» » Комиссия отырысы: Талқыланған мәселе қандай?

Комиссия отырысы: Талқыланған мәселе қандай?

Қазір қоғамда орын алып жатқан келеңсіз дүниелер көп. Бірі өз жанына қиянат жасап, өз-өзіне қол салса, енді бірі ерте жүктіліктен ауыртпалық жүгін арқалауда. Ал ендігісі әлеуметтік желінің әлегінен азар көріп жүр. Мұндай жаратылысымызға жат әдеттерден арылудың жолы қандай болмақ? Әсіресе бұл жағдай кәмелетке толмағандардың арасында орын алса ше?
Бұл мәселе ешкімді бей-жай қалдырмайды. Биліктегілердің де назарынан түспей, күн тәртібіндегі мәселелердің бірі ретінде қолдан келгенше шара қабылдауда. Мәселен, кеше аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицид (тәуекел топ), нашақорлықтың алдын алу профилактикасы, мектептердегі психологтардың жұмыстарының барысы, кәмелетке толмағандарды әлеуметтік желілердің теріс әсерінен сақтандыру» және «Кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктілік мәселесі» бойынша тиісті сала мамандары баяндама жасады.

Суицид – психологиялық құбылыс. Оны түсіну үшін өзіңе қол жұмсаған баланың рухани жағдайын түсіну керек. Психологиялық тұрғыдан санасы әлі пісіп жетілмеген жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсау арқылы «өз мәселемді шешемін, бұл мен үшін қиындықтардан, дағдарыстардан шығудың жолы» деп ойлайтынын ескерсек, суицидті кездейсоқ әрекет ретінде санауға болмайды.

Мамандардың айтуынша, оқушыларға өз алдына өмірлік мақсаттар қоя білуді үйретуде, өзіне қол жұмсаудың алдын алуда ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі жоғары. Әсіресе мұндай қадамға бару қоғамнан алған «соққыдан» пайда болатыны жиі кездеседі. Оның ішінде әлімжеттік, кемсіту, кибербуллинг, ата-анасынан жылулық іздеу секілді дүниелерді де айта кеткеніміз жөн болар.
 Қазақ«Қызды – қырық үйден тию», «Қыздың өзі үйде болғанымен, қылығы түзде» деп оның болашағына бей-жай қарамаған. Мәселе сонда болып тұр. Қазір он екіден бір гүлі ашылмаған шақта ерте етегін бүру тәрбиенің әлсіздігі ме деп қаласың. Қош. Ерте жүктілік қыз бала ағзасына қауіпті ме? Жүктілік кезінде ағазаның жүрек қан тамыры, эндокриндік жүйесі мен ішкі органға жүк түсетіні рас па? Жас аналардың денсаулығы қалай қадағаланады? Ерте жүктілік неден пайда болады? Қойыла берер сауал көп. Ал оның туындамауы үшін неге алдын алмаймыз?
Маманның пайымынша, ерте жүк­тілік – бұл жыныстық тәрбие туралы білімнің жетімсіздігі. Бірқатар отбасында аталған тақырып төңірегінде әңгіме-сөздің қозғалмауында. Қыз бен анасының арасындағы жылы қарым-қатынас пен етене байланыстың жоқтығынан да орын алуы мүмкін. Мәселен, көптеген жанұяда бұл тақырып жабулы қазан күйінде қала беретіні тағы бар. Енді ғана қауызын ашқан нәзік гүлді сабағынан сындырып алмаса екен дейсің, еріксіз.
Қазір адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру барысын интернетсіз елестету қиын. Электр қуаты қаншалықты маңызды болса, ғаламтор желісі де содан бір елі кем еместей. Әсіресе, әлемді пандемия жайлап, жұмыс, оқу барысы онлайн режімге ауысқанда интернетсіз жұмысымыз жүрмей, қолымыз байланды да қалды. Алайда таяқтың екі ұшы барын бәрі біледі. Бұл шекарасы жоқ шексіздіктің игілігімен қатар өзіндік зияны аз емес. Соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға кері әсер тигізетін кездер жиілеп кетті. Онда қорқыту, үркіту, буллинг жасау, азғындық, айта берсең тізімі таусылмастай. Мамандар ата-аналарды балаларын интернет желісінде қызықтыратын дүниелерді мұқият зерделеп, кәмелеттік жасқа толмағандардың телефондарын­да заңмен тыйым салынған мате­риалдардың бар-жоғын тексеруге шақырып отыр.

Мәжіліс соңында аудан әкімінің орынбасары Ж.Ерқосаев комиссия мүшелерінің қозғалған мәселелер жайлы ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алда атқарылатын жұмыстар бойынша барлық оқушылардың өмір қауіпсіздігі бағытындағы профилактикалық жұмыстарды тиімді өткізу, жастар және жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыру ұдайы назарда болу қажеттігін айтып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Бала құқығы – барлық заңсыз әрекеттерден, күштерден, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан, үлкендер, ата-анасы немесе оның орнындағы заңды жауапты тұлғалар тарапынан көрсетілген жағымсыз күштерден және бала өміріне келтірілген зауалдардан қорғауды қамтамасыз етеді. Сол үшін бала өмірін, құқығын қорғау шараларын әлі де болса жетілдіру, балалар мен олардың отбасына арнайы психологиялық кеңес беру, көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралардың ұйымдастырылу тиімділігін арттыру қажет. Қазіргі кезде білім беру ұйымдарында оқушылардың арасында суицидтің алдын алу және болдырмау шараларын жүргізудің күннен күнге өзектілігі арта түсуде.
Қазір жастар күйзелуге бейім. Күйзелу дәрежесі жиі суицидтік қауіп-қатердің маңызды көрсеткіші. Сондықтан да жасөспірімнің жан дүниесіне құрметпен қарап, оның сезіміне тереңірек мән беріп, қолдау көрсетейік. Кәмелетке толмағандардың өміріне, балалық шағының әрбір кезеңіне, оның тұлғалық қалыптасуына, әлеуметтенуіне, өмірден өз орын табуына әркез ересектер жауапты екенін естен шығармағанымыз абзал.

Айнұр ӘЛИ
28 тамыз 2022 ж. 666 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 390

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 468

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930