» » Бақытын тапқан еңбектен

Бақытын тапқан еңбектен

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойып, жұртының амандығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен, туған топырағымыздың өсіп-өркендеуіне атсалысқан тарихи тұлғаларымыз жетерлік. Олар өздерінің еңбекқорлығымен, адалдығымен, қарапайымдылығымен көзге түсіп, елдің есінде жатталады. Осындай тұлғаның бірі – Ахметжан Жанпейісов.
Ол – халық тағдырында айрықша орны бар, аудан экономикасы мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан іскер азамат, ұтқыр ұйымдастырушы, орнықты басшы. Ахметжан Жанпейісов 1965 жылдан бастап ауданның партия комитетінің Бірінші хатшысы болып 10 жылдай жемісті еңбек еткен. Осы жылдары аудан шаруашылығы, экономикасы мен мәдениеті шұғыл қарқынмен өсіп, республика көлеміндегі танымал аудандардың қатарынан көрінген. Мәселен, сол он жыл ішінде аудандағы күріш өсіру он есеге, ет өндіру төрт есеге өскен. Сонымен қатар, күрделі қаражат игеріліп, тұрғын үй, мектеп, емхана, мәдениет үйі, сауда орындары салынып, жергілікті халықтың тұрмысы жақсарып, білім мен мәдениет саласы дами түскен.
Айналасына сәулесін шашып, қарапайым қалпымен ел есінде қалған атпал азаматтың ұрпақтары бүгінде сан-салада табысты еңбек етіп келеді. Әке даңқын, ата жолын ардақтай білетін олар жақында мерейлі жылға орай кент орталығында әкелерінің есімі берілген білім ордасына үлкен сыймен арнайы келді.
Құрметті қонақтардың келуіне орай №105 мектеп-лицейінде «Бақытын тапқан еңбектен» атты кездесу кеші өтті. А.Жанпейісовтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Шегебай Құндақбаев, ардагер-ұстаз Назым Бүркітбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова және Алматы қаласынан арнайы келген Ахметжан Жанпейісов-
тің ұлы Дінмұхаммед Ахметжанұлы мен немересі Аңсар Халмұратұлы қатысты.
Кездесуді №105 мектеп-лицей директоры Гүлзира Еркебаева ашып, жүргізіп отырды. Іс-шара «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелерінің әдеби монтажынан басталды. Еліне еңбегі сіңген тұлға жайында толғанған оқушылар тыңдаушыға жақсы әсер қалдырды. Мұнан соң Ахметжан Жанпейісовтің өмір жолы туралы бейнеролик-слайд көрсетілді.
Алғашқы болып сөз алған ардагер-ұстаз Назым Бүркітбаева көзін көрген замандас ретінде Ахметжан Жанпейісов туралы ерекше естеліктер айтты. Қарапайымдылығы мен қызметіне деген адалдығы, азаматтығы жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ әке атын жалғап, арнайылап өскен өлкеге атбасын тіреген перзенті мен немересіне аналық алғысын білдірді.
Кездесуде сөз алған Ахметжан Жанпейісовтің ұлы Дінмұхаммед Ахметжанұлы мен немересі Аңсар Халмұратұлы пікірлерін білдіріп, білім беру ұйымына заманауи үлгідегі интерактивті тақтаны оқушылар ойлы болсын деген ниетпен сыйға табыстады. Сондай-ақ А.Жанпейісовтің көзін көрген кісілер сөз сөйлеп, атпал азамат жайында оқушыларға түсінік берді. Аға буын бүгінгі жас буынды сапалы білім алуға және ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге шақырды.
Кездесу соңында 10 сынып оқушысы Төлен Ақтілек ізгі лебізін білдіріп, арнайы келіп қатысқан қонақтарға ризашылығын жеткізді. Бұл кездесу ұрпақтар жалғастығына айқын мысал, әкеге деген құрметтің керемет үлгісі, ұрпақ үлгі алар өнегенің төресі болды. Осындай айтары мол аға-апалармен толыққан берері көп іс-шаралар жалғасын тапса дейміз. Себебі мұндай кездесулер ұлттық қасиеттеріміздің сақталуына, әрі қарай дамуына септігін тигізеді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ,
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
20 қыркүйек 2022 ж. 403 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031