Мейірім төккен мереке
Бала өмірдің мәні мен сәні, ата-әжесінің, ата-анасының әні. Әрбір үйде тай-құлындай тебісіп, сыңғырлаған сәбидің күлкісі естілуі – үлкен бақыт, шаттық. Бала қуанышы қашан да жүректі, жанды жылытады. Балалық шақ ең таза, кіршіксіз кезең. Бар жақсылықты балаларға беріп, оларды қорғау, қолдау әрбіріміздің міндетіміз. 1 маусым – Балаларды қорғау күні болды. Оның үстіне биыл Балалар жылы. Аудан бойынша атаулы күн балаларға мейірім шуағын төкті.
Орталық алаң. Қызылды-жасылды түрлі шарлар. Әсем безендірулер. Ине шаншар жер жоқ. Барлығы бала. Ата-анасы қолынан ұстап тәттілермен қуантуда. Аудан балабақшаларының бүлдіршіндері керемет биімен, өнерімен талайын тамсандырса, өнерлі балақайлар әннен шашу шашып көрерменге көтеріңкі күй сыйлады. Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік іс-шара қызықтарға толы болды. Мерекенің шырайын келтірген ертегі кейіпкерлері балаларға қызықты ойындар ойнатты. Салтанатты кеште аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов құттықтау сөз алып, бүлдіршіндерге ыстық лебізін білдірді.
Мереке қарсаңында «Дәметкен Ана» демеушілігімен балалар ойын алаңы ашылып, биылғы «Балалар жылы» қарсаңында Жосалы кенті бойынша Тәуелсіздік ықшам ауданында және Тайшық би көшесінде орналасқан бұрынғы «Марал баба» мешіті орнына балалар ойын алаңдары салынатынын, одан бөлек облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бюджеттен тыс көздерден 5 балалар ойын алаңын салу жоспарлануда екенін жеткізді.
Сонымен қатар аудандық кәсіпкерлердің қолдауымен әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, көпбалалы отбасының балаларына 50 дана велосипед табысталып, кент және «Демеу» еріктілерінің ұйымдастыруымен 1500 құйылмалы балмұздақ тегін таратылды. Сонымен қатар балалар игілігі үшін, ойын-сауық (батут) құралдары тегін қызмет көрсетті.
Сол күні мерекеге орай және Қазақстан Полициясының 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында аудандық Полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, ауданның «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігіне барып «30 игі іс» акциясын өткізді.
Іс-шара барысында қызметкерлер балалардың қолөнерімен танысып, өскелең ұрпаққа бақытты балалық шақ тіледі. Іс-шара соңында балаларға тәттілер таратылды.
Аудандық балалар кітапханасында биылғы «Балалар жылына» және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Біз бақытты баламыз» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынды кітапхананың белсенді оқырманы Айару Ерғабылова жүргізді. Балдырғандарға арналған салтанатты кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлшара Бөгенбайқызы ашып беріп, балаларға ақ тілегін ақтарды. Мұнан соң, кітапхананың тұрақты оқырмандары Нұрайым Алмасбек, Байкен Әмірбеков, Айым Баймахан, Нұрдана Әмірбекова, Еркеназ Құрманғалиева, Раяна Несіпбек, Нұрбану Жарылқасын, Әділет Марат, Нұрайым Алмасбектер мәнерлеп өлең оқып, әсем әннен әуелетті. Мерекелік іс-шараға арнайы келген бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Барлық мерекеге қатысушы балалар түрлі-түсті бояумен сурет салды. Іс-шара соңында балаларға базарлық таратылды. Мерекенің мерейлі өтуіне атсалысқан, демеуші болып балаларды сыйымен қуантқан жеке кәсіпкерге ата-ана да, ұжым да алғысын жаудыруда.
Бабадан қалған ұлы өнерді дәріптеу мақсатында аудан әкімінің қолдауымен, К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы және «2022 жыл – Балалар жылы» аясында 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Қорқыттан қалған қоңыр үн – VІІ» атты облыстық балалар шығармашылығы байқауы өтті.
Оған қатысушылар «Дәстүрлі ән-жыр» және «Дәстүрлі күй» жанрлары бойынша бақ сынады. Және жас ерекшелігіне сай үлкен және кіші топтарға бөлінді. Облыстық өнер додасына Қармақшы, Арал, Жаңақорған, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласынан 30 талапкер өтініш беріп, барлығы ереже талаптары бойынша жеткіншектер өз өнерлерін ортаға салды. Осы орайда жыраулар үйінің ұстаздары талантты да талапты балалардың ұлттық өнерге деген қызығушылығының ерекше екенін, әрі жыл сайын қатысушылар санының артып жатқанын зор қуанышпен жеткізді.
Балалар шығармашылығы байқауының алғашқы құттықтау сөзін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың жеңімпаздарын анықтау үшін облыстық филармонияның әртісі, ақын, жыршы Әділхан Қуаңбаев, аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінің мұғалімі, күйші Бағдагүл Мәденова, аудандық мәдениет үйінің мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі, сазгер, музыкант Мұхаметқали Бағатов жас талапкерлердің өнерімен танысып, сахналық мәдениеті мен орындаушылық шеберліктеріне, дауыс мәнеріне жан-жақты талдау жасап, төрелік етті. Қазылар алқасының шешімімен жас таланттар өнеріне сай жүлделі орындарды иеленді. Байқауға қатысқан барлық қатысушы және ұлттық өнерге баулып, шәкірттерді тәрбиелеген жетекшілер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының арнайы дипломы мен алғыс хаттармен марапатталды.
Бір ескерте кететін жайт, қазіргі уақытта қылқобыз үйірмесінің әр аудандарда дамып, жүйелі жұмыс жасауы нәтижесінде қылқобызшылар да бөлек марапаттарға ие болды. Бұл облыстық дода – қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық өнердің атадан балаға көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналып жетіп, жастарға тамыры терең тәлімнің, елжандылық пен батырлықтың, туған жерге, елге адалдық, адамгершілік қасиеттердің ұтымды насихатталуының айқын көрінісі бола білді. Балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында балалар бақ сынап та, ұлттық өнермен сусындап да үлгерді.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен аудандық спорт және денешынықтыру бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балалар мерекесі қарсаңында «Бар мейіріміміз – балаларға» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шара жеке кәсіпкер Жанар Бұқпанованың балаларға арналған ойын-сауық кешенінде өткізілді. Бөлім басшысының орынбасары Ж.Қалымбетов құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараға қатысқан қызмет алушылар мен ата-аналарына мереке күнінде жақсы тілектерін жеткізді. Спорт бөлімінің қызметкерлері балалар арасында спорттық ойындардан сайыс ұйымдастырып, балалардың көңіл-күйлерін көтерді.
Сондай-ақ жеке кәсіпкер Т.Әбубакиров балаларға балмұздақ таратып, бөлім қызметкерлері тарапынан тәтті тағамдардан дастарқан жайылып, сыйлықтар берілді. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағаны үшін Нұртуған Рүстемұлы мен Мұхаммедәлі Талғатұлының ата-аналары іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті де балаларды қорғау күніне орай «Бар мейірім – балаларға» тақырыбында отбасылық эстафеталық сайыс өткізді. Оған түзете-дамыту сабақтарын алушы балалар мен олардың ата-аналары, мамандар қатысты. Бұл сайыстың басты мақсаты – спорттық ойындар арқылы балалардың дене қозғалыстарын жетілдіріп, ойынға деген қызығушылығын арттыру. Мерекелік сайыста қатысушылар екі топқа бөліне отырып, 5 кезең бойынша бақ сынады. Іс-шара барысында ауданның жеке кәсіпкерлері балаларды ерекше сыйлықтармен қуантып, демеушілік жасады. Мерекелік сайысты кабинет басшысы Ләззат Мусаева қорытындылап, алғыс хат пен сыйлықтар табыстады. Сайысқа қатысушы ата-аналар түзете-дамыту сабағын алушы балаларды қуантқан демеушілер мен кабинет басшысына, мамандарына шынайы ыстық лебіздерін жеткізді.
Тілшілер тобы