» » Қымбатшылық қашан тоқтайды?

Қымбатшылық қашан тоқтайды?

qarmaqshy-tany.kz Дүкенге кірген Дүрияның көңіл-күйі түсіп, салы суға кетті. Бүгін таңертең ғана ай сайынғы келетін еңбекақысын алып шаттанып қалып еді. Айлығы шайлығына да жетпей ұнжырғасы түсті. Азын-аулақ алатын жалақысын қайда жеткізерін білмей абдырап қалды. Төлейтін несиесі бір бүйірінен қысып ол тұр. Бала-шағаның ішіп-жемі, киім-кешегі, қала берді коммуналды төлемдер тағы бар. Бұл бір ғана Дүрияның басындағы жағдай емес, көпшіліктің көкейіндегі жүрген мәселенің бірі еді. Қазір қымбатшылық қысып барады. Сараптап көрейік.
Иә, азық-түлік бағасы аспандап тұр. Дүкен жағалаған жұрт осылай деп дабыл қағады. Мұнысы да тектен-текке емес. Статистикаға сүйенер болсақ, елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жыл басынан бері 20,7 %-ке қымбаттаған. Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық- түлік тауарларының тізбесіне 19 өнім кіреді. Олар: кеспе, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ, қант, күнбағыс майы, сиыр мен тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа. Ал жылдық есеп бойынша осы санаттағы тауарлар 20,2%-ке қымбаттады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ке жоғары.
Тамақ бағасында тұрақтылық жоқ Баға күн өткен сайын өсуде. Базарға не сауда орталығына бас сұғып барсаңыз, бағаны көріп шошисыз. Бұрын дүкенге кіріп 5000 теңгеге бір дорба толы тамақ алсаңыз, ал қазір сол ақшаға құрығанда 2-3 зат қана алып шығасыз.
Ал, кәсіпкерлер бұған түсіністікпен қарауды сұрайды. Себебі, әлем бойынша орын алған дағдарыстан әлеуметтік маңызы бар тағамдардың бағасы аспандап кетті. Ауданымызға күнделікті тұтынатын азық-түліктің 60%-і сырттан тасымалданатындықтан саудагерлердің жол шығыны мен үстіне қосатын 5-10 теңгесі тағы бар. Әйтеуір, баға бұлданып, ақша құнсызданып барады..
Жұмыртқаның өзі бір айда 6%-ке қымбаттаған. Елдегі жұмыртқа бағасы Ұлытау облысында бірден 19,8%-ке өскен. Ал Павлодар облысында 14,7%-ке өссе, Қызылорда облысында 13,6%-ке өсу байқалады. Алматы облысында ең аз өсім. Бар болғаны 0,4%-ке қымбаттаған. Жылдық динамика бойынша Қызылорда облысында 52,2%, Қостанай облысы 34,1% болса, Батыс Қазақстан облысында 32,5%-ке қымбаттаған.
Әлбетте жұмыртқа қымбаттаған соң, оның қосылатын тағамының бәрі қымбаттап шыға келеді. Айталық, кешегі 550 теңгеге алған тәтті бәлішіңіз бүгін 700 теңгеден бір-ақ шықты.
Осыдан соң «ертең не болады?» деген сұрақ әрбір жанның көкейінде көлеңкеленіп тұр. Күнделікті тұты нушы тауарлардың шектен тыс өсуі қалтасы таяз халыққа оңай соқпасы анық.
Жұрт несиеге неге құмар? Қазір жұрт телефон мен тефаль дейтін техникадан бөлек тамақты да несиеге алатын болған. Иә, көлік пен киімді былай қойғанда азық-түліктің өзін бөліп төлеуге алады.
– Ақшаның құны жоқ. Тамақтың бәрі қымбат. Киімнің өзіне жетпейді. Сосын «Каспи редке» аламыз. Басқадай амал жоқ. Халық жетпегеннен алады. Асып-тасып тұрса, қарызға кіріп қайтеміз, – дейді кент тұрғыны Әсел Ахметова (аты-жөні өзгертілді).
Қазір қарызға азық-түлік алудан ешкім арланбайды. Жалақының аздығын, тамақтың қымбаттығын алға тартады. Сондықтан кредитке кіруге мәжбүр. Бұрын азық-түлікті «қарыз дәптерге» жазса, қазірде халық «Каспи редке» үйреніп алды.
Жалпы тұтынушылық несиенің көлемі жалпы несиенің ішінде 16%-тен асады. Жылына 50%-пен несие беретін банктер де бар. Бірақ қарапайым халық оған қарап жатқан жоқ.
Азаматтардың азық-түліктің өзін несиеге алып жатқаны бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайының төмен екендігінің көрсеткіші.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда несие мәселесі бойынша ұсыныс жариялайтынын мәлімдеді. «Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды жариялаймын» деді Мемлекет басшысы.
Мамандардың айтуынша, несие алуға байланысты адамдардың екі типі бар. Бірі – қарыз алып, уақытылы жабатындар. Ал енді бірі – үсті-үстіне несие алатындар. Соңғы қатардағылар бұл процесті қалыпты санап, "қазір кімнің кредиті жоқ?" деген ұстаныммен өмір сүруде. Бұл орайда азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырғаны абзал.
Әлемдік тәжірибе не айтады? Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, экономиканы табысты дамытудың негізгі шарттарының бірі. Осы орайда елімізді орнықты дамыту жөнінде «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңда бекітілген. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі ісінде басты назарда тұратынын білдіреді.
Әлем елдерін алып қарайықшы. Мәселен, Канадада халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін «азық-түлік банктері» жүйесі қызмет көрсетеді. Бұл жүйе бойынша жергілікті 450 азық-түлік банкі жұмыс істейді. Осы жүйенің арқасында 900 мыңға жуық канадалық тағам өнімдерін алады.
Ал АҚШ-та күнкөрісі төмен халықтың азық-түлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оңтайлы тәжірибе қолданылуда. Егер бұл елде отбасының кірісі кедейшіліктің деңгейінен 130% төмен болса, отбасы мүшелері арнайы электронды карта арқылы жүзеге асырылатын, азық-түлік тауарларын жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін «SNAP» бағдарламаға қатыса алады. Бұл бағдарлама АҚШ халқының 45 миллионға жуығын қамтитын көрінеді.
Еуропалық одақ елдеріне келер болсақ, мұнда тағам өнімдерінің қауіпсіздігі стандартының талаптарын сақтау жоғары деңгейде жолға қойылған. Қазіргі таңда Еуропалық одақ елдері азық-түліктің мол қорына ие.
Бүгінде 30 мемлекет азық-түлік зәрулігін қатты сезінуде. Сондай-ақ жаһан бойынша созылмалы аштық дертіне ұшырап отырғандардың саны 1 млн адамға жуықтайды. Саладағы осы жағдайлар әлемдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайдың ауырлауына апарады.
Қазіргі таңда азық-түлік тапшылығы әлем бойынша басты сын-қатерлердің алғашқы үштігі қатарына енгізіліп отыр. Бұл әрине, негізсіз емес. Өйткені қазіргі кезде миллиондаған адамның аштыққа ұшырап, миллиардқа таяу жан ас-судың үнемі жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр.
Қымбатшылық қашан тоқтайды? Бұл сұраққа қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді.
– Қазіргі кезде қалыптасып отырған біздің елдегі инфляция болсын, көрші елдердегі инфляция болсын, көп жағдайда импортпен байланысты. Дүние жүзі бойынша баға шарықтап тұр. Америкада да, Еуроодақта да инфляция жоғары. Олардағы инфляцияның жоғарылығы сондай, рецессия болуы мүмкін. Рецессия дегеніміз – экономикалық өсім болмауы мүмкін деген сценарий. Бұл инфляцияның себебі – сырттан келіп отырған факторлар, – деп атап өтті ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұқбатында.
Айтуынша, сырттан келетін қымбатшылықты тоқтатуға қауқарымыз жоқ.
– Біз сонау Америкадағы инфляцияны ауыздықтай алмаймыз, Еуропадағы инфляцияны тоқтата алмаймыз. Оларда энергетикалық дағдарыс келе жатыр. Олардың байланысы қазір шарықтап тұр. Дегенмен, біз Ұлттық банкпен бірге жұмыс істеудеміз. Қазіргі болжамдар бойынша, біз де онымен келісеміз, осы жылдың аяғына-келесі жылдың басына қарай инфляция төмендей бастайды, – деді Қаржы министрі.
Түйін Қысқасы, азық-түлік бағасына әсер ететін фактор өте көп. Сондықтан мәселені кешенді түрде қарастырған абзал. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруды тапсырды. Халық Мемлекет басшысының бұл тапсырмасының бұлжымай орындаларына сенімді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
02 желтоқсан 2022 ж. 287 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031