Студенттер күні қалай тойланады?

Алғашқы күн. Арман қуып қалаға келдіңіз. Бір қызығы сол, университеттегі алғашқы күн ең бірінші адасумен басталады. Санада "Дәрісхана" деген түсінік пайда болады. Алғашқы күннен үлкен өмірге қадам басқаныңызды іштей сезе бастайсыз. Мектеп қабырғасындағы күндерді университет ішіндегі қызыққа толы дүниелер айырбастайды.
Жылда студенттер оқу жылын осылай бастайтын. Ал биыл елдегі жағдайға байланысты студенттер қашықтан оқып жатыр. Ауданда білім алып жатқан студенттер оқуының жай-жапсарын білу мақсатында№12 аграрлы-техникалық колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сүлейменовамен тілдескен едік.
– Биыл колледжге 120 студент қабылданды. Атап айтар болсақ, автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, көліктерді жөндеу шебері мамандығы бойынша – 25, ауылшаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, машина мен механизмдерді пайдалану және жөндеу шебері мамандығы бойынша 25, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, тігінші мамандығы бойынша 20, тамақтандыруды ұйымдастыру, аспаз мамандығы бойынша 25, ферма шаруашылығы, ауылшаруашылық өндірісіндегі трактор-машинист мамандығы бойынша 25 студент қабылданды, – дейді ол.
17 қараша – халықаралық студенттер күні. Төл мерекесін студенттер биыл қалай атап өтеді екен?
– Жыл сайын студенттер күніне орай оқу жылын жаңа бастаған студенденттерді қабылдау рәсімін өткізетінбіз. Дей тұра биыл колледж және жоғары оқу орнының студенттері үшін оқу жылы негізінен қашықтан оқыту форматында басталды. Сол себепті студенттік билет тапсыру рәсімі онлайн форматта ZOOM платформасында өтетін болады, – дейді А.Сүлейменова.
Аудан студенттерінің төл мерекесі құтты болсын! Әрдайым ізденіс үстінде, тың дүниелерді жасауда еңбектері ақталсын. Алған білімдерін халық кәдесіне жаратып, өз мамандықтарының шебері атансын. Жұлдыздары жарық, жолдары оң болсын!
Ақнұр САҒЫНТАЙ