» » ШӨП ҚАДІРІН БІЛДІК ПЕ ҚАСИЕТІН САРАЛАП?

ШӨП ҚАДІРІН БІЛДІК ПЕ ҚАСИЕТІН САРАЛАП?

Көктем мезгілі. Қорқыт кешенін бетке алып келеміз. Жол жиегіндегі сарғалдақ алқабы жаныңды әсем күйге бөлейді. Көлік жүргізушісі тежегішін басып: «Балаларыма сарғалдақ теріп алайын, мәз болсын», – деп «Экарус» автобусының қасына кеп жайғасты. Автобустан түскен жолаушылар жапа-тармағай даланың ғажабын теруге қызу кірісіпті. Бір-бірінен қалысар емес. Уыстап жұлып, сарғалдақтың қалың жеріне қол салады-ай кеп. Қазекемнің әдеті бар емес пе? Қанағат етуді білмейтін кейде. Сол әдет мұнда да ап-анық көрініп тұр. Қолына сыймағаны аяқ астына шашылып, рәсуа болуда. Біреуі – ірісін іріктеп жатса, біреуі – сабағы қысқасын лақтырып жіберуде. «Қайран, сарғалдақ! Тұқым шашпай жатып, қыршыны қиылған. Келесі жылға сиреп қалатын болды», – деді жанымыздағы қарт қамығып.
Адам ертеден-ақ өсімдікті өз пайдасына жаратқан. Оның барлығын бір мақалаға жүк ету мүмкін емес. Одан да Сыр өңіріндегі өсімдіктер әлеміне саяхат жасап, табиғаты бай өлкенің емдік шөбімен танысайық. Бүгінде аймақта 800-ден аса өсімдіктің түрі өседі екен. Солардың бірқатарына тоқталсақ. Жол үстінде немесе жиегінде өсетін бақ-бақты бәрі біледі. Халқымыз оны емге пайдаланған. Бақ-бақты қыркүйек, қазан айында теріп алып, күн көзі түспейтін жерге кептіреді. Өзегінен аққан сөлді Орта Азия халқы сүйел кетіруге қолданса, гректер мен римдіктер тері ауруларына жақпа май ретінде жаққан. Тұнбасы тәбет ашуға, астың қорытылуына ем. Бақ-бақтың жапырағынан алынатын сөл – қан аздығына таптырмас шипа. Тоғайға қарай жылжысақ, шөптесін өсімдіктер мен тікенекті шеңгел өсіп тұрады. Шеңгелдің қоңыраулы дәнінен емдік сусын жасалады. Халық медицинасы тәжірибесінде бұрыннан бар. Тоғайлы орманда тал, жиде, шеңгел, қаратал көп кездессе, Сырдария өзенінің бойы қамыс-қоғаға толы. Мал жайылымдық жерлерде жусан, баялыш, бұта қазақ даласына көрік берсе, беде мен жоңышқа да мал азығы үшін өте керекті көп жылдық өсімдіктер. Олар топырақтың құнарын арттырып, егіс алқабын жақсарту үшін егіледі. Жоңышқа Азияда, Еуропада, тіпті Африкада өсіріледі. Оның жер шарында 100-ден аса түрі кездеседі екен. Жоңышқаны ұлтымыз «азот қоймасы» деп те атайды. Келесі бір дәрілік өсімдік – жалбыз. Хош иісті жалбыз солтүстік ендікте көп тараған. Елімізде оның дала жалбызы, су жалбызы, бұйра жалбыз, азия жалбызы, бұрыш жалбыз сынды 9 түрі өседі. Оның сабын иісін шығару, эфир майын алу және дәрілік үшін маңызы зор. Римдіктер күні бүгінге дейін қонақ шақырғанда үйдің еденін, қабырғасын жалбызбен жуып, тазалайды-мыс. Хош иіс келген кісінің көңілін көтеріп, жақсы атмосфера сыйлайды екен. Жалбыздан алынатын эфир майынан ментол өндіріледі. Ал, ол парфюмерия, косметика, кондитер, тамақ өнеркәсібінде, тіс пастасына кеңінен қолданылады. Жүрек-қан тамыры аурында да оның өзіндік орны бар. «Жалбызымның жоғынан, жалғызымнан айрылдым» деген тәмсіл халқымызда ертеден айтылады. Осыдан-ақ емдік шөптің қасиетін білуге болар. Женшеньмен бірдей бағаланатын шөп бұл – қызылмия. Оны дария жағасынан, тоғайдан, бақшадан көруге болады. Медицинада асқазан ауырғанда, ішек жарасында, өңешке суық тигенде, бауыр ауырғанда пайдаланылады. Сондай-ақ, суық тигенде, тыныс мүшелері, құлақ ауруында мия тамырын, долана немесе жалбыз берген. Емдік шөптер науқасты терлетіп, ауруынан айықтырған. Табиғаттың қыр-сырын жақсы түсінген қазақ халқы әр өсімдікке өзінше баға берген. Оның ішінде әсіресе, адыраспанды қасиетті санаған. Қай қазақтың үйінде барсаң да адыраспан ілініп тұрғанын көреміз. Ол тіл-көзден, бәле-жәледен аулақ болуды мансұқ етсе, түтіні – бөлме ішін микроб, инфекциядан тазартады деп сенген. Шөптесін өсімдік маусым, шілде айында гүлдейді. Адыраспанның сабағы мен тамырында 3 пайыз алколоиттер болады. Өңірдің сор топырақты жерінде қаулап шығады. Бір қызығы, адыраспанды үзер кезде дұға оқып алады. Дала кемесі атанған түйенің сүйікті азығы – жантақ жайында айтпау мүмкін емес. «Жантақ деген шөп екен, тікенегі көп екен» демекші, тікенекті өсімдік мал азығына да, адам денсаулығына да шипасы жетерлік. Жантақ шөбінде С дәрумені өте көп. Оның сөкті қабығын қайнатып, шипалы сусын жасайды. Жантақтың ерекшелігі – шөлге төзімді. Қанша ыстық болса да көгеріп, құлпырып өсе береді. Аталарымыз жантақты көргенде жақын жерден су шығады деп болжаған.
Көктем – жыл мезгілінің ерекше уақыты. Көктемде өсімдіктер гүлдеп, бүршік атады. Табиғаттың қайталанбас көркем шағында тұқымын таратуға асығатын өсімдіктер де бар. Тұқымы таралған соң – өзі жоқ болатын өсімдіктер де баршылық. Оған бәйшешекті, қазжуаны, қауашақты, құртқашаш пен өгейшөпті жатқызамыз. Олардың арасында қызғалдақтың орны айрықша. Ол жайында халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Тәңіртаудың қызғалдағының дүниежүзіне даңқы шыққан. Қазір Голландия өсіріп, әлемге таратып, қымбатқа сатып жүрген гүлдің түп атасы, осы біздің Тәңіртаудың «Грейг» аталып кеткен, біздің елдің қызғалдағы», – деген. Қызғалдақтың Отаны – Қазақстан екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеді. Әлемге әйгілі Голландия қызғалдағының түп төркіні Қазақстан деп мақтанышпен айта аламыз. Дала еркесі Түркия жеріне Ұлы Жібек жолы арқылы осында 1000 жыл бұрын тараса, кейін келе Түркиядан Еуропаға жол тартқан. Мәселен, «Қызғалдақтар падишасы» деген атпен белгілі грейг қызғалдағы еліміздегі ең ірі қызғалдақ есептеледі. Голландия қазіргі кезде дүниежүзіне қызғалдақ сұрпының 2 миллиардтан астам пиязшығын шетелге сатып, 22 миллиардқа жуық доллар пайда табуда. Қызғалдақты кей мемлекет «махаббат рәмізі» саналса, Еуропа мен Америкада «тіршілік нышаны», «көктем хабаршысы» ретінде ерекше дәріптеледі. Нидерланд мемлекеті гүлдың жаңа сұрпын шығаруға бейім. Астана бүгінде Қазақстанда гүл өсірушілердің отаны іспетті. Аталған елдің гүл өсірушілері Мәңгілік ел жүрегі саналатын Бас қаланың мерейтойына жаңа гүл сұрпын өндіріп, оған «Астана» атауын беріп, сыйға тартты. «Астана» гүлі – Елорданың гүл қалаға айналуына қызмет етеді.
Шағатын шөп – қалақай жайында естіген боларсыз. Қалақай дегенде «шағады, айналып өт» – деген сөзді жиі естиміз. Оның шағатын себебі, іші құмырсқа қышқылына толы болады. Адамның, не болмаса малдың денесі тиіп кетсе, құмысқа қышқылы қатты ашытады. Алайда, оның шаққаны пайдалы. Халық медицинасы дәстүрінде қан тоқтату, бүйрек, өкпе, қабынуына, қаназдыққа қолданады. Шөп тұнбасының бауыр, бүйректегі тасты түсіруге шипасы мол. Қалақайды бірқатар дәрілердің құрамына қосады. Жем-шөпке қосқанда сиырдың сүттілігі артып, қоңы жақсарады. Қазақ даласында жусанның иісін иіскемеген, жусан көрмеген адам бар ма екен? Жоқ-ау, сірә. Жер шарында оның 500 түрі болса, соның 80-нен астамы қазақ топырағында өседі. Жусанды өзге материктен, солтүстік Африка мен Американың далалық, шөл және шөлейт жерлерінен, тау бөктерінен кездестіресіз. Сыр бойында жусанның дермене түрі көп тараған. Емдік қасиеті өте жоғары. Жусан республиканың шөлейт аймағында, жайылым мен шабындығында, әсіресе Қорқыт стансасы, Жосалы кенті аумағында кең таралған. Тұнбасын көбінесе ас қорыту жұмысын жақсартуға, асқазан шөлі азайғанда ішеді. Суық тиіп қабынғанда, орталық жүйке жүйесін реттеуге жусанның көмегі орасан.
Сөзімізді әрі қарай шөлдің сәні – сексеуіл, шырғанақ, жыңғыл, шеңгел жайында жалғастыра беруге болар еді. Бірақ, біздің айтпағымыз бұл емес. «Қолда бар алтынның – қадірі жоқ» демекші, Алтай мен Атырауға дейінгі аралықты алып жатқан байтағымыздың байлығында шек жоқ. Байлық дейміз-ау, оған ешкімнің таласы болмас. Әйтсе де, қызылмия Қытайдың қалтасында, дерменеміз кім көрінгеннің қоламтасында кетіп жатқаны тұщы етке тұз сепкендей. Қайбір жылы көрші аудан қызылмия тамырын өндіретін зауыт ашыпты дегенде, қалпағымызды айға аттық. Аспандап барып жерге түскенбіз. Артынша, игі тірлік те, ағайынның ақеден көңілі де су сепкендей басылды. Біле білсек, Сыр бойының өзінде ғана 54 шипалы өсімдік түрі өседі. Әзірге оған қызығушылық танытып жатқан адамның қарасы байқалмайды.
ТҮЙІН
«Жат жерде жаның қиналса – ел қадірін білерсің, жұтым суға зар болсаң – көл қадірін білерсің» дейді дана қазақ. Иә, қай нәрсенің де қадірін білгенге не жетсін. Бізге де шөп қадірін білетін кез келген сияқты. Сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
14 шілде 2018 ж. 3 467 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031