Бізге өзі кім керек?
Өткенде пойыздағы мына диалог біраз ойландырып еді. Енді ғана мектепке табан басып жүрген кішкентай оқушыға үлкендердің бірі «Балақай, өскенде кім болғың келеді?» деді. Сонда әлгі бала ойланбастан «Әнші боламын» деп жауап берді
Иә, қазір қаптаған әншіден көп адам жоқ. Заман көшіне сай екенін алға тартып әуенін бұралқы, тілін тілім етіп жүр. Ал осы сұраққа «мен ғалым боламын» не «ІТ маманы боламын» деген жауапты қашан аламыз? Бір уақыттары талқыға түскен «Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек» деген пікір қазір орындалуы керек секілді. Тереңіне үңіліп көрейік. Қазаққа кім керек?
Бірде бір апамыз төсек тартып ауырып қалыпты. «Жасым келдіге» салып, тамағынан ас өтпеді. Қысқасы өмірге деген құлшынысы жоғалды. Бөлмесінен шықпайды, теледидар көрі-і-іп жатады да қояды екен. Мұның емін таба алмаған балалары әбден мезі де болған. Алайда бір күні ұлттық арнадан Димаш Құдайбергеновтің өнерін көрсетіп жатыр екен. Апамыз теледидар дауысын қатты қойып, қосылып ән шырқап отыр. Келесіде де сол әншіні тағатсыздана күтіп әлек. Жоқ. Уақыт өте келе апамыз орнынан тұрып өз-өзіне қарай бастайды. Әдемі жаулығын жауып, табиғатқа серуенге шығады. Мұның сырын білмей дал болған балалары қаумалай келіп сұрайды ғой. Сөйтсе әлгінде өлең айтқан Димаштың әнінен, оның орындау шеберлігінен рухани қуат алған екен ғой. Жаны жасарып, ем алыпты. Сондағы өнердің құдіретін бағамдай беріңіз. Бірақ бұл қазір қаптаған «жастардың стиліне» мүлдем қатысы жоқ. Қызыл-сарыға шашын бояп, «сырғаланғандар» аттап басқан сайын кезігеді. Бұттарын бұлтитып, үстіне жабыстыра бірдеңені іліп алады. Ілмесе ол да жоқ, ашық-шашық сахнада тайраңдап жүр. Тіпті фонограммасыз айтқанын көрмейсің, көрсең ұлыған аш қасқырға тап болғандайсың. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен бұлай «хайп» қуу ұзаққа бармасы сөзсіз. Құлағынан құлаққап түспейтін жастардың да миы әбден су болған. Уақытының көп бөлігін сабақ оқуға жұмсамаса да ән тыңдап, билеп не азаннан кешке дейін әлгілердің өмірін әлеуметтік желіден аңдып отыруға құмар.
Қазір күн өткен сайын даму үстіндеміз. Заман көшінен де қалмау керек. Не істеу керек? Ол үшін алдымен бізге мықты маман керек. Яғни, технократтар. Иә, бір-екі шараға робот әкеп, «түймедейді түйедей» етіп көрсетуге құмармыз. Қараңызшы, біздің елде құрастырылмай жасалатын техника шықты ма? Дайын дүниені әкеп құрастырып-құрастырып «Қазақстанда жасалған» деп айдар тағамыз. Сол «легоның» бөлшектері Қытай, Жапон сияқты елдерде жасалады. Тіпті Apple мен Samsung-тің бәсекелестігі күн санап өрши түсуде. Бірі – функциясын ауыстырды, құлаққабын тоқсыз етті, бірі – суретке түсіретін камерасын ұлғайтты. Жастар «понт» көретін айфонның қазіргі камерасы фильм түсіргендей түсіреді. Ал Samsung компаниясы буынсыз екі бүктелетін ұялы телефон құрастырып шықты. Кәнігі қалтафон, ортасынан ашсаң планшет болады. Екі бетін де қолдана аласыз. Бастысы бүк түсіп, қолын бір сілтеп жатқан жоқ. Керісінше одан әрі дамудың үстіне дамып жатыр. Біз ше? Қалып қойған жоқпыз ба?
Марсқа қонақ үй салатынын естігенде таң қалдық қой бір жылдары. Көше емес, қала емес, кәнігі Күннен кейінгі планета. Бірде бір ағамыз айтып еді «біз мәшине мінемін дегенше жұрт сәмәлөт мінеді» деп. Соның кері болмасақ болғаны. Бізде де намысты, техниканы меңгерген жігіттер бар. Оқыса, талаптанса, серпілсе өзгеден кенде қалмайды. «Өнер жастан шығады». Идея бар. Бірақ соны қозғау керек. Ұйқыдан ояну керек. Біз оянамыз дегенше «байлығымыз» сарқылып қалмаса болғаны. Қайғының көкесі сонда болады.
P.s
Бізге өзі кім керек? Әрине шектен шықпаған өнерлі де, бос жатпаған білімді де керек. Бастысы, «Өлең – сөздің патшасын» біліп, «ақылға бірлік керегін» санаға сіңірсек болғаны емес пе?
Айнұр ӘЛИ