» » Тәнге "таңба салу" сәнге айналған ба?

Тәнге "таңба салу" сәнге айналған ба?

qarmaqshy-tany.kz Таңба қазақта ертеден бар. Рулық, тайпалық құрылым кезінде таңба ерекше маңызға ие-тін. Салтанат құрған хандық кезеңде де таңбаның рөлі артпаса кемімеді. Таңба – елдіктің де жоғары нышаны. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі айшықты келбеті оның Елтаңбасынан көрініс табады. Қазекемнің: «Тайға таңба басқандай» дейтіні бар. Бұл сөздің нақтылығын білдірсе, бір мағынада – таңбаны жас малдың жамбасына басатын болған. Жалпы, таңбаның тамыры әріде, сонау ХV ғасырдан басталады деген де деректер бар тарихта.

Шопанның қызы болған соң, бала кезімізде ен-таңба дегенді малдан көретін едік. Әсіресе, әкеміз біреудің малы біреуге алмасып кетпесін, дау­сыз жерден дау шықпасын деп таңба салатын. Ал, адам денесін таңбалау санаға сыйымсыз болса да, бұған да көз үйрене бастады. Әлемторда не айтылып, не жазылмайды. Қазір біреуді біреу таңғалдыруға құмар. Ол жақсы дүние ме, жаман ба, арасын айырып жатқан адам кемде-кем. Адам тәнін таңбалау мен жаралау – бүгінгі күннің бас ауруына айналды.
Негізінен тәнді таңбалау сонау бір замандарда жаза ретінде қолданылған. Мысалы, Қытайда ұрлық үшін саусақты кесетін болса, Египет, Жапонияда қылмыскерді әшкерелеу мақсатында осындай сұрықсыз таңба салып, масқаралайтын болған. Оның ар жағында америкалық үндістер дәстүр бойынша шашақты киім киіп, денесін тесіп сурет бедерлейтін-ді. Тарихына жүгінсең, татымды ештеңе табыла қоймайтын «татудың» не тартымдылығы бар? Ол жағын жастардың өзінен сұрап көрелік.
– Ауылдың баласымын. Тән таңбаға қызығушылығым жоқ. Адам адам болып туған соң, адам қалпын сақтаған дұрыс, – дейді Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Ғарифулла Мырзатаев. Тағы бір пікір білдірген жас – Жосалы кентінің тұрғыны Сабыржан Ғалымжанұлы.
– Уақыт өткен сайын қоғамға қанша жаңалық еніп, қоғам алға басса да, соның ішінде ең күрделісі санамен күрес болып отыр. Ғылымның, технологияның ілгерілеп бара жатқан үдерісінде адам ештеңеге таңырқамайды. Бұл – түсінікті де. Жаңалықтың дұрысына да, бұрысына да қалыпты қарайтын көзқарас пайда болды. Қазақтың қаракөз қызы мен ұлының сыры мен сымбаты кімнен кем еді. Рухани байлықтан гөрі сыртқы бет-әлпетке мән беру әдетке айналғандай. Бірақ, біз бетті әрлеп, сәндегенмен – адам бойынан тәрбие табы сезіліп тұратынын ескермейміз. Өз ортамда тәнін таңбалаған жігіт жоқ. Бұл көбіне қала жастарына тән сияқты. Қолы бос, маргинал жастар не істерге қара таппағасын, осындай болымсыз дүниемен айналысатын болуы керек, – дейді ол.
Тәнге түскен таңбаны дін де қолдамайды. Мұны шайтанның айла-шарғыларының бірі есептейді.
– Ібілістің айналысатын ісі – сиқыр, оқитыны – әдепсіз ән, өлеңдер, жазуы – денедегі жазу (татуировка), жейтін асы – өлексе мен Алланың аты аталмаған тамақтар, сусыны – мас қылатын ішімдіктер. Яғни, Алланың әмірі бойынша тыйым салынған харам нәрселер. Денедегі таңба да осылардың қатарынан орын алады. Алланың берген нығметіне қарсы шығу – әдепсіздікке жатады. Сондықтан да мұндай бейәдептен кімнің болса да аулақ болғаны абзал, – дейді имамдар.
Қорқыныштысы сол, бүгінде тәнге таңба салдыратындар қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр бойынан да кездеседі. Әсіресе татуды 18 бен 35 жас аралығындағылар жасайды-мыс. Тәнге таңба салдыратындардың уәжі – заманауи көріну үшін дегенге саяды. Мұның рухани залалы былай тұрсын, денесін тестірген жас қыздарымыз өз келешегіне балта шабуы әбден мүмкін. Түрлі химиялық қоспадан жасалған бояулар теріге терең еніп, денсаулыққа орасан зиянын тигізеді. Мұндағы басты құрал ине болған соң, одан келер қатер де көп. Сонымен қоса, инеден көптеген жұқпалы аурудың тарайтыны айтпаса да түсінікті. Тіпті, тәнге түскен таңбаның кесірінен ұрпақ сүйе алмау, қатерлі ісікке шалдығу фактілерін дәрігерлер растауда.
Түйін:
Бірде Пайғамбардың (с.ғ.с.) жанында екі кісі сөз таластырып қалады. Сонда біріншісі екіншісін балағаттап, сөге бас­таса керек. Ал, екіншісі сабыр сақтап, үндемейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұл кезде жымиып отырады. Ақырында, екіншісі шыдамай, сөз қайтарғанда Пайғамбар (с.ғ.с.) орнынан тұрып кетеді. Сонда сахабасы: «Уа, Алланың елшісі! Мен жауап қайтарғанда тұрып кеткеніңіз қалай?» – деп сұрайды. Сонда ол (с.ғ.с.): «Басында сені періште қолпаштап отыр еді, ал сен сөз қайтарғанда, шайтан келді. Мен онымен бірге отырмаймын», – деп жауап беріпті.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
02 желтоқсан 2022 ж. 264 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 380

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 459

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930