Қаржылық қолдаумен кәсібін тіктеген
Уақыттың талап-тілегі кәсіп ашу. Кәсіппен көгеріп-көктеу. Өрісті кеңейту – көкжиегіңе сәулесін түсіріп, бой тіктеуіңе септігін тигізеді. Қоғамда орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту ел экономикасына оң ықпал етумен қатар, жұмыссыздық мәселесінің де шешімін табуға әсер етеді. Сонау 90-жылдары құлдыраған экономикамыз бүгінде аяғынан қаз тұрып, белгілі бір жүйеге түскен. Оған басты себеп – еліміздегі орта және шағын кәсіпкерліктің нығая түсуі деп айтуымызға толық болады. Жыл санап түрлі кәсіп пен қызмет түрлері ашылып болмаса қызметін жаңадан бастағандар немесе кәсіпкерлікті сәтті жалғастырып жатқан туған жеріміздің елжанды азаматтары мен азаматшаларының да қатары қалыңдап, көбейіп келеді.
Осыдан жиырма бес жыл бұрын нәпақа табу мақсатында кәсіп бастаған Жосалы кентінің тұрғыны Жаңагүл Әбуова әпкеміз бүгінде кәсібінен береке тауып қана қоймай, туған өңірінің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып келе жатқан ардақтымыз. Тиыннан теңге құралатынын еске алсақ, әрбір тапқан қаражатын орнымен жұмсап, кәсібін кеңейткен апамыздың бұл саладағы жолы оп-оңай болды деп айта алмаймыз. Әрбір істің қиындығы мен қуанышы болатыны секілді кейіпкеріміздің де ыстықты-суықты күндерді басынан өткізгені сөзсіз. Бірақ алған бетінен қайтпай, бастаған кәсібінен нәтиже шығару мықтылардың ғана қолынан келетін шаруа десек жалғандық болмас. Сол айтқандай алдынан кездескен кедергілерді еңсеріп, батылдығымен, өжеттігімен бүгінгідей жетістікке жетіп отырған Жаңагүл Шәкманқызы айналасына үлгі-өнеге. Жас кәсіпкерлерге жол көрсете алатын тәлімгер дәрежесіне жеткен маман. Әуеліде талқан сатып бастаған ол бірте-бірте алға үлкен армандар қойып, халықты жеміс-жидек, көкөніспен қамтамасыз етуді жоспарлап осылай қарай ауысады. Өйткені күнделікті ас-ауқат пен тағамға керекті өнімдер қашан да сұранысқа ие тауар екеніне талас жоқ.
– Кәсіп істеу оңай деп айта алмаймын. Алдымен төзім керек. Төзсең, бейнетіне шыдасаң ғана жұмысыңнан бір нәтиже шығара аласың. Сосын қаржы жағы қолбайлау болмауы керек. Қазір кәсіп ашқысы келетіндердің жақсы идеясы болғанымен қаржылық жағынан қиналып жатады. Қаржының көзін таба алмайды. Сөйтіп кәсіпке деген ынтасы басылып, кері шегіншектейді. Қаншама армандар осындай кедергілердің әсерінен орындалмай қалып жатыр десем артық айтқаным емес. Маған бұл ретте Жосалы кентінде орналасқан КМФ микроқаржылық ұйымы көмекке келді. Оның бірнеше бағдарламасы бар екен. Соның ішінде мен "Достар" деген арнайы бағдарламасын пайдаланып, тұтынып келемін. Несие ұйымының көмегіне жүгінгеніме де міне биыл жетінші жылға өтіпті.
Оған дейін білмейді екенмін. Бірге сауда жасайтын қасымдағы жас қыздар осы қаржы ұйымынан ақша керек кезде несие алып жүрді, басында мән бермеппін. Кейін келе соларға қарап мен де қажетіме сәйкес ұйымның тұрақты тұтынушысына айналдым. Одан дамымасам, жаман болмадым. Кейбір замандасыма айтайын дегенім, KMФ-тің пайдасы өте көп. Пайыздық мөлшерлемесі тиімді және ақша жылдам түседі. Ұйым қызметкерлерінің тұтынушыға көрсететін қызметі жылдам әрі сапалы, маған сонысы да қатты ұнайды. Бір жақсысы – шұбатылған тізімдегі құжаттар талап етілмейді. Жеке куәлік пен кәсіпкерлікті растайтын құжатың болса болғаны. Қазір тіпті жеке куәлікпен ғана барып жүрмін. Телефон арқылы менеджерлерге хабарласып, несие алатынымды айтамын. Дайын болғанда өздері шақырып алады. Жалпы KMФ қызметкерлерінің тиянақты жұмысына тұтынушы ретінде өте ризамын, – дейді қазіргі кезде кәсібін ұршықша иіріп отырған жерлесіміз Жаңагүл Әбуова.
Ол сондай-ақ ұйым қызметінің ашықтығы мен тазалығына, кепілге ешбір зат немесе мүлік қоймай-ақ несие рәсімдей алатынын қуана жеткізді.
– Өз басым басқа бірде-бір банктен немесе қаржылық ұйымдардан ақша алып көрмеппін. Тек қана КМФ-тің тұтынушысымын. Оның барлық талабы көңілімнен шығады. Себебі мұнда кәсіппен айналысушыларға арналған бағдарламамен төмен пайызда несие алу қолжетімді әрі жылдам қызмет көрсетіледі, – дейді микроқаржылық ұйымның тұрақты тұтынушысы ризашылық сезіммен.
Сәрсенкүл АҚКІСІ