Бір кем дүние
ОЛ ЖАСТАЙЫНАН ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ОРТАСЫНДА ӨСТІ. КЕЗІНДЕ ӘКЕ-ШЕШЕСІ АУЫЛДАҒЫ БАСҚА ТҰРҒЫНДАР СЕКІЛДІ КОЛХОЗДЫҢ МАЛЫН БАҚТЫ. ОЗАТ ШОПАНДАР ҚАТАРЫНАН КӨРІНІП, АУДАН, ОБЛЫС, ТІПТІ ОДАҚ КӨЛЕМІНДЕГІ ТҮРЛІ СЛЕТ, ЖИНАЛЫСТАРДАН ҚАЛМАЙТЫН. КЕУДЕЛЕРІНЕ МЕДАЛЬ, ОРДЕН ТАҒЫП, АТАҚТАРЫ АСПАНДАДЫ. ӨЗДЕРІНІҢ МАЛЫ ДА АЗ БОЛҒАН ЖОҚ, ШҮКІР. СОНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ КЕҢЕС ҮКІМЕТІ ТАРАП, ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ БАСТАЛЫП, ХАЛЫҚ ДҮКЕННЕН АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАППАЙ ҚАЛҒАН КЕЗДЕ БҰЛАРДЫҢ ҮЙІНЕН ТҮЙЕНІҢ ЕТІ МЕН ШҰБАТЫ АРЫЛҒАН ЕМЕС.
Қой-ешкісі, сиыры тағы бар. Түйе дегенің кез келгеннің қолында көбейе бермейтін түлік қой, жарықтық! Үйіне келген сыйлы қонаққа әке-шешесінің түйе мінгізіп жібергенін де талай көрген. Үйелмелі-сүйелмелі 10 баласын мыңғырған малдың арқасында еркін жетілдіріп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған ата-ана да бұл өмірдегі өздеріне артылған міндетті орындап, асарын асап, жасарын жасап, бұл дүниеден өтті. Бұл әке малына ие болып қалғалы қашан?! Әкесінің малын көбейтпесе, азайтқан жоқ. Малдың ыңғайына қарай жаз жайлауда, қыс қыстауда жүретін. Төрт түлігі ауыл маңына жайыла алмайды, біресе егінге түседі, біресе біреудің қорасына кіріп кетеді. Былайша айтқанда сыймайды. Бірінің артынан бірі өсіп келе жатқан ұл-қызын бауырларының үйіне жатқызды. Мектепте оқымаса тағы болмайды. Жайлау мен қыстауда қайдағы мектеп? Уақыт көші бір орында тұрақтаған ба?! Әйелі екеуі күні-түні малдың соңында жүріп, елден мүлде жырақтап кетті. Ағайынмен араласуды қойды. Балалары бір жылы ана үйде жүрсе, келесі жылы басқа ауылда, басқа ағайынның үйінде жүргені. Күн жылынғанда достары отбасымен келіп, бәрі мәре-сәре боп қалады. Қойын сойып, шұбатын дайындап, көл-көсір дастарқан жайып, күтіп алады. Олар кеткесін тағы жым-жырт. Біршама уақыттан бері бойын белгісіз бір дерт меңдеп алған секілді. Түн баласы дөңбекшіп ұйықтай алмайды. Қалаға барып қаралайын десе, малға қарайтын адам жоқ. Әйелі мен кішкентай ұлы үлгермейді. «Жарайды, қыздардың сабағы аяқталсын», – деп жүргенде бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылып, келместің кемесіне мініп кете барды. Мектеп бітіріп қалған үлкен қызы әкесінің жылы өтісімен тұрмысқа шықты. Малды өлкеге барғысы келмеді ме, табалдырық аттағанша асықты. Жылдар бойы көбейген үстіне көбейе түскен малдың ырысы да иесімен бірге кетті ме, жиі жоғалатын болды. Мал өлімі де жиі орын ала бастады. Қонақасына, қырқына, жылына, арасында құдайы тамаққа деп сойылғаны бар, тым азайып кетті. Тұрмысқа шыққалы малдан көзін ашпаған әйелі қалған малды бір күнде сатып, ұлымен бірге облыс орталығынан үй сатып алды. Күнде саудаласып үйренбеген басы ескі үйді тым қымбатқа алғанын кейін біліп, есеңгіреп қалды. Екінші қызы интернатта жатып оқитын, оны да қолына алды. Тұрмысқа шыққан қызының артынан жасау да апарған жоқ. Жасау апаруға үлгертті ме, тұңғышы аяқ астынан қашып кетіп, жылға толмай қайтып келді. Осылайша мектеп жасына ілінген сәттен бастап бірге тұрып көрмеген ана мен балалары араға жылдар салып, бір шаңырақтың астына жиналды. «Әкенің малы балаға мал болмас» деген осы болар, сірә!