Альфонстардан қалай арыламыз?
qarmaqshy-tany.kz Батыс елдерінде әйел адамның қалтасына күн көретін жігіттерді «альфонс» деп атайды. Біздің елде де белін ауыртып ақша тапқысы келмейтін, алайда жайлы өмір сүруді жаны сүйетін еркектер көбейіп барады. Қоғам арасында «альфонс» атанған мұндай сері-сымақтар қыз-келіншектің жүрегіне жол таба отырып, құрғақ уәдемен құрығына түсіріп, қалтасына қармақ салып күн көруді көздейді.
Жарының ауқатты ортадан шыққанын қалап есеппен үйленетін жігіттер жетерлік. Әйелдің қалтасына күн көретін жігіттер оның қолда бар қазынасын қағып түсіргісі келеді. Несін жасырамыз? Тепсе темір үзетін ер азаматтардың мұндай іспен айналысқаны оғаш көрініп, құлаққа да түрпідей тиеді. Бір өкініштісі, бұл істі кәсіпке айналдырып жүрген небір әккі адамдар бар. Әйтсе де адамдық қасиетті жиып қойып, абыройдан ада болып жүрген жігіттерді көріп іштей қынжыласыз. Қаны таза, текті қазақ жігіттерге тән емес әрекетті үйреншікті кәсіпке айналдырғаны қалай?
Біздің танымда еркек отбасының арқасүйер азаматы, қорғанышы емес пе еді? Қазақ қоғамында о бастан ерлер жолын биік қойды. Отбасында да билік жүргізіп, шешуші сөз айтатын да отағасы. «Әкең не дейді?», «Әкеңнен сұра», «Әкең келіп қалар» деген сөздерді естіп өскен ұрпақ болған соң «қазіргі ерлердің айбыны мен беделі қайда кетті?» деп алаңдайсың. Арын ақшаға сатып жүрген ер азаматтардың әңгімесі тіптен бөлек. Айтуға ауыз бармайды. Бұл біздің табиғатымызға, тәрбиемізге жат нәрсе еді ғой...
Альфонс жігіттер ағашқыда өзін сері көрсетіп, қалталы қыздардың сеніміне кіреді. Оған қамқорсып, жылы-жылы сөздер айтып, қайда барса қасынан қалмай, өмірінде жоқ ер адамның рөлін тамаша ойнайды. Сөзімен ісін қабыстырған кейіпте қыздың жағдайын жасауға барын салады. Ал енді уысыма түсті дегенде жоспарлы әрекетіне көшеді. Көбінде солбір «сценарий». Сенімге кіріп, сазға отырғызу. Жігіт қызбен танысып, сенімге кірген соң оның қазынасының қайда жатқанын «беске» біледі. Депозитінде болмаса тағы басқа жақта ірі көлемдегі ақшасын алып кетіп тақырға отырғызып, ізім-ғайым жоғалып кететіні тағы бар.
Байлықты бәрі армандайды, қалайды. Дегенмен оған оңай жолмен жеткісі келеді. Бәлки жеңіл жетуге де болады. Бірақ қандай жолмен екені маңызды. Шын ниет пе? Әлде ала жіпті аттап арамдық жасау ма? Ақшаға құмартқан альфонстардан қалай арыламыз? Намыссыз, ақша десе жанын беретін еркектерге болашақты қалай сеніп табыстауға болады?
Иә, қазақтың қаншама қара көз қыздары осындай жауапкершілігі жоқ, жалқау жігіттерге алдануда. Осылайша талай арудың тағдыры тұйыққа тіреліп, адасып жатыр.
Қазір әлеуметтік желіні қолданбайтын адам кемде-кем. Интернет жақсының да, жаманның да отыратын мекеніне айналды. Түрлі алаяқ та, альфонс та осы жақтан табылады.
– Біз әлеуметтік желі арқылы таныстық. Өзінің байсалдылығымен мені бірден баурап алды. Ұзақ уақыт хат жазысып жүрдік. Кейін кездесіп, жолықтық. Алғашқыда тұрақты жүргізіп жүрген кәсібі барын айтты. Әр кездесу сайын қалаған дүниемді алып беріп, бар жағдайды жасады. Уақыт өте келе, кәсібінің тоқтап қалғанын айтып, қаражат керек деді. Бұл мәселені ақшамен шешіп, жағдайдан тез шығамын деп сендірді. Оған несиеге 2 миллион теңге алдым. Артық ойым болған жоқ. Алдайды деп те күтпедім. Өзім барлығын төлеймін деп ақшаны алған соң із-түссіз жоғалды. Қазір несиемді төлеу үшін қосымша жұмыс істеп жүрмін, – дейді альфонсқа алданып қалған ару.
Ақшасы көп, қызметі жоғары, баспанасы бар қалыңдық «аулайтын» жігіттер дің қоғамда көбейіп тұрғаны өкінішті. «Қыздың аңқауынан сақта, ұлдың жалқауынан сақта» дегендей, адал еңбек пен маңдай термен, таппаған дүниенің ақыры болмайтыны белгілі ғой. Бұл дүниеде әрбір жасаған істің өтемі болады. Мұны естен шығармаған абзал. Жасаған жақсылығың да, жамандығың да айналып кеп өзіңді табады.
Жоғарыда тәнін саудаға салатын жезөкше жігіттердің барын айттық. Жеңіл жүрісті жігіттердің әрекеті, соңында жақсылыққа апармайды. Ұрғашы түгіл еркегі жезөкше елден не қадір? Өз тәнін саудаға салып отырған еркектің болашағы қалай болады? Бұл мәселеге көз жұма беретін болсақ, ұлттық қуатымыздан не қалмақ? Азайып бара жатқан адами құндылықтарды қайтеміз? Бір кем дүние – зор кем дүние.
Ақнұр САҒЫНТАЙ