» » Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді

Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойып, жұртының амандығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен, туған топырағымыздың дамуына атсалысқан тарихи тұлғаларымыз қаншама. Олар өздерінің еңбекқорлығымен, адалдығымен, қарапайымдылығымен көзге түсіп, елдің есінде жатталады. Міне осындай тұлғаларымыздың бірі – Тереңөзек ауданының тумасы ­Ахметжан Жанпейісов.
Ахметжан Жанпейісов – халық тағдырында айрықша орны бар, Қармақшы ауданының экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан іскер азамат, ұтқыр ұйымдастырушы, орнықты басшы.
Ол Кеңес дәуірі тұсында өмірге келіп, жастайынан қиын өмірді басынан өткерген. Сонда да елдің арасында жүріп еңбек етіп, ауданымыздың алдыңғы қатарлы болуы үшін бар күш-жігерін аямаған азамат. Бүгінде оның артында қалған ұрпақтары, ұлдары мен қыздары әр саланың тізгінін ұстап, әке салған сара жолды жалғастырып келеді.
Балаларының біразы Алматы қаласының тұрғындары. Ахметжан Жанпейісовтың туғанына 100 жыл толуына орай соғыс ардагері туралы жан-жақты, толыққанды мәлімет алу мақсатында қызы Жаннат Жанпейісовамен хабарласқан болатынбыз. Ол әкесі жайында көптеген естеліктермен бөлісіп, өмір тарихы, еңбек жолы, жасаған елеулі істері туралы сыр шертті. «Әкем Ахметжан – өмірде өте ақкөңіл, бала мінезді, мейірімді кісі болған. Қызметінде талапшыл, ісіне берік, адал адам еді» дейді Жаннат апай. Барлық баласының оқып, жоғары білім алуына ықпал жа­саған Жанпейісов «Балаларым жақсы оқыңдар, білім – өмірлік азықтарың» деп айтып отыратынын еске алды. Сонымен қатар Жанпейісовтың өзге де балалары әкелері жайында толғаныс ойларын білдіріп, сағыныштарын жеткізді. Ж.Жанпейісованың жұбайы Досым Шерментаев ағамыз да соғыс ардагері жайлы өз пікірін айтып, мұра етіп қалдырған құнды сөздерін, естеліктерін еске алды. «Мен Ахметжан атаның бірінші хатшылық қызметтерін көрген адаммын. Ол қызмет жағынан да, материалдық және рухани жағынан да бізге өз көмегін аямаған қамқор адам болатын. Балаларына ақыл-кеңесін айтып, тура жолды көрсетіп отыратын. Бүгінде 100 жасқа толып, ғасырлы ғұмырын ел болып мерейтой ретінде атап өтіп жатыр. Атамызды ұлықтап, ұмытпай, кейінгі ұрпаққа насихаттап жатқан барлық аудан жұртшылығына ризашылығымызды білдіреміз» дейді Досым Шерментаев.
«Дүние қарап тұрсаң шолақ екен, адамзат бұл өмірге қонақ екен» деп Досым аға жалған өмірдің алмасып отыратынын, біздер де кетіп, біздің ұрпақтар келіп, өмірімізді жалғастыратынын айта келе келер ұрпақтар Жанпейісов секілді ауданға аты танымал болған тұлғаларымызды ұмытпаса дейді.
Ахметжан Жанпейісов 8 жасқа толмастан әкеден жетім қалып, жоқшылық пен қиыншылықты қатар көріп өседі. 1930 жылдан бас­тап Қызылорданың жетім балалар үйінде тәрбиеленген. Сөйтіп жүріп 1940 жылы Қызылорданың сол кездегі жұмысшылар факультетін тәмамдайды. Жесір анасының қамын ойлап сол жылдары Жаңақорған ауданының май өндірісі зауытына қызметке ауысуға мәжбүр болады. Ол алғашында есепші болып, алты ай уақыт өткеннен кейін бас есепші болып жұмыс істейді. Ел қатарына енді қосылып, еңбек етіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, 1941 жылы өз еркімен майданға аттанған. Соғыстың алғашқы күндері-ақ атағы елге аян болған 101-атқыштар бригадасында артиллерия дивизионының радиостанциясының бастығы болып қызмет етеді. Ол Мәскеу түбіндегі қанды шайқасқа белсене қатысып, ұлы ерліктер көрсеткен майдангер. Осындай қайтпас қайсар мінезі, ер-жүрек ерліктері ескеріліп 47-Неваль атқыштар дивизиясының артиллерия командирінің жанындағы радио құбырының жетекшісі болып тағайындалады. Кеудесінде «Қызыл Жұлдыз», «За отвагу» және басқа да орден-медальдары жарқыраған жас офицер 1945 жылдың соңына таман елге оралған.
Аман-есен елге оралысымен Сырдария ауданының май өндірісі зауытының директоры болып жұмыс істеп, тиянақты да білгір басшы ретінде көзге түсті. Осындай іскерлігі ескеріле отырып, 1949 жылы аудан бойынша ауылшаруашылығы өкілдерін даярлау министрлігінің өкіметтік уәкілі болып тағайындалады. Өзінің білікті азамат екендігін дәлелдей білген Жанпейісов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық партком хатшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Ал 1965 жылдан бастап Қармақшы ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы болып 10 жылдай жемісті еңбек еткен. Осы жылдар аралығында Қармақшы ауданының шаруашылығы жоғары деңгейден көрініп, талай-талай биік табыстарға қол жеткізеді. Ол бірінші хатшы болып жұмыс істеген жылдары аудан экономикасы мен мәдениеті бұрын-соңды болып көрмеген екпінмен шұғыл өсті. Қармақшы республикадағы танымал аудандардың қатарына көтерілді. Мысалы, ауданда күріш өсіру он жыл ішінде он есе, мал өнімдері, әсіресе ет өнімдері төрт есеге өсті. Сол жылдары күрделі қаражат игеріліп, тұрғын үй, мектеп, емхана, мәдениет үйі, сау­да орындары салынып, жергілікті халықтың тұрмысы жаңарып, білімі мен мәдениеті көркейе түсті.
Бүгінде аудан орталығы Жосалы кентінде Ахметжан Жанпейісов атындағы мектеп-лицей бар. Ауданымыз үшін аянбай тер төккен тұлғамызға құрмет ретінде есімі мектепке беріліп, мектеп жанынан музей құрылған. Соғыс ардагерінің барлық деректері сақталған бұл шағын музей оқушылар мен келуші өзге де жастардың А.Жанпейісов жайында көптеген ақпараттармен танысуына себепші болады.
Атпал азамат жайында деректер білу мақсатында соғыс ардагерінің атымен аталатын №105 мектеп-лицейіне де ат басын тіредік. Ағамызға арналған музей құжаттарға толы екен. Оның өмірбаяны, еңбек жолы, тарихи суреттері, алған марапаттары мен медальдары қойылған. Оның ішінде тарихи тұлғалармен, әсіресе Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен кездесуі, Бай­қоңыр қаласына сапары кезіндегі Юрий Гагаринмен кездесуі барысында түсірілген суреттерді көруге болады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып, артына мол мұра қалдырған Ахметжан ағамыздың есімі болашақ ұрпақтар жадында мәңгі сақталып, оның еткен еселі еңбегі әлі де болса насихатталатын болады.
«Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді» дейді хакім Абай. Жақсы адам айналасындағыларға көлеңкесін емес, сәулесін түсіреді. Жанпейісов те жанының жарығы мол, көңілі кіршіксіз, маңайына қамқор, азаматтығы ерек жан еді. Үлгілі әке, мейірімі мол отағасы болды. Бүгінде оның қыздары мен ұлдарының, немерелерінің де жауапты қызметтер жасап, еліміздің дамуы­на өзіндік үлес қосып жүргені аян. «Әкеміздің әр сөзі жүрегімізде жаттау­лы, оның бейнесі мәңгі жадымызда тұрады» дейді ұл-қыздары.
Биыл А.Жанпейісовтың туғанына бір ғасыр уақыт толды. Бір ғасыр өткенімен оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері мен ауданға сіңірген еңбектері әлі күнге дейін айтылып келеді.
Міне Тереңөзекте туылып, туған топырағымен қатар Қармақшы ауда­нының да өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Ахметжан ағаны танып-біл­гендер мен көзін көргендердің көңіл төрінде, жүрек түкпірінде жарқын бейнесі ұзақ сақталады. Ендеше іргелі істің басы-қасында болып, жемісті еңбек еткен абзал азаматтың игі жолы келер ұрпаққа үлгі боларлық.

Әнсая ӘЗИЗҚЫЗЫ,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің әдіскері
26 сәуір 2022 ж. 1 244 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 394

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 472

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930