» » Естен кетпес сәттер

Естен кетпес сәттер

qarmaqshy-tany.kz ӘР АДАМНЫҢ ЖАДЫНДА ЕРЕКШЕ ЕСТЕЛІКТЕРІМЕН ЖАТТАЛЫП ҚАЛҒАН СТУДЕНТТІК ӨМІР ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ. ҚЫЗЫҒЫ МЕН ШЫЖЫҒЫ МОЛ СТУДЕНТТІК КЕЗДЕР ТАЛАЙ ӘДЕМІ ДЕ ӘСЕРЛІ ӘҢГІМЕНІҢ АРҚАУЫ БОЛЫП, КӨРІГІН ҚЫЗДЫРАРЫ ХАҚ. СӘНІ МЕН САЛТАНАТЫ, МӘНІ МЕН МАҒЫНАСЫ МОЛ СТУДЕНТТІК ШАҚТЫҢ ӘР КҮНІ МЕРЕКЕДЕЙ ӨТСЕ ДЕ КҮНТІЗБЕДЕ БЕЛГІЛЕНГЕН ӨЗІНДІК МЕЙРАМДАРЫ БАР. ОЛ – 17 ҚАРАША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІ.
Қызыққа толы студенттік шаққа ешнәрсе тең келе қоймас, сірә?! Балалық мінезден арылып, өз бетіңмен өмір сүруге бейімделетін кезең ғой бұл. Жаңа ортада көңілі таза, адал достар тауып қуаныш пен ренішіңді бірге бөлісесің. Талай естен кетпес, қызықты оқиғаларға толы күндерді де артта қалдырасың. Иә, өмірді тануға құштарлық пен білім нәрімен сусындайтын шаққа бүгін бір саяхат жасайықшы. Әр шақтың өз естелігі бар. Әсіресе, әр адамның есінде ерекше естелігімен жатталып қалатын ол – студенттік шақ. Сол бір кезеңді әңгіме еткенде еріксіз жүзімізге күлкі үйіріледі. Қанша ақын жырына қосып, қаншама жазушы әңгімесіне арқау етсе де, оқырман жалыққан емес.
Алғашқы күн. Арман қуып қалаға келдіңіз. Бір қызығы сол, оқу орнындағы алғашқы күн ең бірінші адасумен басталады. Санада "Дәрісхана" деген түсінік пайда болады. Алғашқы күннен үлкен өмірге қадам басқаныңды іштей сезе бастайсың. Мектеп қабырғасындағы күндерді студенттік өмірдің қызыққа толы дүниелері айырбастайды. Жылда студенттер оқу жылын осылай бастайды.
Мереке қарсаңында білім алып жатқан студенттердің жай-жапсарын білу мақсатында аудандық аграрлы-техникалық колледжге бас сұқтық. Бізді колледждің директоры Бауыржан Сайдулла жылы шыраймен қарсы алды.
– Колледжде биыл барлығы 11 оқу тобы бар. Оның ішінде 5 мамандық, 6 біліктілік бойынша студенттер білім алуда. Қазіргі таңдағы білім алушылардың саны – 203. Жаңа оқу жылында 91 студент қабылданды. Колледж- де белсенді түрде қоғамдық, шығармашылық, спорттық өмір жүргізіледі, онда креативті идеялардың бастамасы мен қозғаушысы студенттердің өздері болып табылады. Олардың кәсіби қалыптасуына, шығармашылық, кәсіпкерлік әлеуетін ашуға оқытушылар да қолайлы жағдай жасайды. Бүгінде студенттерге 28323 теңге көлемінде шәкіртақы беріледі. Сонымен қоса жылына екі рет ауылдық жерден келіп қатынайтын студенттерге 6360 теңге жолақы төленеді. Мұнан бөлек әлеуметтік жағдайға байланысты кейбір студенттерге 13494 теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленеді, – дейді колледж директоры.
Биыл студенттер автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, автомобиль көлігін жөндеу шебері, ауылшаруашылығын механикаландыру, техниканы жөндеу шебері, ауылшаруашылық өндірісіндегі трактор-машинист, тамақтандыруды ұйымдастыру, аспазшы, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тігінші, электр жабдықтары, электромонтер мамандығы мен біліктілігі бойынша білім алуда.
Колледжде жыл сайын студенттер күніне орай оқу жылын жаңа бастаған студенттерді қабылдау рәсімі өтеді. Төл мерекеде олар өздерінің студенттік билетін алып, жаңа ізденіске толы өмірге қадам басады.
– Колледж студенттері аудандық мәдениет үйімен, спорт мектебімен, орталық кітапханамен, аудандық Жастар ресурстық орталығымен сабақтастықта жұмыс жасап, іс-шараларға белсенді түрде студенттер қатыстырамыз. Олардың бос уақытын тиімді пайдалану барысында түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді. «Инабат» қыздар клубы, «Құқық» клубы, «Наркобекет» үйірмесі, «Жас ұлан» әскери патриоттық үйірмесі, «Саналы ұрпақ» клубы бар. Спорт секциялары волейбол, минифут- бол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, қол күрес, баскетбол үйірмелеріне І,ІІ,ІІІ курс студенттері арасынан барлығы 150 студент қамтылған. Бұл барлық студенттердің 70% құрап отыр, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сүлейменова.
Иә, оқу ордасынан білім алған әрбір студенттің келесі кезектегі мақсаты – жұмысқа орналасу. Бітіруші түлектердің жұмысқа тұруы бірқалыпқа қойылып келеді. Айталық, 2021-2022 оқу жылында 61 студент бітірсе, олардың 65%-і жұмысқа орналасқан.
Жыл көлемінде жоспарға сәйкес түрлі тақырыптарда іс-шараға студенттер белсенділік танытып келеді. Атап айтқанда, Білім күніне орай «Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты» тақырыбында студенттерге алғашқы ашық сабақ өтті. Тілдер мерекесіне орай «Тіл – ұлттық құндылық» тақырыбында мерекелік шара жүргізілді. Шара барысында хабарламалар әзірленіп, көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Тіл – Мәңгілік Елдің рухани қазынасы» тақырыбында тәрбие сағаттары өтті. Ұстаздар күніне орай «Ұлағатты ұстаз – ұлт болашағының айнасы», «Қарты бар ел – қазыналы ел» тақырыбында Қарттар күніне арналған шара, рухани кеш те қалыс қалмады.
Колледж жанында студенттерге арналған жатақхана орналасқан. Бүгінде онда 6 студент бар. Олардың арнайы демалыс бөлмесі мен тамақ дайындайтын асханасы, жатын бөлмесі жабдықталған.
Колледж студенттері қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Халықаралық ғылым мен білімнің инновациялық әдістеме орталығының ұйымдастыруымен І республикалық оқушылар ара- сында өткізілген «Жас дарын – 2022» ғылыми жобалар байқауына үздік жұмыс ұсынып, ізденісімен ерекшеленіп, ғылымға қосқан үлесі үшін А – 20/9 оқу тобының студенті Есбол Сансызбаев ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, жетекшісі Құндыз Қожақова алғыс хатпен мадақталды. Ал Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ғылыми кеңістік: өзекті мәселелер, жетістіктер мен жаңашылдықтар» тақырыбындағы байқауда Ерқанат Жәнібеков ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жетекшісі – Нұргүл Бағыланбаева.
Сонымен қатар жақында облыстық «Топ-20» үздік студенттер байқауына қатысқан аспаз мамандығының ІІІ курс студенті Азиза Жәнібекова мен тігінші мамандығының ІІ курс студенті Индира Жанықұловалар үздіктер қатарынан табылды.
Оқу ордасында «Студенттік парламент» студенттердің өзін-өзі басқару ұйымы жұмыс жасайды. Бұл – тұрақты, демократиялық ұйым. Студенттік парламент – студенттік өзін-өзі басқарудың бірыңғай органы ретінде студенттік тіршілік әрекетінің маңызды мәселелерін шешуге, студенттік жастардың пайдалы бастамаларын қолдауға және әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталған студенттердің ынталы дербес қоғамдық қызметінің формасы. Бүгінде колледждегі осы ұйымға барлығы 35 студент тартылған. 8 фракция бойынша олардың жетекшілерімен жұмыс жүргізілуде.
Студенттердің төл мерекесі құтты болсын! Әрдайым ізденіс үстінде, тың дүниелерді жасауда еңбектері ақталсын. Алған білімдерін халық кәдесіне жаратып, өз мамандықтарының шебері атансын. Жұлдыздары жарық, жолдары оң болсын!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 қараша 2022 ж. 341 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930