» » Күре жолдың Ақжар алтын қақпасы

Күре жолдың Ақжар алтын қақпасы

«Ауыл кие... Қасиетті отбасы,
Тот баспаған татулықтың тұтқасы.
Қызылқұм мен Қарақұмды жалғаған
Күре жолдың Ақжар алтын қақпасы...» деп ауылымыздың тумасы, ақын Сәнтөре Пірманов жырлағандай «Ақжар» ауылы алтын бесік болып бағаланатын қасиетті мекеніміз.
Тарихы сонау тереңде жатқан ауылымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан аға-апаларымызды бұл күнде мақтанышпен еске аламыз.
Әр жерден шашырай орналасқан шағын ұжымшарларды біріктіріп, оларды ауыл орталығына жинақтап, қоныстандырған, аудан ауылдары арасында тұңғыш рет көлемді, сәулетті мәдениет үйін тұрғызған алғашқы директор Әбдуәли Бөлегенов, кеңшарға ұн диірменін салғызып, шемішке май, күріш, макарон, конфет, қаймақ шығаратын цехтарды іске  қосқан Жарылқасын Байсалов, ауылды облыс көлемінде алдыңғы қатарлы ауылдар қатарына енгізуге күні-түні аянбай еңбек еткен Оразбек Боқанов, Сырдария өзенінен бастау алатын "Қурайлы", "Аю" каналдары арқылы су әкелген Тиышбай Ешмұратов, механикалық қырманды іске қосып, астық қоймасын, кеңшар күшімен 30 үй, 4 дала қосын, ірі қара комплексі, ауылдық кеңес кеңсесі, шеберхана салу  жұмыстарын біліктілігімен ұйымдастырған Орынбасар Сариев аулымыздың облыс бойынша озат 10 шаруашылықтың қатарына енуіне жол ашты.
Шәкірт жүрегіне жол тауып, оның көкірек көзін ашып, білімге құштарлығын   арттыру жолында абзал да аяулы ұстаздар Таян Жүсіпов, Тұрмахан Тұңғышбаев, Сәден Нұртаев, Байназар Қаражанов, Әнафия Құлпайыстанов, Шакизада Шоқбаров, Айдарбек Әбдіраманов, Зинали Қанбаев және басқа да ұстаздардың алатын орны ерекше.
«Ақжар» ауылының ұмытылмас арулары «Бозарықтың 40 қызы» аға орнына аға болып, ерлердің ісін жалғастырғаны бәріміздің есімізде.
Олардың қиын-қыстау кезеңдердегі азаматтық-қаһармандық істері –  бүгінгі ұрпаққа өнеге.
Мектеп түлектері еңбектегі ерлік ісімен, қайсарлығымен, төзімділігімен шынайылықтың үлгісін көрсете білген Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, Берікбай Сағындықов, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұртай Торманов, экономика ғылымдарының  докторы Әбдуәли Спанов, техника ғылымдарының кандидаты Бөлеп Оразбаев, ақын-жазушылар Сәнімкүл Желдербаева, Адам Мекебаев, Насрадин Сералиев, Сәнтөре Пірманов, «Күміс көмей Көшеней» атанған Көшеней Рүстембеков, республикалық балық шаруашылығы министрлігінің қызметкері Төлеген Алмаханов, аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Нәжмадин Сқақов, агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы болған Әбдірей Бөрібаев, аудандық партия комитетінің хатшысы болған Болатбек Сүлейменов, аудандық астық қабылдау мекемесінің директоры қызметін атқарған Сағаладин Керуенов, аудандық ауруханаға бас дәрігерлік еткен Қалдыгүл Бәлібаева, ұзақ жыл Қуаңдария кеңшарын басқарған Абат Кенжалиев, Ілияс Мырзақұлов, ауылымыздың жасыл желекке орануын бірінші жолға қойған, ауыл халқы үшін ұмытылмайтын асыл азамат, жұмысшылар комитетінің төрағасы, ауыл әкімі болған Өмірбек Кенжалиев, ауыл тарихын жинақтап, болашақ ұрпаққа мол қазына етіп тастап кеткен «Құрмет белгісі» орденінің иесі, кітапханашы Рахия Есмахановалар әркез жадымызда.
Ауылымыздың батыс шетіндегі Ораз-Мұхаммед ахун Бекетайұлы бабамыздың күмбезді кесенесі, бейіті – ұрпақтар үшін киелі орындардың бірі.
Ауылымызда ахун-ұстаздар дәстүрін жалғастырған, Бұхарадағы медреселерден білім алып, халқымыздың діни-исламдық дүниетанымынан ауытқымай өмір сүруіне ықпал еткен Есмахан Қауғаұлы, Шоқбар Ізтелеуұлы, Құндақбай Құпияұлы, Сыдық молда Әйтімбаласы, Әшіман Жұбайдаров тағы басқаларының қызметтерін халқымыз ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келеді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ұрпақтардың жаңа жетістіктерге жетуіне мәңгілік бағыт-бағдар беретін ерекше тұлға ол – қазақ тарихындағы қаһарман тұлғалардың бірегейі, Социалистік Еңбек Ері, қазақтың Мересеві – Қасымтай Ізтелеуов.
Алдыңғы толқын аға-апаларымыздың салып кеткен сара жолы – бұл күнде біздер үшін бағыт-бағдар беретін, айнымас үлгі тұтар дара жол.
Ауылымыздағы «Талап» тәтті өнімдер цехы, «Ақжар» тігін цехы бүгінгі күн талаптарына сәйкес қызмет көрсетуде.
«Ораз ахун ЛТД»  ЖШС төрағасы Жомарт Жақсылықұлы мен «Ақжар» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Жәмитұлы ауылымыздың гүлденіп көркеюіне  нәтижелі  жұмыстар жасап, мектеп, балабақша, зейнеткерлерге, түрлі іс-шараларға демеушілік көрсетіп келеді.
2015 жылы жаңа типтік жобада салынып, ел игілігіне пайдалануға берілген Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы клуб үйінің бұл күнде аудан емес, республикаға танылмал болуы – ұжым мүшелерінің тынымсыз тер төгуінің нақты дәлелі.
Үйірме жұмыстарының нәтижелілігінің арқасында «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері облыстық «Әжем айтқан ертегі» байқауында жүлделі ІІІ орынды жеңіп алса, «Үздік клуб-2019» байқауында ІІ орынды иеленді.
Республикалық «Үздік клуб – 2020» байқауында «Үздік клуб – 2020» номинациясын иеленіп,1 млн теңге сыйақыны  жеңіп алды.
Қазіргі таңда ауыл жұртшылығы өздерінің бос уақыттарын тиімді  пайдаланып, кіндік қандары тамған, ата-бабаларымыз өмірін осында өткізген қасиетті мекеніміздің киелі ұстанымы ауызбіршілік, татулық, достық, жолдастық, еңбексүйгіштік, білім-ғылымға, жаңалыққа құштарлық, тағы басқа адамгершілік, имандылық қасиеттерін жаңа буын ұрпақтарына жалғастыруда.
Жаңа Қазақстанды құруда туған ауылымыз Ақжардың тарихында ғылыми-техникалық жаңалықтардың кеңінен еніп, өсіп, гүлденіп, шаңырақтарының биік, керегелерінің кеңге жайыларына сеніміміз мол. Бұл туған жеріміз, қасиетті мекеніміздің, туған өлкеміздің тарихы жайлы «Ақжардың 60 жылдық» торқалы тойында жерлестеріміз Темірхан Тебегенов, Қуан Байқожаевтар өздерінің сүйіспеншіліктерін ауылда жемісті еңбек еткен барлық өнегелі тұлғалардың, Ұлы Отан соғысының,ауған соғысы ардагерлері, еңбек ардагерлері, Батыр аналар, жыршы-жыраулар, ұстаздар, түрлі сала мамандары жайлы кеңінен насихаттап, болашақ ұрпақ үлгі тұтып, қастерлеу мақсатында баспадан жарық көрген кітаптары бұл күнде  әрбір үйдің кітап сөресінің төрінен орын алғандығы көңілге қуаныш ұялатады.
Рая ЖӨНЕЙТОВА
10 маусым 2022 ж. 750 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930