Дауларды медиация әдісімен шешу
Бүгін 13 маусым күні «Қазғарыш-Инфрақұрылым» мекемесі ғимаратында «Дауларды медиация әдісімен шешу» тақырыбында кездесу өтті. Шараға ҚХА жанындағы Байқоңыр қалалық медиаторлар, Байқоңыр қалалық билер кеңесінің төрағасы, Байқоңыр қалалық сотының қызметкері қатысты.
Қазіргі өркениетті елімізде, заманның алға басуына байланысты халықтың мүддесі үшін жаңа заңдар қабылдануда. Солардың бірі 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы.
Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
Медиатордың міндеті, өзінің бейтараптығымен – әділеттілікпен, дауласып жүгінген екі жақты татуластырып, бітістіріп, келісімге келтіріп, келісім-шартқа қол жеткізу.
Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып табылады.
Медиация халқымыз үшін тың тақырып емес. Атам заманнан қазақтың ақсақалдары ауыл-аймақтың жер, жесір, қарымта секілді даулары мен тартыстарын айқай-шусыз, әділ шешіп отырғанын тарихтан білеміз. Бүгінгі заманда екі жақтың ісін насырға шаптырмай шешетін бітімгерлеріміз-медиаторлар.
Алдағы уақытта барлық мектептерде медиация кабинетінің жұмысын жүргізу жоспарлануда. Себебі әрбір елдімекендердегі дауларды басу, реттеу сол өңірлерде орналасқан медиаторларға байланысты.
Қорыта айтқанда, медиация заңы қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар жолымен дәрістелген, дәстүрлі әдеп-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, тиімділігі мен болашағы мол.