» » Ағарғанның көзі – "Айманда"

Ағарғанның көзі – "Айманда"

Көсегені көгертетін – кәсіп. Қазақта «қимылдаған қыр асады» деген жақсы сөз бар. Әрбір істі бастағанда айқын мақсат пен тәуекелге бел буып, барыңды салып еткен еңбектің еш кетпейтіні баршаға мәлім. Еріншектікке салынбай алған бетінен қайтпай, алға қарай қадам басатын жандардың аз емес екенін көріп көңілің қуанады. Солардың бірі – Дүр Оңғар ауылының тұрғыны Дархан Айманов.
Жас кәсіпкер ауылдан «Айман» шағын сүт цехын ашып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Ағарғанды қайта өңдеп одан үш түрлі өнім алуда. Мұндай жобаны ашу үшін «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы арқылы несие алған.
– 2018 жылы оқу бітіріп, ауылда бір жыл жұмыссыз жүрдім. Құр бос жүргеннен пайда болмас деп кәсіп ашуды ойладым. Бұл ойымды қолдаған ата-анам маған ауылдан сүт зауытын ашуды ұсынды. Себебі мұндай жаңаша кәсіптің түрі бізде ашылмаған. Әуелі мал басын көбейтуге «Микробизнес Қызылорда» жобасы арқылы несие алып, оны уақытынан бұрын өтедім. Ешқандай қиындық болған жоқ. Әрі қарай кәсібімді дамытып, сүт цехын ашу үшін тағы да өңірлік инвестиция орталығынан 10 млн теңге несие алып, Ресейдің Екатеринбург қаласынан сыйымдылығы 500 литр сүт өңдейтін құрылғысын алдырдым. Кәсібіміз жақында ашылғасын әзірге 150 литр сүттен түрлі өнім алудамыз. Себебі жаз айында ағарғанды сақтау қиын. Оның үстіне өніміміз көпшілікке енді танылып жатыр, – дейді жас кәсіпкер.
Цех шағын төрт бөлмеден құралған. Бір сүт өңдейтін бөлме, ыдыс-аяқ жуатын орын, ағарғанды сақтайтын салқын бөлме және демалыс орны бар. Іші айнадай тап-таза, санитарлық талап қатаң сақталған. Кәсіпкер осында бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы тіршілік таңғы сағат 4-5-те басталады.
– Күнделікті ауылда сүт алатын 3-4 төрт орным бар. Олардан нарықтағы бағамен сатып аламын. Одан бөлек үйдегі сиырлардың сүтін қосып бір күн қоямын. Цехта жұмыс азанмен ерте басталады. Жиналған сүтті өңдеп одан ірімшік, кілегей, балмұздақ жасаймыз. Сөйтіп 8-ге дейін жұмысты бітіреміз. Өйткені тоқтың күші сол уақытқа дейін өз қуатында болады. Одан кейін ауылда жұмыс басталды дегенше жарықтың күші төмендейді. Бастапқы кезде аздап қиындық болды. Тоқтың күші жетіспеді, құрылғымыз жаңа болғасын өнімнің құрамында қышқыл дәм болды. Қазір бәрі реттелді, – дейді ол.
Дарханға үйіндегілер отбасылық ұжым болып көмек көрсетеді. Төлеу ағамыз әкелік ақылын айтып отырса, анасы Зада күнделікті сиырын сауысып, жұмыстың жақсы жүруіне атсалысып отырады. Ал ағасы сүт өнімдерін дүкендерге жеткізіп берсе, жеңгесі кешкілік ауыл балаларына балмұздағын сатып қолғабыс етеді.
– Дархан кенже ұлым. Кішкентайынан қолымызда қалсын деп ауылға бейімдедік. Спортқа жақын өсті. Сыртқа кеткеннен ауылда қалып еңбек еткен3н жөн көрдік. Осы кәсіпті ашуды 3 жыл жоспарладық. Сүт цехының атауын ұлым атасының есіміне қойды. Қазір шүкір мақсатымыз орындалуда. Шыққан өнімді елге ұсынып жатырмыз. Облысқа құрт жіберсек, аудан мен ауыл дүкендеріне ірімшік, кілегей, балмұздақ таратамыз. Кейде үйге дейін іздеп келетіндер бар. Бастапқыда қиыншылықтар болды. Бірақ бастаған ісімізді орта жолдан тастамай, әрі қарай қолға алғанымыздан бүгін міне жемісін көріп отырмыз, – дейді кәсіпкердің анасы.
Дархан Төлеуұлы алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді қолға алуда. Тағы құрылғылар алып айран, қатық, қаймақ, йогурт шығаруды жоспарға қойған. Бұйырса ол күннің ауылы да алыс емес.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
02 желтоқсан 2022 ж. 293 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 310

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 409

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930