«Шоколадты құлпынай» – Жосалыда
Әйел – үйдің берекесі, отанасы. Оған артылар жауапкершілік те мол. Үйдің тіршілігі, жұбайының қас-қабағы, бала тәрбиесі дегендей санамалап кете беруге болады. Онымен қоса қазіргі күнде әйелдер ерлермен қатар қызмет атқарып, кәсіпті де дөңгелетуде. Осындай зор жауапкершілікті алып жүрген нәзікжандылардың арасында сүйікті ісін де қатар дамытып жүргендер кездеседі. Бүгін біз әңгімелемек болған екі кейіпкеріміз де сөзімізге айқын дәлел болмақ.
Олардың ұқсастығы – екеуі де бір-бір әулеттің отанасы. Ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты аналар. Негізгі жұмыстары да бар. Алайда бір жұмыспен шектеліп қалмай, қызығушылығы (хоббиі) арқылы қосымша табыс табуда. Күнделікті жұмысқа барып, жалақы алу – бұл белсенді табыс көзі болса, қосымша табыс белсенді жұмыс істеуіңізді талап етпейді. Ерекшелігі – қосымша табыс өз мүмкіншілігіңіз бен мақсатыңызға тәуелді. Бүгінде қабілет-қарымыңыз жетсе табыс көзіне айналдырарлық дүние жетерлік. Бар жан-дүниеңізді салып жасаған, өз қолыңыздан шыққан бірегей дүние әрдайым құнды болады. Ал ол іс сіздің жаныңызды жадырата отырып, табыс әкелсе, тіпті керемет емес пе?
«Шоколадты құлпынай» сыйлығы жайлы естуіңіз бар ма? Бұл жай ғана қып-қызыл жидек емес, шоколадқа қапталып, қорапқа салынған, өте әдемі орамадағы құлпынай. Мұндай тәттінің түр-түрін әлеуметтік желілерден көрген боларсыз. Кәсіптің бұл түрі енді жанданып жатқандықтан, ауданнан табыла бермейтін. Арнайылап қалаға тапсырыс беріп, күтіп жүретінбіз. Жақында кенттің жарнамаға арналған топтарында «шоколадты құлпынайға» тапсырыс қабылдайтыны туралы жазыпты. Дереу нөмірді теріп, тапсырыс беріп, дәмін де таттық. Онсызда дәмі тіл үйірер құлпынай шоколадпен қапталғанда тіптен ерекше болады екен. Кенттегі мұндай ерекше тәттіні дайындайтын жан – Гүлстан Боранбаева. Негізгі мамандығы – тәрбиеші. Ол кезекті еңбек демалысын бос өткізбей, жаңа дүниені меңгерген.
– Қазіргі уақытта кент тұрғындарына балғын құлпынайдың жоғарғы сұрпы мен шоколадтың қосындысынан жасалған керемет дүниені ұсынып отырмыз. Әр бизнестің өз қызығы мен шыжығы бар. Сол сияқты бұл құлпынайдың да өзіне тән машақаты жетерлік. Шоколадқа құлпынай салынады, оның несі қиын деуі де мүмкін. Бірақ шоколадтың еру температурасы, құлпынайды тазалау техникалары шамалы білімді қажет етеді. Мұны арнайы марафоннан меңгердім. Қажетті құлпынайды сатып алғанда әрдайым балғын түрін таңдаймын. Сондай-ақ шоколадты құлпынайды алдын ала жасап қоймаймын. Өйткені оның сақталу мерзімі 24 сағат. Тапсырыс берушінің қажет уақытына қарай арнайы жасап беремін және оны тұтынушыға да ескертіп отырамын, – дейді ол.
Қазіргі нарық заманында барлық нәрсенің қымбаттап жатқаны белгілі. Қосымша табыс осындайда көпке көмек болары анық. Кейіпкеріміз бүгінде ебін тапқан жанға еселі еңбектің жемісі боларын айтады.
– Мұндай істі үйде отырған аналарға, тіпті жұмысы барларға да ұсынар едім. Мәселен, өзім көпбалалы анамын. Бұл ең болмаса балалардың қажеттілігін жабуға көмектеседі. Әрбір бала – бізге берілген аманат. Баланы өмірге әкелген соң, оны мүмкіндігінше ештеңеден тарылтпай киер киімі мен ішер асын табу – біздің міндетіміз. Ата-ана ретінде алдымызға мақсат қойып, оларды жетілдіруіміз қажет. Менің қолымнан мұндай келмейді ғой деуіңіз де мүмкін. Алайда Алла әрбір пендесіне әртүрлі қабілет береді. Тек оны шыңдап, өмірімізге пайдалана білген абзал. Мысалы, әпкелерім өз жұмысымен қоса тапсырысқа түрлі тәттілер пісіреді. Менде ол қабілет болмағанымен, қолөнерге жақынмын. Жұмысыма қажетті көрнекіліктерді ерекше етіп безендіргенді ұнатамын. Түстерді үйлестіре бояу жаныма жақын болғандықтан құлпынайды әсемдеу, өрнектеу маған қолайлы іс. Сондықтан «Шоколадты құлпынай» дайындау – мен үшін әрі пайдалы, әрі жағымды, – дейді ерекше сый иесі.
Түйін
Кейіпкерлеріміздің айтуынша, ынта болса бәрін іске асыруға болады. «Жұмыс жоқ» деп өзгеге кінә артқанша, бойдағы қарым-қабілетті жетілдіре білген де жөн-ау. Оның үстіне қазіргі кезде дүкен іздеп шарқ ұрмай-ақ, әлеуметтік желі қарқынды дамып тұрған уақытта сіз де қиындықсыз қосымша табыс таба аласыз. Бастысы, ерінбей еңбектенсеңіз болғаны.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА