» » Қыс қыр астында

Қыс қыр астында

qarmaqshy-tany.kz Көзді ашып-жұмғанша күздің соңғы айының бел ортасына да жеттік. Кезеңімен қылышын сүйреп қыс та келмек. Қаһарына мінсе жолындағысын қоғадай жапыратын жайсыз мезгілдің биылғы қарқыны қалай болары бір Құдайға аян. Әйтсе де күн райын болжаушылар биылғы қыс жайында жайсыз хабар айтып отырған жоқ. Әлден қарашаның бірде жылы, бірде салқын құбылмалы күн райы қыр астында тұрған қыстың мінезін ептеп сезіндіретіндей. Осыған сай үйіміздегі жылу жүйесі мен қысқы отынымыз қаһарлы қысқа сақадай сай ма?

Кентке көгілдір отын келгелі от жағып, қара күйе болып, көмір түсіру секілді жұмыстардан біршама қолымыз босағаны рас. Көшеде жаяу жүріп айналаға көз салсаңыз бұрынғыдай мұржалардан будақтаған қара түтіннің қарасы азайды. Әр үйдің кіреберісінде газ пеші лаулап, үйдің жылуын келтіруде. Бұл да еліміздің заман көшіне ілесіп, экологияға тигізген пайдамыздың бірі болмақ. Десе де жылу маусымындағы қауіпсіздік пен сақтық шарасы қалай?
Көршіге немесе жақынымыздың үйіне бара қалсақ «газ кіргізіп берекеміз кіріп қалды» деген қуанышын естіп жатамыз. Үйден күл шығарып, қара суықта дірдектеп сырттан отын тасығанды кім де болсын қаламайды. Ал енді үйге көгілдір отын кіргенде оның қауіпсіздік шарасын тағы ысырып, бей-жай қараудамыз. Мамандардың көрсетіп кеткен нұсқауын орындамай өзім білемнің ығына жығылып жатырмыз. Сөзімізге дәлел болсын. Өткенде газеттің жұмысымен бір кейіпкердің үйіне бардық. Ауызғы бөлмеге қойылған газ пешіне көзіміз түсті. Әдетте өзіңе жасалған бар жағдай өзгеде де болсын деген ниетпен жаның ашитын кездер де болады. Сондағысы пешке қосымша ретінде жалғанатын сақтандырғыш дабыл қаққышы тоққа қосылмапты. Үй қожайыны ұмытып кеткен бе деген оймен есіне бір салдық. Әлгі кісінің айтқаны «Тамақ пісіретін газ пешіне жақын орналасқан соң иіске іске қосылып газ жолын жауып тастай береді, сосын ажыратып тастадым» деді еш қымсынбай. Қазір кейбір газ пештердің даладағы қатты желге сөніп қалып жатқанын естіп жүрміз. Абайсызда сондай жағдай орын алса, кінәні кімнен іздейміз? Онсызда осындай салғырттықтың кесірінен қаншама адам иіске уланып, ажал құшып жатыр. Осы мәселенің мән-жайын білмекке аудандағы «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесіне бас сұғып, маманымен тілдестік.
– Қазіргі таңда кенттегі 2985 тұрғын үй көгілдір отынның игілігін көруде. Бұл дегеніміз 80% газбен қамтамасыз етілгенін көрсетіп отыр. Ал дүкендердің 95-і газ пайдаланса, әлеуметтік нысан бойынша биыл No30 мектеп, аудандық аурухана және емхана көгілдір отынға қосылды. Күннің суытуына орай қысқа дайындық жүргізіліп жатыр. Мамандарымыздың үйге газ орнату барысында ескертулер мен қауіпсіздікті түсіндірудің кемі жоқ. Кей үйлер дабылқаққышты шиқылдап мазаны алады деп ажыратып тастап жатыр. Қауіпсіздік шарасы бойынша аудандағы төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесіп айына 3 рет үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, парақшалар тараттық. Пеш булығының болуын, ашық тоқ көзінің болмауы, газ пешін рұқсатсыз орнынан көшіруге болмайтынын ескертудеміз. Егер қандай да бір жағдай орын алса 24 сағат жұмыс істейтін «109» нөмірлі байланыс телефонымыз қызмет көрсетеді. Егер пешке газ келмесе немесе иіс пайда болса дереу мамандарымыз барып, алдын алады. Кей қоңыраулар болады «пешті жаға алмай жатырмыз» деген. Ол біздің міндетке кірмейді. Ондай кезде тұрғындар жеке техникалық қызмет көрсететін мекемелермен келісім-шартқа отыру керегін айтқым келеді. Олар сол кезде пешіңізді қарап, ішін тазалап тексеріп береді, – дейді мекеме басшысы Ержан Мұсаев.
Бір кездері дамыған елдердің тұрмыс-тіршілігіне қызыға қарап, армандағанымыз рас. Арманның бәрі орындалмаса да ел болып көгілдір отынның игілігін көрудеміз. Қаһарлы қыста ұядай панаңыздың жылы болғанынан артық қандай бақыт бар дейсіз. Дегенмен де қауіпсіздікке бекем болып, сақтық шарасын да естен шығармағаныңыз абзал.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
15 қараша 2022 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930