» » » Сырым ӘДІЛБЕКОВ: «Арманым – төл өнердің төріне шығу»

Сырым ӘДІЛБЕКОВ: «Арманым – төл өнердің төріне шығу»


Сырым Әділбеков «Тұрмағамбет» ақындар үйірмесінің жетекшісі, жастар мәслихатының депутаты
Сыр сүлейлерінің соқпағын жалғап, атадан келе жатқан төл өнердің туын көтеріп, бүгінде жас өренді айтыс өнеріне баулып жүрген жастың бірі – Сырым Әділбеков. Сабырлы қалпымен, қарапайым болмысымен, табиғат сыйлаған талантымен қатарынан оза шапқан белсенді жас – өңір мақтанышы. Туған жердің өркендеуіне тілекші болып, сол үшін аянбай еңбек етіп жүрген дарынды жігітпен сұқбаттасудың сәті де түсті.

– Сырым Смайлұлы, адам баласының өмірдегі ең тәтті кезеңі – балалық шағы ғой. Әңгімені балалық кезеңнен бастасақ...
– Жалпы балалық шақ ересектікке жетелейтін баспалдақ секілді. Бала дәуреннің балдай тәтті кезеңдері әрбір адамның есінен шықпайтыны анық. Менің балалық кезім қарапайым ауылда өтті. Жазында ыстық топырағында жалаң аяқ жүгіріп, қыстың қарына шанамен сырғанап ойын баласы атандық. Осы ойын арқылы ойымызды тазаладық. Әлі күнге дейін балалық дәуренді аңсайтыным рас. Алайда ол күндердің қайта келмейтіні ақиқат. Балалық кезең – күнәдан ойың да, бойың да таза бал күндер ғой. Осы бал күндерім қаншама бақыт сыйлады. Сол бақытты күндерімнің арқасында бүгінде өзімді бақытты жанмын деп есептеймін.
– Сізді айтыскер, ақын, бүгінде ұстаз ретінде танимыз. Біз білмейтін басқа қандай қырыңыз бар?
– Ақындық қабілет сонау мектеп қабырғасында бойымыздан бұлқынып шыға келді. Сонымен қатар спортпен де айналыстым. Өнер мен спорттың бірін таңдау қажеттілігі туғанда, ақындыққа бет бұрдым. Айтыскер ақындығымнан бөлек, ара-тұра той басқарып, асаба болатын да кездер болады.
– Айтыс үйірмесін жүргізудесіз. Өңір өрендерінің айтыс өнеріне қызығушылығы қандай?
– Нұр-Сұлтаннан ел қатарлы білім алып, ауылға келіп ел жүйріктерін тәрбиелеу мақсатында ақындар үйірмесін ашқан болатынбыз. Қасиетті шайырлардың мекенінде төл өнерге деген сұраныс жоғары. Қазір үйірме құрамында 18 шәкірт тәлім алуда. Айтыс өнерін меңгеруге ниеттілер саны күн санап арта түсуде. Алдағы уақытта біз баптаған өнерпаздардың талай додада топ жарып, бәйге алатынына нақ сенімдімін.
– Бойыңыздағы өнер кімнен дарыған?
– «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» дегендей, нағашы жұртымда талайды таңырқатқан өнерпаздар жетерлік. Онан бөлек, өзімнің туған жерім де жүз жырау шыққан шайырлардың, сүлейлердің мекені. Сондықтан туған жердің топырағы да, нағашы жұртымның бойындағы қасиет те асыл өнердің бастауы іспеттес. Атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған талант мені үлкен өмірге жетелеп келеді.
– Кімдерді ұстаз тұттыңыз? Жалпы ақынды тәрбиелеу керек пе?
– «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген халық даналығына сүйенсек, әке мен ананың берген тәрбиесін ешбір білім ордасы бере алмайды. Ата-анам ұстаз болған соң, оларға бір жағынан бала, екінші жағынан шәкірт болдым. Ыстық ұя¬дан түлеп ұшқанша, қанатымды қатайтып, өмірдің мәнін түсіндіріп, адам болып кеткенше бар көмегін аямаған оларға өмір бойы қарыздармын. Осы уақытқа дейін жеткен жетістігім мен бағындырған белесім сол кісілердің тәлімді тәрбиесінің арқасы. Ал мектеп қабырғасынан ақындық қабілетімді шыңдап, үлкен додаларда бақ сынауыма Райкүл Қаратаева, Нұршат Наурызбаева секілді біліктілер өз үлесін қосты. Кейіннен бәйгенің алдын бермей топ жарып жүрген, сыр мақтанышы Мұхтар Ниязов ағамызды үлгі тұттық. Арман қуып астанаға барып айтыс өнерін оқыған кезде Еркебұлан Қайназар төл өнердің тамашасын санамызға сіңірді. Осы ұстаздардың арқасында ұлы мақсаттарға жетуге талпынып жүрміз. «Ұстазсыз – шәкірт тұл» дейді. Мен ұстаздарыммен мақтанамын. Ал ақындықты ешкім үйрете алмайды. Ол – Алладан берілетін қасиет. Бойдағы өнерді дамытып, жетілдіретін ұстаз екені айдан анық.
– Бізді қызықтыратыны – ел ордасы, көпке арман болған Нұр-Сұлтаннан туған мекенге келіп еңбек етуіңіз. Бұған не себеп немесе не түрткі болды?
– Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген керемет сөз бар ғой. Алыста жүріп атым озғанмен, өскен өңірдің берген тәлімін әсте ұмытуға болмайды. Ел үшін еңбек ету – ер жігіттің міндеті деп есептеймін. Ауылымның абыройын асқақтатып, туған жердің бойыма сіңірген қасиетін өзіне маңдай терім арқылы қайтарғым келді. «Әркімнің туған жері – өзіне Мысыр шаһары» дегендей, Нұр-Сұлтаннан гөрі, өз туған қжерім қашанда ыстық.
– «Арман – адамның қанаты» дейді. Сіздің арманыңыз қандай?
– Адам болған соң арманымыз көп, әрине. Бірақ санына қарағанда сапалы арман мен мақсаттың болғаны дұрыс деп ойлаймын. Қазір ел үшін еңбек етіп жүргеннен кейін бойдағы өнерді халыққа насихаттап айтыс арқылы елдің көңілін аулап, төл өнердің төріне шығу – менің басты арманым.
– Шығармашыл адам көбі көңіл-күйдің адамы деседі. Сіз қандай адамсыз?
– Иә, шығармашыл адам болғаннан кейін біраз нәрсе көңіл-күйге байланысты. Мен жан-жағымды әзілмен қамтып, күлдіртіп жүргенді ұнатамын. Ал көтеріңкі көңіл күй арқылы шабытың өлең болып құйылатыны даусыз. Сондықтан мен өзімді көңілді адаммын деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
26 желтоқсан 2020 ж. 1 526 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 141

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 290

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930