Балалық шаққа саяхат
Адам өмірінде ерекше қалатын сәт – балалық шағы. Уақыт керуені алға озған сайын сонау бір қайта оралмас шақта, алыстан қол бұлғап қала берген бала кезің өзінің ыстық, естен кетпес естеліктерімен жаныңды баурап, ойыңа да жиі орала береді. Бала кезде бәрі тез өскісі, есейгісі келетіні белгілі. Ал, 25 жастың белесінен асып, 30-дың ордасына жеткен жаннан бастап, қарт кісілердің өзі балалық шақтарын сағына еске алып, сол бір мұңсыз, қамсыз сәттеріне қайта оралғысы келеді. Балалық шақ кіршіксіз, боямасыз болмысымен, пәк сезімге толы аңғал қалпыңмен, бауырмал көңіліңмен ерекшеленеді. Жүрегіңді дүниелік жылтырақпен кірлетпей, еш адамға жат пиғылмен қарамайтын кездің әрбір естелігі қымбат.
Қырда өскен біздің балалық шақтағы қызығымыз күннің ыстығында топырақты борпылдатып кешіп отырып, суға түсу болатын. Біздің өңірдің ыстығы сырттан келген адамның есінен көпке дейін кетпейтіндей. Әсіресе, тал түстегі ыстық тіршілік иелерін үйлеріне еріксіз қуып тығып, бірнеше сағат «демалыс» жариялауға мәжбүрлеп тұрады. Таң алаңынан тұрып, түске дейін біраз шаруаның басын қайырып тастаған үлкендер жағы күннің ыстығымен жағаласып, самаурынның шайын сіміріп тастап, бір мызғып алатын-ды. Үлкендердің демалатын уақыты – балалардың екінші бір тынысы ашылатын кез. Ата-анамыздың бөлмесін аңдып, мысықша басып, сыртқа ата жөнелеміз. Күннің ыстығы балаға сөз болып па, тәйірі. Көшенің басынан бастап әр үйден өзің қатарлас балалар жиналып, бір топ бала жарманы бетке аламыз. Оған дейін келер уақытыңның қамын жасап, таза бір киіміңді даладағы ыңғайлы бір жерге тығып кететінімізді қайтерсіз?!
Ұл-қызы аралас көше толы бала жыңғылдың арасымен, тікен қаулап өскен топырақты шаңдата анадайдан менмұндала шақырып тұрған суға бас қоямыз. Су ішінде доп ойнау, қуаласпақ ойнау, су астында тұрып жарысу дейсіз бе, қандай ойын ыңғайлы соның бәрін түгендеп, арасында судан шығып, ыстық топыраққа аунап-аунап келіп, қайта сүңіп, өз қызығымыз өзімізге жетіп, бір мәз болып қаламыз. Бұл – жаз бойы қайталанатын тірлік. Үлкендер жағы: «Суға өз беттеріңмен бармаңдар», – деп қанша ескертсе де, ол сөз бір құлақтан кіріп, екінші құлақтан шығып кетеді.
Әй, бірақ қанша баламыз десек те, уақытты шамалаймыз. Ессіз суға түсе беруге де болмайды. Қызықтың артынан қырғын сөз еститініміз көңіліміздің бір түпкірінде түрткілеп тұра ма, бестің шайына дейін үйге жетуге тырысамыз. Қыздар жағы шашымызды кептіріп, үсті-басымызды қағып, әуреге түсіп жатқанымыз. Бір-бірімізден шашырамай, бір үйдің баласындай, белгілі бір уақытта келісіп, үйге қайтамыз. Онда да аулаға дарбазадан емес, жан-жағыңды барлап, қора жақтағы есіктен кіресің. Айналаға қарасаң, төңірек түгел көзге шалынатын жазық жерде осы бір тірлігіміз сырт қараған жанға күлкілі көрінетін шығар деп ойлаймын қазір. Содан әлгінде өзің дайындап кеткен таза, құрғақ киімді алып, жаздық шайынатын жерге кіріп кетесің. Денеңдегі топырақтың қалғанын себезгіден аққан сумен кетіріп, бейне бір ыстығыңды басу үшін суға түскендей, түк білдірмей, үйге кіріп келесің. Бәрімен бірге ұйықтаған адамдай төсекке жата қаласың. Сонда осының бәрін үлкендер жағы білмейді емес, біледі, әрине. Бала ғой деп бір уақыт көз жұма қарайтын болса керек. Бір жағы жауапкершіліктің бір ұшын өзімізге қалдырғандай сезіледі. Қанша жерден уайымдаса да, бізге балалық шақтың осындай бір дәмін сезіндіріп, жақсылыққа ғана сеніп қараған көңілдеріне қайранмын. Кейде ұсталып қалатын сәтің де болады. Онда да қатулы қабағымен бір қарап, ісіңнің дұрыс еместігін бір еске салады. Артық әңгіме жоқ. Сондықтан ба біз де сәл уақыт тыпыршып жүріп, келесі күні қайта әдетімізге басамыз. Қайран балалық!
Қазір осының бәрін еске алып отырсақ, әдемі естеліктердің беті бірінің соң бірі парақталып кете береді. Балалықтың балдәуренін артқа тастап, өзіміз де ата-ана атандық. Балаларымыздың қылықтарына, бұзықтық жасағанына күйініп кеткен сәтте басымыздан өткерген осындай шақтар көз алдымызға тізбектеліп келіп, бойымызға жылылық сыйлап, бала тірлігіне түсіністікпен қарауға жетелейді. Б.Соқпақбаевтың «Біз де бала болғанбыз» дегеніндей, бүгінгі аға да, дана да кешегі балалық көшесінен асыр салып өткен жандар.
Балалығымның бақ мекені
Ауыл жайлы сөз қозғасам тереңнен,
Бәз-баяғы бала кезге енем мен.
Сырт қарасаң моп-момақан жататын,
Ауыл таңы тым ертелеу ататын.
Ыстық нанды майға шылап жағып ап,
Тамақтың да жедік біздер бабын ап.
Таң бозынан жалаң аяқ құм кештік,
Киім үшін болмайтұғын күндестік.
Төрт түлікпен жүгірдік біз жарыса,
Қозы-лақтар еркелейтін таныса.
Құрт-айраннан таршылықты көрмедік,
Ортақ болды, ешбір затты бөлмедік.
Сол еркелік қалды бүгін ауылда,
Ыстық болып бораны да, дауыл да.
Сағынамын құм боратқан желін де,
Қалған сонау бала шақты елімде.
Балалығым өтті менің ауылда,
Алыс-жақын бәрін тартып бауырға.
Бүтін-дағы болмаса да киімім,
Еш адамды жат көрмейтін пейілім.
Бүгін, міне, сағынумен өткенді,
Ұзатып сап жүрмін күз бен көктемді.
Болашаққа өз қолымен ұзатқан,
Ауыл жаққа жаутаңдаймын жырақтан.
Лаура БАҚТЫБАЙ