Рәміздер – киелі құндылық
«Көк тудың желбірегені,
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту,
Жан емес маған керегі –
Көк тудың желбірегені».
Қазақтың аспанында әуелеген осы бір ән, талайдың рухын көтеріп, көкірегінде елге деген патриоттық сезімін оятқаны сөзсіз. Халқымыздың мұқалмас рухын, каһармандығын һәм даналығы мен асқақ арман-тілегін жеткізетін қасиетті нышандар, бүгінде еліміздің егемендігін айғақтайтын мызғымас құндылыққа айналған.
Қазақ күнтізбесінде ойып тұрып орын алған 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күніне биыл 30 жыл толып отыр. Елдің елдігін, мемлекеттік мәртебесін көтеретін бұл рәміздер халықтың рухы мен айбынын білдіріп қана қоймай, мемлекеттің әлемдік өркениет көшіндегі орны мен деңгейін айқындауда. Иә, Мемлекеттік Ту, Әнұран мен Елтаңба – тәуелсіздіктің тірегі, бабалардың асқақ арманы мен асыл мұраты.
Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше. Қысқасы, Отан мен мемлекеттік рәміздер – егіз ұғым. Осы екі егіз ұғым әр азаматтың жадында жүрер болса, онда олардың рухы да асқақ болмақ. Ал рухы мықты елдің алар асулары әрқашанда жоғары болатыны сөзсіз. Осы рәміздердің түп-төркінінде ұлттық рухты көтеру, ізгілікті арттыру, әр адамның кеудесіне Отанға деген іңкәрлік сезімді ұялату жатқаны анық. Рәміздеріне қарап олардың тарихын, мәдениетін, дінін, тілін, дәстүрін, барлық құндылықтарын білуге болады. Мемлекеттік рәміздер еліміз үшін, мемлекет үшін ең баға жетпес қазына, таусылмас байлық. Бұл байлықты әрбір «мен қазақпын» деген азамат ардақ тұту қажет.
Мемлекеттік нышандар арқылы елімізді бүкіл әлем таныды. Өйткені қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті дәстүрі рәміздерімізде көрініс берді. Сонымен қатар нышандар ұлт бірегейлігі мен мәдениет жетістіктерінің көзайымына айналды. Еліміздің бастан кешкен оқиғаларын, баурайы кең жайлауы, ата-баба рухымен сақталған мәдениетін, тұғырлы көкжиегін рәміз тарихынан көре аламыз. Әрбір ұлттық мәдениет өзінің дамуында мұрағат дүниесіне сүйенеді. Рәміз мұрасы мен рухани інжу-маржандардың қадірін біліп, қаймағын бұзбай қазіргі күрделі жаһандану заманында жүйелі түрде жинақтап алуда және оны әрбір жаңадан өрбіген жас ұрпаққа тәрбиелі түрде ұсыну өзекті сипатқа ие. Егеменді ел мен Тәуелсіздігін паш ететін мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, азат елдің символы рәміздерді құрметтеп, қастерлей білу – Отан алдындағы ұрпақтар борышы.
Елге деген құрмет ең алдымен Мемлекеттік рәміздерге деген әрбір азаматтың жүрек соғысынан танылу қажет. Елдігіміздің басты құндылықтары ретінде Елтаңба, Әнұран және Туымызды құрметтеу, қорғау заңмен белгіленген. Ол әркім ойына келгенді істейтін қолжаулық емес. Ол елдің, ұлттың ұғымында да берік қалыптасқан киелі ұғым. Сондықтан киелі құндылықты құрметтеу ол бүгіннің ғана тапсырмасы емес, ата-бабамыздан жалғасқан қастерлі аманат.
Ерсін ӘЛІБАЙ