Балаңызға ойыншық сатып аларда ескерілетін жайттар
qarmaqshy-tany.kz Дүниеде баланың пәк күлкісіне, бал қылығына не жетсін, шіркін. Бала бар жерде шаңырақ шаттыққа, отбасы бақытқа бөленеді. Баланың тәтті тілі жан-жағын қызық думанға айналдырып, жамандықты ұмыттырады.
Әрбір ата-ана үшін бала денсаулығы бәрінен жоғары тұрары түсінікті. Балаға ойыншық таңдау-ата-аналардан барынша ұқыптылықты, жауапкершілікті талап ететін жайт. Бүгінде не көп, әртүрлі ойыншық түрлері көп. Және оларды өндіретін кәсіпорындар да жетерлік. Ойыншық таңдауда әсіресе, жас ата-аналар мейілінше мұқият болғаны жөн.
Бұлай дейтін себебіміз-ойыншықтың бала денсаулығына тікелей әсері бар. Сатуға рұқсат етілмеген техникалық регламенттерге жауап бере алмайтын өнім түрлері бала денсаулығына қауіпті екенін жадыңыздан шығармаңыз.
Сөзіміз нақты болу үшін аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының санитарлық-гигиеналық қадағалау және техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысын сөзге тартқан едік.
-Балама қандай ойыншық таңдасам екен? Бұл сұрақты көптеген ата-ана қояды. Сөйтіп, өз талғамдарына сәйкес таңдау жасайды. Біреулер үшін бұл белгілі бренд, өндіруші компания, екіншілер үшін-өз талғамы-олар бала кезінде армандаған қуыршақтар мен көйлектерге қызығады, ал үшіншілері бөбектің бойында белгілі дағдылар мен ептілік дамытуға бағытталған ойындар мен ойыншықтарды табуға тырысады. Дей тұрғанмен, балаңызға ойыншық сатып алған кезде ата-аналар тағы бір өлшем қауіпсіздігін естен шығармағаны абзал. Қазақстанда балалар ойындары мен ойыншықтарының сапасы мен қауіпсіздігі туралы” техникалық регламентінің талаптарын және Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 9.09.2015 жылы №15 “Балалар ойындары мен ойыншықтарын әкелуге және өткізуге мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы” Қаулысын басшылыққа ала отырып, мына өндіріс ойыншықтарына: “Стена” құрылыс жинағы-ООО “Строим вместе счастливое детство” 6011144, РФ Владимировский облысы, Петушинский ауданы, Трудовая көшесі, №1 үй, “Медвежонок” тербелме-пирамида “Росигрушки” ААК 216500, РФ Смоленский облысы, Рославль қаласы, Свердлов көшесі тұйығы, №8 үй, “Забава” полимерлі сылдырмақ-“Пластмассы” ЖШС, РФ Санкт-Петербург қаласы, Новоселев көшесі, №8 үй, “Волчек” сылдырмағы “Аэлита” ААҚ, “Занимательная черепаха” ойыншығы-Беларусь Республикасы, Кобрин қаласы, Резеңке іші қуыс балалар добы-“Чебоксарское произведенное обьединение им. В.И.Чапаева ААҚ, тағы басқаларын әкелуге және өткізуге тыйым салынған еді.
Ата-аналар ойыншықтарды кездейсоқ базарлардан емес, арнайы ойыншық сататын нүктелерден алуы керек. Қаптамасына назар аударып, онда баланың жас тобы туралы маркелері болуы қажет. Ойыншық таңдауы кезінде оның иісіне және сапасына жіті мән беру керек. Балаға деген шынайы махаббатыңыз ең алдымен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуден көрінеді. Соның ішінде, балаңызға деген жылы сезімдеріңізді жеткізуге көмектесетін қауіпсіз ойыншықтар болуы тиіс,-дейді сала маманы.
Қауіпті ойыншықтар салдарынан балаларымыз түрлі жағымсыз жағдайларға кезікпес үшін ойыншық таңдауға ұқыпты болайық!