Намыс туын көтерген
БӨРТЕБАЙ ТӘЖІБАЙБАЛАСЫ 1920 ЖЫЛЫ №12 АУЫЛДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. СОЛ КЕЗДЕ ВОРОШИЛОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПКЕ БАРЫП, БАСТАУЫШТЫҚ БІЛІМ АЛҒАН. АУЫЛ ӨМІРІНЕ ЕНДІ АРАЛАСҚАН УАҚЫТЫНДА СОҒЫС БҰРҚ ЕТТІ ДЕ АЛДАҒЫ АРМАН МАҚСАТ КЕНЕТ ҮЗІЛІП ТҮСТІ.
1941 жылы жазда соғыс басталса, сол жылғы 17 қазанда атамыз әскерге жүріп кетті. Өзі қатарлас балаң жігіттер дайындықтан өтті, соғыс әдістері түсіндірілді. Көңілдерді бір үміт, бір үрей билеген олар ұрысқа жіберілді. 219-полктің құрамына іліккен атамыз Эстон жеріндегі майданда қызмет етті. Шабуыл кезінде қанды көйлек достарының бірқатарынан айырылады. Өзі үшін, ауылындағы ата-ана, жақындары үшін ғана емес, қыршын қарулас дос үшін де оқ ату қажет болды. «Отан үшін жанын пида еткен сол бір боздақтар қандай қошеметке де лайықты. Бізді сол достарымыздың аруақтары қолдады» деп атамыз үнемі ерте кеткен қаруластарын еске алып отырушы еді.
Елге қуанышпен оралған атамыз «Ақжар» кеңшарында еңбек жолын жалғастырды. Алғашқы жылдары күріш егумен шұғылданды. Күріш егудің сырын меңгерген атамызды ауыл әкімшілігі егіс бригадирлігіне жоғарылатты. Енді ол жеке гектарлар емес, бригада бойынша мол өнімге жетудің жолдарын қарастырды. Әжеміз Түктібайқызы Хадишамен шаңырақ көтеріп екеуі әрі қарай қол ұстасып еңбек жолын «Октябрь» кеңшарына көшіп барып, шопан таяғын ұстап жалғастырды. Бұл істе де еңбегі нәтижесіз болмады. Қойдан төл, қаракөл, жүн алуда жақсы көрсеткіштерге жетіп жүрді. Осы табыстары жоғары бағаланғандықтан «Еңбек Қызыл Ту» орденімен салтанатты түрде марапатталды. Әжеміз екеуі алты перзент сүйіп, оларды адалдықпен адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіре отырып әрдайым «Еңбек еткен – мұратқа жеткен» деп ақылын айта отырып өсіріп жетілдірді. Тұңғышы Төлепберген ағамыз ұзақ жылдар бойы механизатор болып еңбек етіп, қазіргі таңда құрметті еңбек демалысында. Бибігүл апамыз да көп жылдар есепші қызметінде болып қазір зейнет демалысында. Әке сөзін бойына сіңіріп өскен Дәмеш апамыз «Еңбекпен келген нан тәтті» демекші, жастайынан саудамен айналысып жеке кәсіпкерлікті мұрат етуде. Малика анамыз да бейнетінің зейнетін көруде. Марита апамыз көп жылдар бойы денсаулық саласында қызмет атқарып жүрген ақ халатты абзал жан. Осы алты баладан тараған немере мен шөберелер еліміздің әр қалаларында абыройлы қызметтер атқаруда. «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам – опасыз, оңбаған адам» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, атамыз Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, ұрпағы мен халқының намысын қорғағаны өз халқын шын сүйетіндігінен болса керек.
Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан атамыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады.
Аман ЕШМҰХАНОВ,
немересі