Ана бақыты
qarmaqshy-tany.kz Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімді бола білу де отбасында зор маңызға ие. Әке мен ананың алдына қоятын басты талап-тілегі ол – өңірінен тараған ұрпағының әдепті де тәрбиелі болып өсуі.
Осы ретте елімізде президент, облыс, аудан әкімдігі жанынан әйелдер, аналар кеңестері құрылып, ана мен баланың денсаулығына, олардың әлеуметтік қамсыздануына көп көңіл бөлінуде. Орталықтар бой көтеріп, жағдай жасалуда. Оның ішінде көпбалалы аналарға деген қолдау-көмектер мемлекет тарапынан жүйеленіп, түрлі іс-шара іске асырылып жатқанын айта кету керек.
Ауданның тумасы, 10 баланы өмірге әкелген Батыр ана, асыл әже Нағима Өмірбаева Байқоңыр қаласында тұрады. Сонда тұрып жатқанымен ол саналы өмірін жан-жары Жәкебай Тәңкібаевпен бірге ауданға қарасты Иіркөл және Төребай би ауылында өңірдің мал шаруашылығын өркендетуге еңбектерін сіңірген. Үлгілі ісімен танылып, айналасына сыйлы болған ерлі-зайыптылар қашан көрсеңіз де тыным таппай жүргені.
Анамыздың өмір жолына сәл тоқталып кетер болсақ, ол 1947 жылы Жалағашта туып-өсіп, сол өңірдегі орта мектепті тәмамдаған. 1966 жылы қармақшылық Жәкебай Тәңкібайұлымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Сол уақытта Байқоңырға қарасты Иіркөл ауылында шопан ата таяғын ұстап, аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне атсалысады. Мұнан соң олар Төребай би ауылына қоныс аударып, бұл елді мекенде отағасы көлік жүргізіп, мал бақса, Нағима апамыз бақытты шаңырақ астында ұл-қыз тәрбиелеп, көпбалалы ана атанады. Ананың мерейі тасып КСРО-ның «Ана даңқы» ордені және «Батыр ана» медалімен марапатталады.
– Отағасы Иіркөл, Төребай би ауылында мал бақты, ал мен ол кісіге көмекші болып еңбек еттім. Жас кезімде мұғалім болуды армандап едім. Бірақ Алланың қалауымен бала тәрбиесімен айналысып, өзімді жолдасыма жақсы жар бола білдім деп есептеймін. Балалық арманыма өзім жете алмасам да, балаларым жетті. Қыздарымның басым бөлігі ұстаз, тәрбиеші болып өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде. Он баланы дүниеге әкелсем, екеуі өмірден озған жайы бар. Қалғаны қоғамнан өз орындарын тауып, адал еңбек етуде. Қазір жасым 83-ке келді. Басты арманым – ұрпағымның, туған халқымның амандығы. Ата-бабалар армандаған тәуелсіздік аспанында бүгінгі ұрпақ бақытты өмір сүріп жатыр. Елдің тыныштығы мен бейбітшіліктен артық бізге не керек. Бұл менің ғана емес, барша көпті көрген көнекөз қарттың тілеуі. Бақыт отбасынан басталады. Мен жастайымнан әке-шешеден жетім қалып, ата-анасыз өмірдің қандай болатынын көріп өскен жанмын. Нағашымның тәрбиесінде болып, солардың ақылын тыңдадым. Өмірге деген құштарлығымның арқасында осындай жақсылыққа қол жеткіздім. Көпбалалы ана деген атаққа ие болдым. Балаларыма да ұрпағын саналы етіп тәрбиелеуге ақыл-кеңесімді беруден жалықпаймын. Әкелері де балаларының бақытты болғанын қалайды. Мен қарттық жаста тұрсам да заман ағымына қарай өмір сүріп келемін, кітапты, тіпті мына көпшілік қолданып жүрген қалта телефонда да, ондағы әлеуметтік желілерде де белсендімін, – дейді Батыр ана.
Ана – баласының табанына кірген шөңгені маңдайыма кірсін деп отыратын жер бетіндегі ерекше мейірім иесі. Бұл тұрғыда да анамыздың айтар ақ тілегі аз емес.
– «Сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек қана өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер өсіп келеді» деп ойшыл- дар айтқандай, қазақ халқы отбасындағы тәрбиені ең бірінші орынға қойған ғой. Ата-ана баласына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдағынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп айтқан аталарымыз. Сондықтан да ұлын ұлтжанды, қызын инабатты етіп тәрбиелеу – әрбір ата-ананың міндеті. Жақсы тәрбиемен сусындаған бала кімнің де болсын мерейі. Ана бақыты деген де бәлки осы болар» дейді ақжарма тілекпен көпбалалы ана Нағима Өмірбаева.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ