» » Назеркенің несібелі кәсібі

Назеркенің несібелі кәсібі

Ұлы ақын Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демекші, өз кәсібін таңдап, сала бойынша өз орнын табу бүгінгі жастардың жеткен басты мұраты десек артық болмас. Ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен қатар, кей мамандық қолданыстан шығып жатса, енді бірі қажеттіліктен пайда болып жатыр. Осындай қажеттіліктен туындаған кәсіптің бірі – адам денсаулығына пайдасы мол массаж түрлері.
Кентімізде осы кәсіпті қолға алып, көп көңілінен шығып, халықтан алғыс арқалап жүрген жанның бірі – Назерке Қожаберген. Ол Қазалы ауданының тумасы. Оңтүстік Қазақстан медициналық колледжінде мед- бике мамандығын меңгеріп, Қазалыдағы теміржол ауруханасының реанимация бөлімінде үш жыл еңбек етеді. 2016 жылы жосалылық жігітке тұрмысқа шығып, киелі Қармақшы еліне келін болады. Жас кәсіпкер бүгінде екі перзенттің анасы. Декреттік демалыста отырғанына қарамастан білімін жетілдіруді ойлап, өткен жылы Қызылорда қаласындағы Айгүл Шадаеваның «Дем» массаж орталығынан массаждың бірнеше түрін меңгереді. Қазіргі уақытта Назеркенің жеке массаж кабинеті бар.
– Көптеген адамдар жұмыс- сыз екенін айтып, өмірден түңіліп жатады. Бірақ, екі қолға бір күрек табылады ғой. Әрекеті – бізден, ал берекеті – Жаратушыдан екенін естен шығармаған жөн. Бала күтіміндегі ана болса да құр қарап отырмау керек. Түрлі тәттілер, тіл үйірер тағамдар даярлап, оны да кәсіп көзіне айналдыруға болады. Жас кез де бар жұмысты істеп көрген дұрыс. Сонда ғана қартайған шақта бейнеттің зейнетін көреміз. Мен өз бейіміме әрі мамандығыма қатысты болғандықтан массаж жасауды меңгергенді жөн көрдім. Кәсіп бастағаныма 9 ай болды. Осы уақыт аралығында тек елдің ризашылығын алып келемін, – дейді кейіпкеріміз.
Мамандығын жанындай жақсы көретін Назеркеге отбасы жігер беріп, кәсібін бастауға тікелей ықпал еткен көрінеді. «Отбасым мен сүйікті ісім – өмірімнің мәні. Адамға осыдан артық бақыт та керек емес шығар. Баламның кішкентайлығына қарамастан, менің оқуыма, білімімді жетілдіруіме, кәсібімді ілгерілетуіме ата-енем де, жолдасым да қолдау білдірді. Осы кісілердің қолдауының арқасында ойға алған ісімді дамытудамын» дейді ол.
Негізінде массаж бірінші кезекте адамның қан айналымын жақсартады. Бұрын адамдар ертеден кешке дейін қозғалыста болғандықтан, оларға массаждың аса қажеттілігі болған жоқ. Ал қазір қозғалысымыз азайды. Жұмыстың көбін бізден гөрі техника атқарады. Тіпті, қарапайым жаяу жүретіндер де аз. Яғни, қазіргі адамдарға массаж ауадай қажет-ақ. Оны медицина да дәлелдеуде. Өйткені, дәрігерлер көптеген ауруға массаж алуды кеңес қылады.
– Қан айналымының төмендеуі иммунитетті нашарлатып, ағзада түрлі дерттерді тудырады. Қан қысымының көтерілуі, бас ауруы, жүрек-қан тамыр аурулары, остеохондроз, артроз сынды кесел дер көпті мазалайтыны анық. Бұл мәселемен уқалау әдісімен ғана күресуге болады. Оның емдік қасиеті Грек және Рим ғасырларынан белгілі. Күн санап дамып жатқан саланы қолданбайтын адам жоқ. Тіпті, кейбіреулер шарықтап тұрған бағасына қарамастан массажға жазылып жатады. Әрине, бұл уқалаудың қаншалықты пайдалы екенін көрсетеді. Ал, ауырмаймын десеңіз де малдыратын массаждан гөрі батыстың классикалық және Қытайдың нүктелі массажын қосып алуға кеңес етемін. Осы екі массаждың емдік қасиеті бар. Маман ретінде массаждың емдік қасиеті барын алуды ұсынамын. Оны бас, мойынға, арқа мен белге, қол-аяққа, алақан-табанға, бетке де жасауға болады. Бірақ, кей кездері массажды мүлдем қолдануға болмайды. Себебі, денсаулығыңызды одан әрі асқындырып алу қаупі бар. Өткір безгек ауруы, психикалық, қан ауру, туберкулез, іріңді аурулар, өкпе, жүрек аурулары байқалса, уқалауға кеңес бермеймін. Қазіргі таңда емдік, классикалық, нүктелік, периосталдық массаждар өте танымал. Мәселен, адам денесінде 365 нүкте және маңызды 12 сызық бар. Бір ғана нүктелі массаждың өзі қан қысымын реттеп, инсулиннің деңгейін қалыпқа келтіріп, ас қорытуды жақсартып, иммунды жүйені реттейді, – деді жас кәсіпкер Назерке уқалаудың қыр-сырымен тереңінен бөлісіп.
Кәсіпкердің айтуынша, әр істің өзіндік қиындықтары бар. Массаж жасау үшін үлкен ыждаһаттылық пен таусылмас энергия керек. Жас кәсіпкер бұл сала күн санап дамып жатқандықтан, гигиеналық, косметологиялық, нүктелі, емдік, мануалды секілді массаждың өзге де түрлерін жан-жақты меңгергісі келетінін атап өтті. Назеркенің алға қойған мақсаты айқын, жоспары нық.
– Алдағы уақытта оңалту орталығын ашқым келеді. Мақсатым – күреп ақша тауып немесе атымды шығару емес, халыққа қызмет көрсету, кішкене болса да елге пайдамды тигізу. Мәселен таныстарымның арасында ерекше күтімді қажет ететін балалар да бар. Оларды аналары емдік массаж алу үшін өзге қалаларға алып жүреді. Осындай көптің сұранысына ие арнайы кабинеттер қосқым келеді. Қатты науқас кісілерге, көпбалалы аналарға, инсульт алған кісілерге өтініш бойынша үйіне барып та массаж жасаймын. Жағдайға қарай жеңілдіктер де жасап тұрамын. Бастысы – сәбилер мен үлкендердің саулығы мен амандығы. Мен үшін «Сенің массажыңнан кейін жақсы болып қалдым» деген алғыстан артығы жоқ, – дейді Назерке Қожабергенқызы.
Кейіпкеріміз кәсібі туралы таң атқанша жырлауға дайын. Жасап жүрген ісіне қарап-ақ, Назеркенің өз ісін сонша жақсы көретінін білдік. Өз ісінің шебері деген сөз осындай жандарға қарап айтылса керек. Жас болса да алдына айқын мақсаттар қойып, жарқын болашағын қазірден қалауда. Несібесін адал еңбекпен тауып, қатарластарына үлгі болып жүрген Назеркенің жаңа бастамаларына тек сәттілік тілейміз. Өзіме емес, елге қызмет етемін деген ақ ниетті осындай жастардың қатары арта берсе екен.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
27 қыркүйек 2022 ж. 740 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031