы) немесе қан айналымының бұзылуына әкеп соғатын қарапайым вирустан ажал құшты. Өлім-жітімнің басым бөлігі Бангладеш сияқты кедей елдерде орын алған.
Екпе жасау – адамзаттың үздік жетістігінің бірі. Олай дейтініміз бір кездері талай тағдырды үзген шешек ауруы тамырымен жойылды. 1977 жылдың қазан айынан бастап әлем бойынша шешекпен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. Осыған байланысты КСРО заманында 1979 жылы шешек ауруына қарсы балаларды егу тоқтатылып, екпе күнтізбеден ысырылды. Бүгінге дейін қауіпті жұқпалы аурудың қатарында болған полиомелит те жойылудың алдында тұр. Бұл да – екпенің нәтижесі. Алайда, әлі де екпе жасау арқылы жоюға немесе әлсіретуге болатын жұқпалы аурудан жер бетінде жыл сайын 4 миллионға жуық бала өлім құшады екен.
Әлем мойындаған екпені қазақ даласына алып келгендердің бірі – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ол екпені алғаш шешекке қарсы пайдаланған. Әрі бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын енгізгені туралы деректі оның «Шипагерлік баян» атты еңбегінен көруге болады.
Бала болашағына балта шаппаса игі...
Осыдан бір-екі жыл бұрын Ақтөбеде орын алған оқиға қоғамның ойын екіге бөлді. Екпе жасатудан ата-анасы бас тартқан жиырма бала да туберкулезге шалдыққан. Пікір білдірген біреуі «баланың ағзасына дәрі жіберу шариғатқа қайшы деп түсініп бас тартып едік, енді өкініп отырмыз» деген болатын. Бұл екпеден бас тартушылардың дені дін ұстанушылар дегенге саяды. Әрине, екпесі жоқ баланың иммунитеті әлсіз болады. Түрлі ауруды жұқтыруға әуес болады. Мамандар күн сайын ескерткенімен, оған құлақ асар ана жоқ.
– Бала жұқтырған ауру бертін келе эпидемиологиялық асқынуға әкеп соғады. Екпе алмағандықтан бойына дендеп кеткен дерті асқынып, оны емдеу мүмкін болмайды. Ал екпе ағзада уақытылы кез келген ауруға қарсы тұрар иммунитетті қалыптастарады. Ол түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егу күнтізбесі бойынша 16 жасқа дейін салынады. Ең алғаш балаға перзентханада туғаннан кейін 4 күн ішінде туберкулез және вирустық «В» гепатитіне қарсы екпе беріледі. Ол 16 жастан кейін де беріледі. Екпенің барлығы ақысыз. Бұл мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Айта кететін жайт, әрбір екпе балаға берілмес бұрын алдын ала тексеріледі. Тіпті оны егудің өз тәртібі бар. Жалпы инфекциялық аурулар адамдардан түшкіру, жөтелу, сөйлеу және тағы да басқа жолдармен жұғады. Сондықтан екпе алмаған баланың жұқпалы ауруымен ауруы біріншіден өзіне қауіпті, екіншіден төңірегіндегілер үшін де қауіпті болмақ. Ал екпе алған баланы емдеу жеңілге соғады, – дейді аудандық денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологиялық бөлімінің бас маманы Баян Еркебаева.
Ақ халаттылар мен біршама уәкілетті мекеме қызметкерлерінің аудан тұрғындарына түсіндіру жұмысын жүргізуінің кемі жоқ. Соған қарамастан екпеден себепсіз бас тартушылар қатары жоқ емес. Ауданның өзінде соңғы жылдары сылтау тауып, балаларына екпе салдыруға немқұрайлы қарайтын ата-аналар тіркелген. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары тұрғындарға иммундауға байланысты түсінік жұмысын жүргізіп, соның нәтижесінде екпе салдыртуға қарсылардың басым бөлігі діни ұстанымды алға тартатын азаматтар екенін анықтады. Соңғы 3-4 жылда аудан көлемінде қызылша ауруы тіркелмесе, биыл қаңтар айы басталысымен-ақ 6 науқас тіркеліп үлгерген. Оның 3-еуі зертханалық жолмен осы дертке шалдыққаны анықталған.
Дін не дейді?
«Үш түрлі адам қоғамды құртады. Шала дәрігер, шала молда, шала тіл маманы. Шала дәрігер – денсаулықты құртады. Шала молда – дінді, шала тіл маманы – тілді бұзады. Бұл үшеуі бұзылса қоғам бұзылады». Иә, бұл байырғы ғұламаларымыздың айтқан сөзі. Ал қазіргі шала молда – дінді, одан қалды денсаулықты да бұзады, бұзып жатыр да. Себебі соңғы кездері «Екпе егу дінге қайшы, екпе егу тағдырға қарсы шығу, екпе егу Аллаға тәуекел етпеу» деген сөздерді жиі еститін болдық. Расымен де ислам діні екпеге қарсы ма?
– Екпеге діни негізде қарсылық білдірушілер оны харамға шығаруға тырысады. Әлі болмаған пәленің алдын алу дінге қайшы емес. Керісінше дініміз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидатты мұсылмандарға үйретеді. Оған пайғамбарымыздың «Кімде-кім таңертең (Медине қаласының) әжуа құрмасынан жеті данасын жейтін болса, сол күні оған сиқырдың және удың зияны жетпейді» деген хадисі дәлел болады. Бұл хадисті екпе егудің дінге қайшы еместігіне дәлел ретінде шейх ибн Баздың өзі де келтіреді. Ол кісі елімізде көпшілік ерушілері екпе егуге қарсы болған сәләфия ағымының бетке тұтар шейхтарының бірі екендігі мәлім. Сондай-ақ, жеті құрма жеу болашақты болжау болмағандай, екпе егу де болашақты болжау емес. Тазалық – иманнан. Аурудың алдын алып, күтіну керек, – дейді дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Жалғасбек Ысқақов.
Түйін.
Екпеден неге үркеміз? Қандай жағдай болса да дінді қалқан етіп екпе егуге қарсы тұру надандықтың көрінісі. Діни мәтіндерден екпе егуді қолдайтын дәлелдер табуға болады, бірақ қарсы тұратын дәлелдер кездеспейді. Сондықтан Ислам әлемі ғалымдарының дені екпе егудің қажеттілігі мен дұрыстығын айтып отыр. Өзіміз білмеуден, білгеннің тілін алмаудан сақтанғанымыз нұр үстіне нұр болар еді. Ал сіз балаңызға екпе салдырып жүрсіз бе?
Айнұр ӘЛИ