Көлік жүргізу мойынға зор жауапкершілік жүктейді
qarmaqshy-tany.kz Әрбір көлік жүргізушісінің басты мақсаты – жолаушының қауіпсіздігін мойнына алып, оны діттеген жеріне жеткізу.
Десе де кейде көлік жүргізушілердің жауапсыздығынан, көлік жүргізу барысында жылдамдығын асыру - және басқа да жол қауіпсіздігін бұзу арқылы жасалатын кемшіліктердің салдарынан көптеген жол апаты болып жатады. Оған дәлел «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінде болып жатқан жол-көлік және түнгі уақытта ірі қара малының жолдан өту кезіндегі болатын қайғылы оқиғалар.
Жақында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың-төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Отырыста Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жыл басынан бері елімізде жол-көлік оқиғалары көптеп орын алып жатқаны жайлы айтты.
Министр есепті кезеңде полиция қызметкерлері 4,5 млн-ға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісінің жолын кескенін, жол қауіпсіздігін бұзу арқылы 17,5-тен астам масаң жүргізуші ұсталғанын, 20 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айрылғанын тілге тиек етті.
Осы ретте Үкімет басшысының тапсырмаларын орындауда жуырда аймақ орталығында өткен отырыста облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Премьер-министрінің тапсырмаларын орындауда аймақ аумағында болып жатқан жол-көлік оқиғаларына байланысты талдаулар жүргізіп, жауапты мекемелерге іс-шараларды қолға алуды жүктеді. Нақтысын айтқанда басқарма басшыларына аймақтағы үлкен жолдарда жиі орын алып жатқан жол-көлік оқиғаларының алдын алу, оған бақылауды күшейтуді міндеттеді. Сонымен қатар көлік инспекциясы қызметкерлеріне жол көлік қозғалысын жіті бақылауды және күшейтуді тапсырып, оған жауапкершілікпен қарауды міндеттеді.
Аймақ басшысы есепті кезеңде Қызылорда өңірінде 247 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін, соның салдарынан 91 адам о дүниелік болғанын және 304 адам түрлі жарақат алып, емделгенін жеткізді. Сонымен қатар осы жылдың 8 айында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында 68 жол-оқиғасы тіркелгенін, оның басым бөлігі Қызылорда – Ақтөбе облыстары аралығындағы ІІ техникалық бағытта болғанын айтты. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасының бірі біздің аудан аумағында тіркеліп, соның салдарынан бірнеше адам қаза болғанын атады.
Міне осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу бойынша тікелей жұмыс атқарып жүрген аудандық полиция бөліміне қарасты Жергілікті полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызметкерлерінің міндеті. Осы ретте полиция капитаны Нариман Рахметов, полиция аға лейтенанты Ардақ Ермішев пен полиция лейтенанты Абылай Мұрсаловтардың Жосалы кентінде жол-көлік оқиғасын болдырмау және оның алдын алуда айтарлықтай қызметі ерекше десек болады.
Осы ретте сала қызметкерлерінен Жосалы кентінде жол-көлік қауіпсіздігін болдырмау және алдын алу мақсатында атқарып жатқан жұмыстарын айтып беруін сұрадық.
– Ауданда, оның ішінде Жосалы кентінде жол-көлік оқиғаларын болдырмау және оның алдын алуда «Абайлаңыз, балалар», «Мотокөлік», «Автобус», «Қауіпсіз жол», сонымен қатар «Жолда қабылдау», «Мал ұрлығы», «Қара сора» және басқа да жедел іс-шаралар, акциялар өткізілді. Оның барысында көлік жүргізушілер, мектеп оқушылары және жаяу жүргіншілер арасында тақырыптық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жол-көлік оқиғасының алдын алуда түсіндірмелер беріліп, жадынамалар таратылды. Десе де сала қызметкерлерінің осындай игі істерінің бастамасына мән бермей, әсіресе жас көлік жүргізушілер арасында түнгі уақытта жол қауіпсіздігін бұзып, адам өміріне қауіп төндіріп жатқандары да кездеседі. Кейде сол жол-көлік қауіпсіздігін сақтамау салдарының соңы қайғылы оқиғаға-ұласып жататын кездер де болады. Кентіміздің екінші бөлігіне - өту кезінде теміржол өткелінде де ережеге бағынбайтындар болады. Оларға әрине біздер тарапынан түсіндірмелер жүргізіп, тіпті кейде әкімшілік шара қолданылып та жатады, – дейді олар.
Адамзат баласы үшін ең қымбаты – адам өмірі. Кейде біз өз денсаулығымызға бей-жай қарап, артынан өкініп жатамыз. Әрине, сондай бей-жайлықтың бірі – жол қауіпсіздігін сақтамау. Оның ішінде көлік жүргізуде қауіпсіздікті сақтамай, асығыстық ету және мас болып көлік жүргізу. Осының бәрі адам өміріне кері әсерін тигізеді. Тіпті өлімге алып келеді. Ардақты-ағайын асығыстық, жауапсыздық сіздің өміріңізге нұқсан келтіреді. Мұны жадымызда сақтайық!
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ