» » Жәдігер жинаушы

Жәдігер жинаушы

qarmaqshy-tany.kz АУДАН ОРТАЛЫҒЫНАН ШАЛҒАЙ ОРНАЛАСҚАН КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫ КЕЗІНДЕ ЖАҢАҚАЛА АТАУЫМЕН ДҮЙІМ ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН КСРО БАТЫРЫ ТӘЙІМБЕТ КӨМЕКБАЕВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ НЕГІЗІНЕН МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСАТЫН АУЫЛ. КИЕЛІ МЕКЕННЕН НЕБІР ДАРЫН ИЕЛЕРІ ШЫҒЫП, ЕСЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ КӨРІГІН ҚЫЗДЫРДЫ.

1964 жылы ауылдың алғашқы қадасын қағып, үлкен істің басы-қасында жүрген қоғам қайраткері Қаратай Қуаңбаевтың бүгінгі шәкірттері ауыл түтінін түтетіп, заман ағымына қарай өмір сүруде. Солардың арасында ауыл тұрғындары осы құтты мекеннің тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мұрат еткен ұлағатты ұстаз, тарихшы және жәдігер жинақтаушы Сақтапберген Қосбаевтың орны бір бөлек.
Саналы өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнап, бүгінде сол бейнетінің зейнетін көріп отырған Сақтапберген Төлегенұлы ұзақ жылғы ұстаздық қызметінен кейін құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Десе де мектеп әкімшілігі оны білім беру мекемесіндегі ауыл мұражайын басқаруды сеніп тапсырған.
Бүгінгі күні ағамыз өз қамқорлығына алған мектеп мұражайынан өңір аумағындағы ерте заманнан жеткен жәдігерлерді көруге болады. Оның ішінде Шірік-Рабат қаласынан табылған көмбелер, атап айтқанда құмыра, теңге, диқанның егін егуге арналған құрал-жабдықтары, сондай-ақ, қала тұрғындарының күнделікті қолданысқа жаратқан құрал-саймандары сақталған. Ауыл тұрғындары арасында, атап айтқанда Нұрыш ұстаның баласы Балқыбай қолданған зергерлік көрігі, Әлиакбар ұста жасаған құранды және ханбас ерлер, Жаңақала кеңшарын «Кекірелі», «Тағай» және «Үштаған» мен «Тұрған» фермаларын байланыстырған радиобайланыс құрылғысы, көне қаладан табылған құмыралар мен шәйнектер, ою-өрнектер, ауылдың алғашқы басшысы Қаратай Қуаңбаев пайдаланған түрлі заттар мен ауыл маңынан табылған басқа да жәдігерлер: ауылды өркендетуге атсалысқан азаматтардың фотосуреттері мен өмірбаяндары, шаруашылықтың әр жылдары жетістіктері бойынша аудан, облыс республика басшылығы тарапынан мадақталған туы мен грамоталар мұражай тамашалаушыларды қызықтыра түседі. Мұражайда үш таған ошақ, қырықтық, шойын қазан, ескі күбі, жез сақина, келі, бойтұмар, патшалық ақша, қыш ыдыс, кісен, таға, күміс білезік, елеуіш сынды басқа ұлттық жәдігерлер менмұндалайды.
– Мен ұлтымыздың түрлі құндылығын жинауға бала жастан құмар болып өстім. Кейін келе мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет жасаған кезде бұл кәсібімді кеңейтуді бастадым. Ауыл аумағындағы Шірік-Рабат қаласына барып көптеген көне жәдігерлерді тауып соларды жинақтадым. Ал кейіннен мектеп әкімшілігі менің осы тақырыптағы жұмысымды құптап, мұражай ашып берді. Ерінбей еңбек еткенге бақыт өзі келеді. Расында да мен мектеп әкімшілігімен, ауыл тұрғындарымен бірлесе жұмыс істеп, мұражайды халық қызығатындай етіп аштым. Нәтижесі өзіміз ойлағаннан асып түсті. Ауыл тұрғындары атадан балаға мирас болып сақталған, қолда бар отбасылық көне жәдігерлерін сеніммен мұражайға әкеліп тапсырды. Мектеп басшысы Гүлжамал Ахметова да жұмысыма үлкен көмек көрсетіп, мұражайды кең бөлмеге көшіруге қолдау көрсетті, – дейді жәдігер жинақтаушы ағамыз.
Бұл ретте мектеп директоры Гүлжамал Сабытбайқызы да әңгімемізге қосылып, – Мектебіміздегі мұражайдың тек ауыл ғана емес, аудан бойынша да орны ерекше. Мұнда қазақ халқының көне заманда тұрмысқа қолданған құралдарымен бірге жеке мақсатқа пайдаланған саймандары, ауылдың алғашқы қазығын қаққан азаматтардың өнегелі өмір жолдары жайлы стендтер орын алған. Алғашқы директорымыз Қаратай әкеміздің қызметтік бөлмесінде өзі пайдаланған заттары сақталған. Тоқ етері біздің мектептегі мұражай көне заманның жәдігерлерін сақтаушы құнды мұражай десем артық айтқанымыз емес. Мұндай игі істің басы-қасында жүрген Сақтапберген ағайымызға алғаусыз алғысымызды айту бізге міндет. Оның тынбай еткен еңбегінің арқасында біз осындай мұражайға ие болдық. Бұл дегеніміз – өскелең ұрпақ үшін өте пайдалы да маңызды, – дейді ол.
Міне, бала жасынан осындай рухани құндылыққа құмар болып, онысын үлкен игі іске айналдырған Сақтапберген Төлегенұлы бүгінде ұзақ жылғы ұстаздық жұмысын зейнеткерлікке ауыстырып, мұражайды шәкірті, тарихшы Қуанышбек Қанатовқа тапсырды. Дегенмен де аптасына екі-үш рет келіп, өзі жинаған жәдігерлерді бір сипап өтпесе жаны тыншымайтындай.
Иә, «Еңбек түбі береке» дейді дана халық. Осындай игілікті ісімен ауылдастарының құрметіне бөленген азаматтың жеке өмірі де көпке үлгі. Отбасылық өнегесімен танылған ардақты жан. Жары, бар саналы өмірін білім саласына арнап, ауыл балаларын білімге баулыған Бақыткүл Қахарманқызымен құрған отбасылық өмірдің қиыншылығы мен қуанышын бірге көріп, аялап өсірген ұрпағының бақытты болуына күшін салып, бүгінде шаттыққа толы шаңырақ иесі атанып отырған жайы бар. Балаларының барлығы да жоғары білімді. Егемен еліміздің түкпір-түкпірінде таңдаған мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етіп жүр.
Үкілеп өсірген ұрпағының басы – Айжан және үлкен ұлы Серік бірі – Астанада, енді бірі – Алматыда денсаулық сақтау саласының жоғары білімді қызметкерлері. Мирамкүлі – этнолог, Қарлығашы – ұстаз, ал Муса болса геолог ретінде Қызылқұмда зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүр.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
21 қараша 2022 ж. 1 027 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930