» » Бала семіздігі белең алуда

Бала семіздігі белең алуда

Бақытын баласынан іздейтін әрбір ата-ана үшін оның саулығы мен амандығы бәрінен қымбат. Бұрын семіздік дерті Еуропа мен Америка елдеріне ғана тән мәселедей көрінетін. Алайда қазір артық салмақ біздің елімізді де, соның ішінде балаларды да айналдыра бастады. Бұл алаңдатарлық жайт. Себебі оның бала болашағына тигізер зардабы көп. Мәселен, әлемде 1-5 жас аралығындағы 41 миллион бала семіздікке шалдықса, Қазақстанда бүгінгі таңда әр бесінші бала артық салмақтан зардап шегуде.
Сандарды сөйлетсек, соңғы зерттеулер бойынша дүние жүзінде 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 20,6 проценті артық салмақтың, ал 6,6 проценті семіздіктің зардабын тартып отыр екен. Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мамандары балалардың 30 проценті ғана спортпен айналысатынын айтуда. Бұл өте төмен көрсеткіш. Дәрігерлер де балалар арасындағы артық салмақ көптеген қауіпті сырқаттарға түрткі болатынын айтып дабыл қағуда. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды.
– Семіздік негізінен дұрыс тамақтанбаудың әсерінен созылмалы зат алмасу бұзылысынан болатын эндокриндік жүйе ауруы болып табылады. Бұл ауру түрі қазіргі кезде балалар арасында өте жиі кездеседі. Семіздікке алып келетін алғашқы фактор – балалардың калориясы көп тамақтарды тұтынуы. Екінші бір себеп – физикалық қозғалыстың аздығы. Тамақты жеп алғаннан кейін телефонмен немесе теледидар алдында ұзақ уақыт қимылсыз отыру да артық салмаққа алып келеді. Үшінші бір себебі – балада семіздік психологиялық тұрғыдан пайда болады. Яғни кейбір балалар стресс, депрессия кезінде бойына артық салмақ жинап алады. Балалар арасындағы семіздік мезгілсіз өлім мен ересек адамның мүгедектігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Семіздік балаларға тыныс алудың жетіспеушілігіне, гипертонияға, жүрек-қан тамырлары ауруларының ерте белгілеріне және психологиялық проблемалардың туындауына әкеліп соғады, – дейді балалар дәрігері Гүлжайна Сайлауова.
Дәрігердің айтуынша, семіздік мәселесі елдегі жас ұрпаққа әлеуметтік қатер төндірмеуі үшін Қазақстанда саламатты өмір салты дағдыларын барынша дұрыс қалыптастыру жолында үкіметтен бастап, халықаралық серіктестер, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар бірлесе отырып жұмыс істеуі қажет. Сол арқылы артық салмаққа жол бермей, көптеген қиындықтардың алдын алуға болады.
Сондай-ақ қалалық жерде тұратын балалардың арасында артық салмақтың таралуы ауылдық жерде тұратын балаларға қарағанда біршама жоғары.
Айта кеткен жөн, артық салмақ пен семіздік –  әлем бойынша өлім-жітім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі. Әлемдік эпидемияға айналған артық салмақтың кесірінен жыл сайын 2,8 млн адам ажал құшады екен. Сондықтан да мамандар фасфудтан, гамбургерден, дөнерден, қақталған картоптан бас тартып, дұрыс тамақтануға және саламатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.
Негізінде семіздік – онкологиялық аурулардың кемінде 13 түрінің басты себебі. Сонымен қатар Еуропада жыл сайын тіркелетін обырдың кемінде 200 мыңнан астам жағдайының тікелей себепкері саналады. Тағы да айта кетерлігі, артық салмағы бар және семіздікке ұшыраған адамдар COVID-19 пандемиясының салдарын өте ауыр бастан кешірді, ал кейбірі дертпен күресе алмай бұл өмірмен қоштасты. Ауруды еңсеруге мүмкіндік болғанымен, бойдағы артық салмақ күресуге жол бермеді. Өкініштісі де сол. Осы себептен де бала бойынан артық салмақ аңғарсаңыз, дереу дәрігердің көмегіне жүгініп, дұрыс тамақтануды қолға алған жөн. Бұл тұрғыда «Өскен соң таралып кетеді», «Баланың томпақ болғаны жақсы» деген көзқарастың мүлде қате екенін ұғынған абзал.
Жалпы, қазақ халқы ертеден-ақ тамақтану жағына сауатты болған. Ал қазір адамның сана-сезімі заманға сай өзгеріп, материалдық-техникалық жағдайымыз қарыштап дамыса да дұрыс тамақтану мәде­ниетін меңгере алмай келеміз. Аурудың басты себебі тағамтанудың дұрыс жолға қойылмауынан екендігін жете түсінбеуіміз. Тамақ режимін, тәртібін сақтауға көңіл бөле бермейтініміз сондықтан.
«Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» деп кейде шектен тыс көп жейміз немесе күні бойы ашқұрсақ жүреміз де, кешкісін тыңқиып тойып аламыз. Мұның өзі ағзаға үлкен зиян. Мамандардың айтуынша, қазір адамдардың басым көпшілігі екі рет ыстық тамақ ішуді ұмытқан. Тіпті 9 пайызы тәулігіне бір-ақ рет тамақтанады екен. Көпшілік жеміс-жидекті неғұрлым көп тұтынса, соғұрлым пайдалы екенін саналы түрде білсе де, оны сақтай бермейді. Міне, үлкендердің тамақтану мәдениетіндегі осы олқылықтар енді балаларға «жұғып» жатыр. Жеткіншектердің жар­тылай дайын тағамға үйірсектігі, далада ойнаудан гөрі үйде монитордың алдында көбірек телміруі және үйлесімді тамақтанбаудың соңы семіздікке әкеліп отыр.
Сондықтан ата-аналар балаларының дені сау, болашағы жарқын болып өсуі үшін осы мәселеге баса мән беру керек. Бұл үшін, мамандардың айтуынша, калориясы жоғары және құндылығы төмен өнімдерді тұтынуды реттеуді қолға алу маңызды.
Бұған қоса ата-аналар кішкентайларының дене белсенділігін арт­тыруды қаперде ұстаған дұрыс. Бұл ретте мамандар теледидар көру, гаджетпен ойнау, интернет қарау шегін күніне 2 сағаттан асырмаған жөн екенін айтады. Сондай-ақ балалардың аула ойындарын, футбол, баскетбол сияқты ойындарды ұдайы ойнауына мүмкіндік жасау керек. Әрине, ата-ана балаға сөзімен емес, ісімен үлгі болғаны абзал. Бұл ретте аталған дағдыларға үлкен­дер тарапы да бейім болып, ерік-жігерін көрсетуі маңызды. Бастысы, балалардың болашағы өз қолымызда екенін ұмытпаған жөн.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
07 шілде 2022 ж. 595 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 288

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 383

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930