» » Сандық әлемнің синдромы

Сандық әлемнің синдромы

Бүгінде смартфон пайдаланбайтын адамды кезіктіру қиын. Еңбектеген бала да, еңкейген қарт та қолданатын ұялы телефон өмірімізді күрт өзгертті.Әзірге қажеттіліктен гөрі қызығы бітпей тұр. Құрылғы арқылы жүретін жолын анықтайды, қанша қадам басқанын бақылап отырады. Әлеуметтік желілер арқылы туыстары мен таныстарының өміріндегі жаңалықтарды біліп отыруға да мүмкіндік бар. Психологтардың айтуынша, телефонның санамызға сіңгені соншалық, қазір адамдар сезім мен эмоциясын сөзбен емес, стикерлермен жеткізеді. Бұл тенденция – адамдардың бағдарламалануын арттырып, салдарынан оларды басқаруды жеңілдей түсуіне алып келеді. Ал зерттеушілер алдағы жылдарда қоғамдық сауатсыздық пен түрлі ауруларға душар боламыз деп дабыл қағуда.Телефонға тәуелділіктің себептері мен салдарын саралап көрсек.

Телефонға тәуелділік
Бәрінен де ел болашағы болар жасөспірімдер арасында телефонға тәуелділік артып отыр дейді мамандар. Сандарға сүйенсек, бұл күнде Қазақстандағы әрбір бесінші баланың үшеуі ұялы телефонға барлық уақытын арнайды екен. Әлем елдерінде бұл дертпен күрес әлдеқашан басталып кетіпті. Біздің өңірде соңғы уақытта ғана жасөспірімдердің ата-аналары баласының ұзақ уақыт телефонға телміруінен қауіптенуді бастады. Себебі көбіне 10-18 жастағы жасөспірімдер мұндай тәуелділікке тап болады. Ал бұл кезең – жасөспірім үшін негізгі әлеуметтендіру, оның психика мен дүниетанымын қалыптастыратын уақыты. Статистикаға жүгінсек, жастардың 69,2 пайызы әлеуметтік желіні күнделікті, 26,7 пайызы аптасына бір рет және 4,1 пайызы айына бір рет тексереді. Бұл деректер ата-аналарды мазалап қана қоймай, психолог дәрігерлердің, мұғалімдердің назарын өзіне аударуда. Себебі кез келген технология жастардың қоғамдық, психологиялық дамуына әсер етеді. Ұялы телефонға тынымсыз телміру адамның физикалық денсаулығына да ықпалын тигізеді. Мысалы, 15 жасар жасөспірім күніне 4 сағат экран алдында отырса, физикалық күшке тек шамамен 1 сағат қана уақыт бөлінетін көрінеді.
Әлем зерттеушілері 10 жыл бойы күніне жарты сағат телефонмен сөйлескен жанның глиома атты дертке шалдығу қаупі 40 пайызға артады десе, эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сынды дерттердің асқынуын тікелей телефонмен байланыстырады. Жасына жетпей көру қабілеті нашарлап жатқан жасөспірімдердің саны соңғы он жылда күрт көбейген. Тіпті, көз дәрігерлері 5 жасқа дейінгі балаға гаджетті мүлдем беруге болмайды деп үзілді-кесілді тыйым салған. Ал 5 жастан бастап 8 жасқа дейінгі балаға тәулігіне бес-ақ минут ұстатқан дұрыс екен. 10 жасқа дейін 8-10 минут. 15 жасқа дейін 15 минут. 18 жасқа дейін жарты сағаттан артық қолдануға болмайды. Optometry and Vision Science журналында жарияланған зерттеу қорытындысы бойынша, адамдар веб-парақшаларды смартфон бетінен қарау сәтінде мәтін жазғанға қарағанда көзге 5-6 сантиметр жақын ұстайды екен. Адам мәтін жазғанда емес, оқығанда көбірек көзіне зақым келетіні анықталған. Контактілі линза тағатын 129 адам зерттеуге қатысқан. Олар осыған дейін қалыптасып кеткен «1,2,10» ережесін сақтамайтын көрінеді. Бұл ереже бойынша, адам смартфонды ұстаған кезде оның көзден 30 см, компьютер 60 см, теледидар 3 метр алшақтықта болуы керек делінген. Смартфондағы сурет немесе мәтін біркелкі емес. Мәселен, өте ұсақ қаріпті оқу үшін міндетті түрде оны көзге жақындатуға мәжбүрлік туындайды. Осы құбылысты зерттей келе ғалымдар 1997 жылға қарағанда смартфон қолданатын болғандықтан адамзаттың көру қабілеті 35 пайызға нашарлап кеткендігін айтып, дабыл қағуда. Бұл зерттеуді көз хирургы әрі «Фокус» деп аталатын лондондық клиниканың құрушысы Дэвид Алламби жүргізген болатын. Дэвид өзінің еңбектерінде бұл құбылысты «экрандық алыстан көрмеушілік» деп те атайды. Смартфонға үңілгенде көзді жиі жыпылықтату да көру қабілетін бәсеңдетеді екен. Сондай-ақ, жарықтың қалыпты болуының да өзіндік орны бар дейді зерттеушілер. 20/20/20 заңдылығын да қатаң сақтау керек. Алысымызды жақын етіп, жұмысымызды жеңілдеткен цифрлық әлем өте пайдалы болғанымен, одан келер зиянның да аз еместігін ескерген жөн. Себебі сандық құрылғылар бүгінде сан түрлі дерттің бастауы болып отыр.
СІЗ БІЛМЕЙТІН «СЫЙЛЫҚ»
Сандық технологияның эволюциялық жолы көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқаны соншалық, олар адамзаттың ажырамас бөлшегіне айналып кеткендей. Әсіресе, әлемдік цифрлық нарыққа смартфондардың келуі біраз жағдайдың өзгеруіне себепші болды. Өйткені олар асқан ептілікпен жасалып, адам миы мен ойы жететін ресурстардың да кеңістігін жаулап алып жатыр.
Сандық құрылғылар жұмыс процесін жеделдетіп, өмір сүруді жеңілдететін фактордан бөлек, адамның психикалық күйіне әсер етіп, стресс тудырады. Әр сәт сайын телефонға алаңдап, әлеуметтік мес­сенджерлерді тексеруге тырысу, келген хабарлама дыбысына елеңдеу дәл осы техникалық стрестің туындауына себеп болады.
Мысалы, Америка психологиялық ассоциациясының жүргізген әлеу­меттік сауалнамаға қатысқан жергілікті халықтың 20 пайызы цифрлық технологияға күнделікті жүгіну күйзеліске душар ететінін жеткізген.
Ал Швецияда жасалған бір тәжірибе бойынша жастар мен жасөспірімдердің мобильді құрылғыларды тұрақты қолдануы ұйқының бұзылуымен қатар депрессиялық симптомдар мен стрестік күйдің жоғары деңгейлерін көрсеткен. Тәжірибеге қатысқандардың 70 пайызы жатар уақыт алдында міндетті түрде әлеуметтік желіні шолып шығатын болса, 15 пайызы бір немесе одан да көп сағатын қалтафонға қарап жатумен өткізген. Аталған зерттеулерге сүйенсек, гаджеттерді түнгі уақытта, әсіресе жатар алдында қолдану мазасыздық пен ұйқысыздық­қа немесе ұйқы тыныш болмауына әсер етеді. Сонымен қатар осылай беймезгіл уақытта сандық құрылғыларды қолдану адам салмағының ұлғаюына да әсер ететіні анықталған. Пенсильвания университетінің зерттеушілері Facebook, Instagram сияқты мессенджерлерді үздіксіз парақтау адамдардың өзін жайсыз сезінуіне себеп болатынын айтқан. Егер әлеуметтік желілерді бел­гілі бір дәрежеде шектесе, жалғыздық пен деп­рессияны сезіну азаятыны анықталған.
Ал түнде де телефонға телміріп жататын кішкентай балалардың ұйқысы бұзылып, өзге балалармен салыстырмалы түрде өте аз ұйықтайтыны анықталған. Child Development журналында шыққан ғылыми мақалаға сәйкес, цифрлық құрылғыларды күнделікті әрі белсенді пайдаланатын балалар мен жасөспірімдердің психикалық ау­руларға душар болу ықтималдығы жоғары. Олардың ішінде өз эмоциясы мен іс-әрекетін басқара алмау, өзгелердің назар аудару жетіспеушілігі және гиперактивтіліктің бұзылуы сияқты симптомдар бар.
Мобильді телефондардың күнделікті өмірге кірігіп, біте қайнасып бірігіп кеткені сонша, адамдар одан бас ала алмайтындай тәуелділікке тап болған. Цифрлық құрылғылардың тұрақты тұтынушылары тәуел­діліктің психологиялық-эмоционалдық шегіне жетіп, оны бір сәт қолға ұстамаса, өзін жайсыз сезінетіндей халге душар болады. Өзіміз де телефон қолымызда немесе көз алдымызда болмаса елеңдеп қалатынымыз да жасырын емес. Кейде тіпті «бұрын телефонсыз өмір қалай болды екен?» деп те ойлап қоямыз. Ал оның қуатының таусылуы – адамдар үшін үлкен қорқыныш. Бұл – әлем сарапшылары қағып жатқан дабыл. Соған сәйкес, осы процестерге қатысты жаңа ғылыми терминдер мен ұғымдар сөздік қолданысқа еніп жатыр. Соның бірнешеуіне тоқталсақ.
XXI ҒАСЫРДЫҢ ЖАҢА СЫРҚАТТАРЫ
Номофобия (no-mobile-phone phobia) – ұялы телефонсыз қалудан қорқу. Бұл термин 2008 жылы пайда болғанымен, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енген. Номофоб адам гаджетінің қуаты біте баста­ғанда немесе оны бір жерде ұмыт қалдырғанда өте мазасыз күй кешеді. Телефонсыз қалу қатері туындаған жағдайда жүрегі қатты соғып, тынысы тарылып, ашуға бой алдыруы ғажап емес. Зерттеушілер аталған синдромды «XXI ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Тіпті, оны психикалық ауытқу ретінде диагностикалық емдеуге тіркеуді ұсынған.
Келесі жаңа термин – фаббинг (phone-snubbing). Ол  – кездесу, дос­тармен бас қосу кезінде телефоннан бас ала алмау. Яғни, фаббер сөйлесу, әңгімелесу кезінде жанындағы адамға емес, қолындағы гаджетіне көп назар аударады. Әлеуметтік желіні парақтап, тіпті өзге бір адамдармен хат жазысып отыруы мүмкін. Кездесіп отырған екі не одан да көп адамның бірі телефонына қарай бастаса, екіншісі де міндетті түрде оны қайталайды. Осылайша, бұл қалыпты жағдайға айналып кетеді. Кент университетінің дерегінше, бұл психологиялық проблема мен жағымсыз әдеттің бірі ретінде қарастырылған.
Сондай-ақ, FoMO (felling missing out)  дерті – бұл маңызды нәрсені өткізіп алудан қорқу. 2013 жылы бұл сөз термин ретінде ресми түрде тіркеліп, Оксфорд сөздігіне енді. Бұл синдромның басты белгілері мыналар. Телефон тұтынушысы әлеуметтік желідегі лентасын жаңа­лап, өзгелерден жылы лебіз бен жағымды пікір күтеді, әрбір трендтегі оқиғаға үн қосып, оны басқалардың бағалағанын қалайды, біраз уақыт онлайн болмаса, барлық қызықты жаңалықтан құр қалғандай сезімде болады. Сондай-ақ аталған синдромы бар адам өзіне, өз өміріне көңілі толмай, әрқашан өзгелерге қызығумен, өзін олармен салыстырумен болады. Бұл дерт адамның псиxикасына әсер етіп қана қоймай, депрессия мен көңіл күйінің түсуіне әкеп соқтырады екен. Шектен тыс стреске түсу суицидке дейін де жеткізуі мүмкін.
Бүгінге көп қолданылатын жаңа терминнің бірі – Digital detox. Яғни цифрлық технологиядан белгілі бір уақыт аралығында саналы түрде бас тарту. Ағзаны зиянды шлак, токсиндерден тазарту үшін «деток­сикация» жасалатын болса, ми мен жүйке-жүйені де қажетсіз ақ­параттардан арылту үшін де детокс әдісін жүргізуге болады екен. Аталған тәсіл тәулік бойы (24/7) цифрлық құрылғыдан бас ала алмай­тын, одан бір сәт көз жазып қалса, мазасыз күй кешетін жандарға арналған. Олар үшін қазір онлайн қосымшалар мен түрлі детокс курс­тар пайда болып жатыр. Тіпті туризм терминіне де Digital Detox Holidays деген жаңа саяхат түрі қосылған. Бұл тур кезінде жолаушылар wi-fi орнатылмаған қонақүйлерге орналастырылады. Тіпті саяхат ке­зінде телефондарды жинап алу мәселесі де қарастырылған. Осылайша, саяхатшылар виртуалы әлемнен алыстап, табиғат аясын­да тыныс алады. Бәрінің мақсаты – адамдарды цифрлық құрылғы­ларсыз қарым-қатынас құруға үйрету, оған деген тәуелділіктен арылтуға көмектесу.
ҚАЛАЙ ЕМДЕЛУГЕ БОЛАДЫ?
Осы орайда «FoMO, номофобия, фаббинг сияқты XXI ғасырдың жаңа синдромдарынан арылудың қандай жолдары бар?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Гаджеттерге тәуелді болмау туралы көмекшімізге айналған гаджеттің өзінен ақпарат іздеп көрдік.
Ең алғашқысы – электронды көмекші. App Store, Play Market желісінде цифрлық әлемдегі әрекеттеріңізді бақылап, арнайы таймер қойып, қанша уақыт жұмсағаныңызды ес­кертіп отыратын мобильді қосымшалар бар. Осы қосымшаларды жүктеп алып, пайдалануға болады. Сондай-ақ, қалтафонның экрандағы фонының түсін қараңғылап, қолданбайтын қосымшаларды өшіріп тастау да ұзақ уақыт телефонға телміруден сақтайды екен.
Сандық құрылғының құрбанына айналғанын сезген жандар үшін нарық түрлі ұсыныстарды алға тартады. Тәуелділіктен бас тартудың екінші бір әдісі – арнайы детокс турлар, ән-би үйірмелері, медитация, йога курстарына қатысу. Бұл әрине ақылы түрде болады. Өзіңіз саналы түрде телефонда отыру уақытыңызды шектей алмасаңыз, осындай орындарға барып, ойыңыз бен бойыңызды сергітіп, 1-2 сағат көлемін­де болсын онлайн өмірден демала аласыз.
Гаджет ұсынған ақпараттың үшіншісі – өзіндік бақылау. Дұрыс не бұрыс шешімді таңдау өз қолыңызда. Бұл ретте өзіндік ішкі күштің мықтылығы қажет. Мұнда қай кезде де өзіңізбен жұмыс істеуіңізге тура келеді. Мәселен, жұмысқа барар, қайтар жолда құлаққапты қолданбай, құстардың үні болсын, көшенің шуылы болсын, солардың арасынан өз ойларыңызға ерік беріңіз. Демалыс уақытында үйде, телефон қарап жату мен саябақта серуендеу немесе достармен кездесу нұсқалары ішінен біріншісін таңдамаңыз. Таңертең ояна сала әлеуметтік желіні ақтарудың орнына 5-10 минут жаттығу жасап, ал кешкі ұйқы алдын­дағы үзілісті кітап оқуға арнаңыз. Осылайша тәуелділіктен аз-аздап болса да ажырауға болады.
Жыл өткен сайын адамдар цифрлық әлеммен одан әрі байланыса түспесе, ажырамайтыны анық. Сол үшін де одан түбегейлі бас тарту – ақылға сыймайтын жайт.  Тек онымен компромиске келе отырып, виртуал мен шынайы өмірдің арасындағы алтын көпірді жоғалтып алмаған жөн. Телефонға телміру түрлі дертке әкелмесін десеңіз, өзіңізге ғана тәуелді болыңыз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

11 шілде 2022 ж. 746 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031