Адалдықтың ақ туы
Уақыт – адам баласы жүріп өткен жол. Бұл жолда қандай бір кісі болмасын өзіндік із қалдырады. Қарап отырып, өткеніңе көз салып, зерделеп қарағанда онда талай сыйлас інілердің аты менмұндалап шақырып, қамшының сабындай қысқа кезеңдегі олардың алуан-алуан мінезін, талай-талай тағдырын, тарау-тарау жолдарын, қаншама беті ашылмаған қайсарлықтары мен адами болмыстарын есіңе түсіріп бір марқайып қалатының жасырын емес. «Ердің атын елі шығарады, елдің атын ері шығарады» деген аталы сөз бар. Осы сөзге жүгінер болсақ, өзім ерекше ілтипатпен сыйлайтын ағалы-інілік қатынаста болған Сыр өңірінің, қала берді ауданның ішкі істер саласында өзіндік салмағы бар, осы саланың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Оспанов Алмас Ибашұлы ініме лайықты бағасын беру арамызда болмаса да аға-іні болып сыйласқан өзіме үлкен сын деп қабылдап, қолыма қаламсап алдым.
Қаншама уақыт өткенімен есімі ел-халық, дос-жарандар мен ағайын-жекжаттың, туған-туысқаны мен артында қалған адал жары, ұрпақтарының жадында жаңғырып, атқарған ісі, қалдырған ізі ұрпағына ұлағат болған Алмас інімнің азаматтық өнегесі өшпек емес. Қашанда қарапайым қалпынан айнымаған, аузын ашса ар жағынан жүрегі көрінетін, бойынан имандылықтың нұрын шашып, кісілік пен кішіліктің таза болмысын көргенімде сәт сайын қуанып, марқайып отыратынымды да жасыра алмаймын. Дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеген дейсіз. Алайда шапағат-шуағын шашып, жан жадыратар жақсы істер жасап, көп көңілінде қалған азаматтардың болғанын кейінгі ұрпақ ұмытпауы қажет. Әр азаматты әркім әрқилы түсінеді, әр азаматтың өмірі өзінше бір тарих. Алмастың көңілі дарқан, қолы ашық, алдындағы аға-інілеріне жүрегінің төрінен орын беріп, бірдей қарайтыны – оның басты кредосы болатын.
Менің Алмас інімді жақын әрі тереңдеу танып білуім өзім мұнан елу жыл бұрын бірге қызметтес болған, талай ағалық ақылын, қамқорлығын көрген, сол уақыттарда арамызда ағалы-інілік жарасым тапқан Ұлы Отан соғысының ардагері, он жыл сапта болған қадірменді жауынгер екі тілде бірдей сөйлеп, жаза білетін сауатты да салауатты, сыйлы ағамыз Оспанов Ибаш Орынбайұлы еді. Ол сабырлы, қолы таза, мінезі салмақты, жалған айтуды жаны қаламайтын кісі еді. Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Алдыңғы арба дөңгелегі қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді» дейтін даналық бар. Бұл тұжырымнан кез келген ұрпақ үшін әйел-ананың үлкен екені айтылса мен осы киелі шаңырақтың келіні атанып, барлық әңгіменің арқауы болып отырған Алмас інімнің адал жары Салтанат келінімнің өзі жарының туған жерінен алысырақ тұрғанымен жолдасына деген адал көңілі, оның ұрпағына деген шын ықыласын сезе, біле отырып, өзімнің, елінің, халқының, ағайын-туысының шын жүрегінен шыққан алғысын жеткізгенді жөн деп есептеймін. Салтанат келінім Алмастың адами болмысын тереңірек танып, адал жары ретінде артында қалған ұрпақтарының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ауызбірлік танытып егемен еліміздің кез келген жерінде әке аманатына адалдық танытып, жарық әлемнің қақпасын ашып, өмірге алғаш қадам басқан уақытта әуелі қуанатын, жүрегі жарыла айналасынан алғаш сүйінші сұрайтын әке екенін ұрпақтарына мойындата отырып маған сонау Оралдан қоңырау шалып, «Алмас ініңізді сіз біркісідей білесіз, естелік жазыңыз, аға» деп айтқан өтініші қолыма қалам алғызды.
Жақсылыққа қуанып, әр баласының басқан қадамына тілекші болып отыратын әкенің ішкі әлеміндегі жан толқынысын қанша қолыңа қалам алып дәріптеп жазсаң да сөзбен жеткізіп тауыса алмайсың. Үміт еткен көзінің нұры болған балалары қатарынан, замандасынан басы артық, бәсі биік болса әке қалай үмітшіл болмасын. Әке үмітін сезінген, қадір-қасиетін түсіне білген, жан-тәнімен әке үміті жолында адал еңбек жасап, аманатына адалдықпен қараған біз, бүкіл ел, халық, ағайын-жұрт білетін 1981 жылы туған Салтанатты, 1982 жылы туған Темірланды, 1984 жылы өмірге келген Русланды, 1986 жылы туған Ләззатты, 1990 жылы туған Гүлденді, 1998 жылы туған Бөкейханды, ал 1998 жылы өмір есігін аттаған Мадиярды, 2007 жылы өмірге келген кенжесі Томиристі – Алмас інімнің текті ұрпағы деп білеміз. Атамыз қазақ осындай үлгілі ұрпақты көргенде «Ой, несін айтасыз, олардың тегі мықты ғой» деп те жатады. Оспановтар әулеті шындығында да текті әулет. Жалпы тегі жақсыдан жаман бала тумайтынын қазағымыз анық білген ғой. «Жер басқанға мәз болма, жерде ізің қалмаса» деген сөз де бекер айтылмаған. Тау қопарып, ерлік жасамасаң да ата-ана, әке аманатына адал, әділ, ең бастысы қарапайым, кішіпейіл, иманды болу да адамдық қасиет. Ондай жүректен ибалы сөз шығады дей келе, осы шағын естелік әңгіменің кейіпкері Алмас інімнің ұл-қыздарының амандығын тілеймін. Қазақта «Тегіне қарай ұл туар» дейтін әдемі сөз бар. Осы естелік мақаламның кейіпкері, Алмас інім 1960 жылы Жосалы кентінде өмірге келген. Осындағы No27 мектепте білім алған. 1976-1978 жылдары тұрмыстық қажетін өтеу комбинатында сағат өңдеу шеберінің көмекшісі болып абыроймен еңбек етсе, 1978 жылы Отан қорғауда Кеңес әскері қатарында қызмет жасайды. 1986 жылы Алматыдағы арнаулы милиция мектебін бітіріп, аудандық ішкі істер бөлімінде кезекші офицерден бастап бөлім басшысының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Ал 1999 жылы ҚР ІІМ зейнеткері болып еңбек демалысына шықты.
Тегінде, текті жігітке өмір жақсы жар сыйлайтын болса керек. Өсетін, өнетін азаматтың абыройын асыру, артында қалған ұрпағының ауызбіршілігін сақтауға белсене араласып, құдай қосқан қосақтары да егіздің сыңарындай сыйлас, үндес болып келеді. Сірә, бұл да тегін болмаса керек. Отағасын баласындай баптап, сағын сындырмай, ел-халықтың алдында абыройын асқақтату – өмірлік жақсы жардың ғана қолынан келетін бақыт. Алмастың адал жары Салтанат Сатаева Сәбитқызы да жолы болған жігітке жолыққан сырлас, сыйластары сыйлайтын жақсылар мен ағайын-туысқаннан Алмастың артында қалған ұрпақтарынан жанын аямайтын, жұдырықтай жүрегіне жылылық ұялаған жан десем артық айта қоймаспыз. Мен білетін інім тағдырдың қатал жазуына бала кезінен мойынсұнбаған. Оған ең әуелі қайраттылығы мен сабырлылығы және өмірге деген құштарлығы күш берген мәрт мінезді, аудандық ішкі істер бөлімінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, ел-халық алдында еш ұмытылмай сақталып қалған өзім үшін ардақты саналатын інілерімнің бірегейі еді, жарықтық. Оның ерен қажыр-қайраты, адамгершілік асыл қасиеттері, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті қандай жанды болса да дос, жолдас санап, өзіне тарта білетінін бір естелік әңгімеге сыйғызу мүмкін емес. Бірде Байқоңыр қаласындағы әскери госпитальда емделіп жатқанымда Алмас та емделуге келіп екеуміз бір бөлмеде жаттық. Көп әңгімелесіп, көп сырластық. Мен сол кездің өзінде-ақ кісілік мінезі, қашан көрсең де қабағы ашық, шындықтың жүзіне тура қарай алатын, көңілі кең, пейілі ақ, асықпай жүреді, шын жүрегімен күледі, жұмысына жан-тәнімен берілген нағыз қылмыскердің алдын кесуші кәсіби азамат ретінде тереңірек білген едім. Жақсының соңында қашан да жақсы әңгіме, салиқалы пікір қалады. Тура жолдан таймаған, ел-халыққа, ағайын-жекжатқа шуағы мол ініміз Алмастың жарқын бейнесі ұмытылмақ емес. Ендігі жерде артында қалған жары Салтанат келіннің ініміз көре алмаған ұрпақтарының қызығын көріп, амандықта болуларына шын жүрегімнен тілегімді білдіремін.
Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы