Шабан ата немесе қызыл шеңгел хикаясы
qarmaqshy-tany.kz «Аяз би» ертегісі естеріңізде бар ма? «Адамның, құстың өсімдіктің жаманын тауып әкеліңдер» деп хан жұмсаған уәзірлер «өсімдіктің жаманы осы екен» – деп, арандай-арандай тікендері бар, қалың өскен жерінде адам арасынан жол тауып, жүріп өтуі қиын шеңгелді таңдайды. Таңдаса таңдағандай, шеңгел жарықтық сидамданып, кісі бойына жуық талданып өседі де, тұла бойы толы тікен болып, маңына жан жуытпайды. Жайып келе жатқан тоқты-торымыңыз қалың шеңгелдің арасына бір кіріп кетсе, айдап шығам деп әуре болмай-ақ қойыңыз. Не де болса ол жерді айналып өтіп, алдынан күтіп аласыз.
Алайда «Адамның жаманының» айтуымен шеңгел «шөптің жаманы» болмай шығады ғой. Шынында да жақсы қасиеттерін талдай бастасақ, шеңгел жарықтық қыстың күні шаруаның жақсы отыны. Кешке жақын шауып әкелген шеңгелді қатар-қатар жатқызып қойып, ошаққа сиятындай етіп, кетпенмен үшке, ұзындау болса төртке бөліп шабасың. Әрқайсысын құшаққа жақын етіп орамалап ал да жаға бер пешке. Әсіресе піскен етті түсіріп, қамырын салған кездегі салынған қызулы шеңгел әп сәтте қазанды бұрқылдатып қайнатады да, сорпа иісі айнала отырған жақын көршілердің танауын қытықтап, тамсандырып отыратын кездерді айтсайш! Бұл – шегелдің отынды қасиеті.
Малыңызға қора керек болса да бұл шеңгел дайын тұрған құрылыс материалы. Қағылған қадаларға тартылған сымға жағалай қой да, екі жағына ұзындау кесілген Сыр талы бұтақтарын қойып жіберіп, сыммен тартып белдеулеп таста. Тышқан жорғалай алмайтын қора болады да шығады. Бұл – тұрмыс жабдығы бола алатын қасиеті.
Майда мал түрткілегені болмаса көп үйір бола бермейтін шеңгелдің шырайын шығаратын жарықтық түйе ғой. Әр тармағының түбінен бастап жапырағы мен жарып жіберердей өткір тікендерін сабағының ұзына бойынан сыдырып алып ауызындағы күйіске әкеп қойған азығымен араластырып толғай жұтқанда арандай тікендері таңдайына кіріп кету былай тұрсын өңешіне де сызат түсіруге шамасы келмеген қалпы қарынға бір-ақ барып қоныс табады. Бұдан шеңгелдің малға қорек болар тағы бір қасиетін байқауға болады.
Ал енді бар ма? Бақша саламын деген адамның іздеген құнарлы боз топырағы тағы да сол шеңгелдің түбінде. Түбіне сілті жинайтын итсигек, сексеуіл сияқты ащы бұталардың қатарынан емес бұл. Бақшаның жерін ашамын немесе қора соғамын деген кісі әлгіндей қалың шыққан шеңгелді шаба қойса, кетпен мен шеңгелден шыққан шыңылдың өзі басқа еш дыбысқа ұқсамайтын әуезбен айналасын бір әдемі әуенге бөлейді.
Тек түйенің алдында ғана әлсіздік көрсететін шеңгел деген жарықтықтың тал бойы тарамыстан жаралғандай тұрған тұрысында үзіліп кетер бір де бір осал жері жоқ. Өз осалдығын қарулы қолдағы түскір кетпен мен өткір балта алдында ғана мойындайтын, жерге тіке кеткен тамырының өзі бір аршынға жуық осынау бұталы өсімдік Қуаң жерінде мол өседі.
Жау қарасы көрінсе ат үстінен табылып, жайшылықта азын-аулақ малы мен бақша егуді кәсіп қылған Шабан атамыз өзінің жүректілігімен де, білектілігімен де ауыл-аймағына қорған болған батырлардың бірі екен заманында. Көшпелі елдің ұланы болғанмен өзінің қыс қыстауы, орнықты мекені бар ауыл ағасы «Атаңнан мал қалғанша – тал қалсын!» деген тәмсілді жақсы ұстанған болуы керек, ұрпағына «Шабан ағашы» деген бау қалдырып кеткен. Ақжар мен Тұрмағамбет ауылының ортасындағы су тоспасының түстік бетінде кешегі күнге дейін тұрған бұл баудың көлемі 2 гектар жерді алып жатқан дейді. Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында жұртты отырықшылыққа үйрету кезінде осы баудың сидам ағаштарын өрлік етіп, үй төбесін жабуға пайдаланыпты. Осы күнгі Ораз ахун қорымының сыртындағы тақырдың батыс бетінде орналасқан «Гүлбөнкіт», «Бержікей» атанған елді мекендерге үйлер салуда пайдаға жаратылған болса керек. Қалғаны кешегі алпысыншы жылдардың аяғына дейін тұрып, кейінгі кезде егістіктен берекесіз жырылып кеткен судың астында қалғандықтан қазір тамырына дейін қурап бітті. Дегенмен ол маңның «Шабан ағашы» деген атауы қалды.
Ат жарыстырып, палуан күрестірген сол заманда күрескенін жыға берді ме екен, Шабан атамыздың батырлығымен қоса палуан атағы да біраз жерге жайылып кеткен болса керек.
Бір күні Тамды жағынан бір өзбек палуаны Шабан ауылына атбасын тірепті. Жетегінде алтын ерлі арғымағы бар алып денелі жолаушы аттан түспестен «сөйлес» қылып, Шабан атаны сұрайды ғой.
Атамыз бұл кезде ауыл жанындағы қалың шеңгелдің ортасында көктемгі бақшаның жерін ашып, сыртта жүрсе керек. Сілтеуменен іздеп келіп, сырттай бақыласа, қолына қой терісінен илеп тіккен қолғабы бар, қызыл шеңгелді біртіндеп түп тамырымен суырып отырған адамды көреді. Дене тұрқы жағынан өзімен шамалас кісінің әр ісін аңғарып қараса, тамырымен қоса тартылған шеңгелің боз топырағын сілкіп, аяғымен жайып жібереді де келесісіне кіріседі. Суырылған шеңгелдің, түбін тегістеп, бір бөлек жинап қойған. Үй орнындай жер кетпен басыдан да тереңірек босап ашылып қалыпты. Бұндай жерді кетпендеп не керек, суыңды жеткіз де дәніңді тастай бер.
Келгенін білдірмеген жолаушы былайырақ шығып бір қалың шеңгелдің ортасына түседі де ер басындағы брезенттен тіккен ат дорбасын қолына киіп шеңгелдің бір түбін суырмақ болып тартқылайды ғой. Шеңгел мызғитын емес. Тағы бірін тартып көреді. Ештеме шықпайды. ... тағы бірін..., тағы бірін...
Болмайды екен! Жіп-жіңішке болып алып неткен мықты өсімдік еді?! Тамырынан тартылмақ түгелі сабағынан үзілетін түрі жоқ. Жо-о-оқ! Осал адам болмады!
Атына қайта мініп, жетектегі атымен жаңа келген адамдай атамыздың тұсына келіп:
– Ассалаума ағаләйкум! – деп сәлем береді.
Басын көтеріп сәлемін алған атамыз:
– Уа, қай баласың? Түріңе қарасам бұл маңның адамына ұқсамайсың. Алыстан ат терлетіп, түн қатып келе жатқан түрің бар. Жолаушы болсаң аттан түс. Мына жерде ауыл бар. Ат байлап демала бер, қазір мен де барамын, – дейді қонақжайлылық танытып.
– Жоқ, Шабан ака, менің жұмысым өзіңізде. Келген шаруамды айтайын. Мен сонау Қызылқұмның арғы бетінен, Тамды жерінен келіп тұрмын. «Пәлен жерде Шабан деген палуан бар» деген әңгімемен аулыңызды іздеп таптым. Жерімде жауырыным жерге тимеген белгілі палуанмын. Өзіңізбен күресіп, жықсам ат мініп, кәделі шапанымды киіп кетейін, жығылсам мына жетегімдегі атымды сыйға беріп кетейін, – деп келе жатқан бетім. Ауылды да көрдім, сіздің жасап жатқан жұмысыңызды да, әбжіл қимылыңызды да байқап, қайратыңызға тәнті болдым. Мынау алтындатқан ерімен әсем жабдықталған тұлпар сіздікі! Тартуымды құп алыңыз, – деп атынан түсіп, жетектегі атын көлденең тартты келген жолаушы.
– Ау, бұл қалай?! Арнайы келген жұмысың сол болса, күреспейміз бе? Өзің айтқандай, жықсаң менің де арнайы сыйымды аларсың. Әділ күрес жасап, білек күшін безбенге салысқанымыз дұрыс емес пе?!
– Жоқ ака! Мен сізбен күрестім. Біздің елде өспейтін мына сыйдиған өсімдігіңізді анау қалың ортасына барып, оңаша жерде тартқылап-тартқылап ештеме шығара алмаған соң өзіңізді мойындап отырмын. Ауылыңызда бірер күн қонақ болып, осы арадан елге қайтамын.
Алыстан келген қонағын құдайындай күтіп, ат-шапан сыйлығымен шығарып салған Шабан атамыздан Әбдіраман, одан Жалғасбай, Сары деген кісілер туады. Бүгінгі күні жасы тоқсанға жақындаса да тұғырынан түспей «Шабан ата» шаруа қожалығында бірсыпыра жастарды жұмыспен қамтып, халыққа сапалы бақша өнімдерін ұсынып отырған Жақсылық Жалғасбаев ағамыз осы кісінің тікелей ұрпағы.
Жақында «Тұрым төртқұлағы» деп аталған тарихи орында жатқан ата-бабасына Құран бағыштап, қалың бұта басып кеткен бейіт аумағын тазартып, қоршау жүргізіп жатқандарға басшылық жасап жүрген жүрісі ширақ, іске мығым ағаны көріп, әкем айтқан осы әңгіме есіме түсіп кеткені!
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ