Айтамыз үмітпенен жарамазан
РАМАЗАН – ОРАЗА АЙЫ. АЛ ОРАЗАНЫҢ НЕ ЕКЕНІ МҰСЫЛМАН ҚАУЫМҒА ЕТЕНЕ ТАНЫС. ОҒАН ҚОСА ТЕК ОСЫ АЙДА ҒАНА ОРЫНДАЛАТЫН ДІНИ СЕНІМДЕР ДЕ АДАМДАРҒА БЕЛГІЛІ. АЛ ОСЫ ОРАЗА АЙЫНДА ҒАНА АЙТЫЛАТЫН ЖЫРДЫҢ БІРІ – ЖАРАМАЗАН. БҰРЫН БҮКІЛ ҚАЗАҚ АУЫЛЫ ЖАРАМАЗАНДЫ ЖЫРЛАЙТЫН БОЛСА, ҚАЗІР ҚОЛДАНЫСТАН ШЫҒЫП БАРАДЫ.
Елімізде Рамазан айында жылдан-жылға ораза ұстаушылардың саны молаюда. Осыған орай ата-бабамыздан бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра болып жеткен жарамазан жыры қайта жаңғырса дейміз. Оған себеп, бұл жырдың басты мақсаты – ораза ұстаған жандардың көңілін көтеру, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлік пен ізгілікке шақыру. Оған балалар мен жасөспірімдер таныту арқылы өздері де үлкен өнеге алары анық. Ал бүгінде жастардың басым бөлігі бұл салт-дәстүрді ерсі көреді. Қызығушылықтары басқаға ауған заманда, қасиетті айда көшенің сәнін келтіріп, үй-үйді аралап, жарамазанды жарыса айтатындар жоқтың қасы. Тек оңтүстік өңірлерде көшеде, көлік кептелісте тұрғанда көлік иелеріне жарамазан айтып жүрген жастарды ара-тұра әлеуметтік желіден көзіміз шалып қалатыны болмаса.
Айта кететін жайт, жарамазан сөзі «жарапазан» деп айтылып та, жазылып та жүр. Бұл қате түсінік. Кеңестік кезеңде жарамазанды жұртқа жағымсыз әрі түк мағынасыз тұрғыда көрсетпек ниетпен – оны ораза уақытында кедейлер кеш түсе байлардың үйлеріне барып, ән-жырмен қайыр сұрайтын дағдының бір түрі болған деп көрсетіп, оның атын да өзгертіп жіберген.
Негізінде жарамазанның бастапқы түбір атауы – жәә-ә рамазан. «Жә-ә» сөзін арабшадан аударсақ, қазақша «келді» деген мағынаны білдіреді. Сонда «жәә-ә рамазан», яғни біздің тілдік үйлесімдікке қарай қалыптасқан «жарамазан» – «рамазан келді», «рамазан айы басталды» деген ұғымды білдіреді. Қарап отырсақ, бұл сөздің пайда болуы рамазан айына тікелей байланысты болып отыр.
Ал оның шығу тегіне келсек, ертеде кедей арабтар рамазан, яғни ораза айы түскенде таң азанымен топ-тобымен бақуат кісілердің үйлеріне барып: «Тұрыңдар. Сәресі ішетін ұлы айдың тағы бір таңы атты. Бәрің де қатардан қалмай, Алланың шапағатына бөленіңдер» деген пиғылдағы сөздерге саятын шумақтары, басқа ешқандай әнге ұқсамайтын мақамы бар әуен-жырды жырлайтын болған. Бұл әндері үшін байлар оларға тиісінше сый-сияпат көрсеткен. Осы әуенді олар «жә-ә рамазан» деп атаған. Сол «жә-ә рамазан» ешбір діндік парыз-сүннеттердің қатарына жатқызылмаса да, исламмен еріп, қазақ даласына келген.
Бір қызығы, ислам Орта Азия мен біздің далаға қарай қанат жайғанда онымен бірге келген жарамазан айту салтын түрік халықтары ішінде тек қазақтар ғана қатаң сақтап қалған. Арабтар оны таң азанымен айтатын болса, қазақтар кеш түсе шырқайтын болған. Бірақ кеңестік әдебиеттерде айтылғандай қайыр сұрау түрінде емес. Жарамазан айту ежелгі қазақтардың ақынжандылық қасиетіне дөп келген. Оны шырқау барысында ақ пейілді көңілмен сәлемдесудің, таза ниетпен тілек арнаудың жарқын үлгілерін өлеңмен құрап, сондай-ақ дінге, исламға қатысты да небір өнегелі сөз шумақтарын жинақтап әуезді әуенге салған. Сөйтіп дос-жарандардың, түтіні бөлек ағайын-туыстардың, тіпті бейтаныс қазақтардың үйлеріне түнде барып айтқан. Оның неше түрлі мақамы бар, бірақ өлең жолдарында біреуден қайыр сұрайтындай сөздер болмайды. Жырға құмар, әуен-сазға жаны құштар халқымыздың жарамазанды басқалардан ерек қастерлеп, оған арнайы әуен шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырғанының сыры осында болса керек. Өкінішке орай діндік қалпымыз өз орнына келіп жатқан мынадай заманда, осындай мағынасы бар жарамазанды – кешегі кеңестік атеистер тәрізді «жарапазан» деген тексіз сөзге айналдырып айту, болмаса жазу әлі де тыйылмай тұр. Ешкім рамазан айын «рапазан айы» демейді ғой. Сондықтан да жарамазанды «жарапазан» деу өте орынсыз. Жарамазанның қадір-қасиетін жете түсінген әрбір жан осыған мән беріп, ең болмаса «жарапазан» деген сөздің қате қолданыс екенін өзгемен бөліссе дейміз.
Жарамазан – рухқа күш беретін, жанға байлық пен нәр сыйлайтын, кедейлердің қанағаты мен байлардың шапағатты болуын, ең бастысы, қайырымды болуын көздейтін дүние. Жарамазан халыққа қайталанбас мерейдің үстемдігі мен жарықтығын сезіндіреді. Мұндағы өлең он бір буынды қара өлең ырғағымен келеді. Тек әр шумақ айтылып болған соң арасында: «Мұхаммед үмбеті айтқан жарамазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген тілек қайталанып айтылып отырады. Жарамазан мәтіні айтыла-айтыла әбден қалыптасқан жаттанды шумақтардан құрылады. Әрине, айтушы өзінің қабілет-қарымына орай, жаттанды мәтіннің қаңқасын бұзбай өз ойынан да шумақтар қосып айта беретін болған. Үй иесінің көрсеткен құрмет-сыйына қарай оның жомарттығын, шүлендігін марапаттап, алғыс-тілек те айтады. Кейде көңілден шықпағандарды қуақы тілмен келекелеп, әзіл-қалжыңға да айналдыратын сәттер болады. Негізінен жарамазан жыры үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлімі – желдірме деп аталады. Үй иесінің ұйқысын ашып, өздерінің жарамазаншылар екендігін айғақтау мақсатында. Екінші бөлімде жастар ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиеттер айтады. Ал үшінші бөлімінде үй иесіне тілек тілеп, бата берумен аяқталады.
Жарамазан жыры тәуелсіздік кезеңде қоғамда діни бостандықтың оралуына байланысты ел арасында қайтадан көрініс тауып отыр. Бүгінде қазақ өнерпаздарының арасында діни, насихат өлеңдер айту баршылық. Ал жарамазанға арнайы ән жаздырып, бейнебаян түсіріп, нақышына келтіре орындап жүрген жалғыз топ «Алашұлы» тобы. Биыл мешіттерде жарамазан айтуды жаңғыртуы – игілікті бастама. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы рамазан айына орай жарамазан жырын жатқа айтудан сайыс ұйымдастырылатынын мәлімдеген болатын.
Бүкіл қазақ пен мұсылман жұрты үшін ең ұлық ай болып есептелетін Рамазанның басталғанын жырлайтын жарамазан да ұлттық болмысымыз бен дәстүрлі дінімізді жаңғыртудағы ұтымды жолдардың бірі. Қазіргі кезде әлеуметтік желіде жарамазан жолдап, ақысын онлайн сұрайтын жарамазаншылардың кездесуі – осы жанрдың жаңа заманға бейімделуге мүмкіндігі бар екенін аңғартады. Атауы мен болмысы өзгеріске ұшырап, бұрмалаушылыққа түскен жақсылықтың жаршысын бүгінгі заманауи қоғамға қайта әкелу құптарлық қадамның бірі болары анық. Себебі адамгершілікті, имандылықты, әділет пен адалдықты, діннің қадір-қасиеті мен тұнығын, оразаны дәріптейтін жарамазанды жаңғырту арқылы ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ