» » «Шоколадты гүл шоғы» – ерекше сый

«Шоколадты гүл шоғы» – ерекше сый


Әйел – үйдің берекесі, отанасы. Оған артылар жауапкершілік те мол. Үйдің тіршілігі, жұбайының қас-қабағы, бала тәрбиесі дегендей санамалап кете беруге болады. Онымен қоса қазіргі күнде әйелдер ерлермен қатар қызмет атқарып, кәсіпті де дөңгелетуде. Осындай зор жауапкершілікті алып жүрген нәзікжандылардың арасында сүйікті ісін де қатар дамытып жүргендер кездеседі. Бүгін біз әңгімелемек болған екі кейіпкеріміз де сөзімізге айқын дәлел болмақ.
Олардың ұқсастығы – екеуі де бір-бір әулеттің отанасы. Ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты аналар. Негізгі жұмыстары да бар. Алайда бір жұмыспен шектеліп қалмай, қызығушылығы (хоббиі) арқылы қосымша табыс табуда. Күнделікті жұмысқа барып, жалақы алу – бұл белсенді табыс көзі болса, қосымша табыс белсенді жұмыс істеуіңізді талап етпейді. Ерекшелігі – қосымша табыс өз мүмкіншілігіңіз бен мақсатыңызға тәуелді. Бүгінде қабілет-қарымыңыз жетсе табыс көзіне айналдырарлық дүние жетерлік. Бар жан-дүниеңізді салып жасаған, өз қолыңыздан шыққан бірегей дүние әрдайым құнды болады. Ал ол іс сіздің жаныңызды жадырата отырып, табыс әкелсе, тіпті керемет емес пе?


Кез келген сыйлықтың адамға ерекше қуаныш сыйлайтыны сөзсіз. Жылдам қарқынмен дамып келе жатқан қазіргі қоғамда ерекше сыйлықтардың да қатары көбеюде. Әсіресе әйелдер қауымы сый ретінде гүл алғанды құп көреді. Бұрын тек қана табиғи гүл мен бөлме гүлдерін тарту етсе, қазір сабыннан, шоколадтан да гүл жасап ұсынуда. Мұндай ерекше сыйды біздің ауданнан да табуыңызға болады. Кент тұрғыны Гүлназ Төлен білім бөлімінде әдіскер болып қызмет атқарады. Сонымен қоса шоколадтан гүл шоғын жасап көпті қуантуда.
– Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы ғой. Алғашқыда инстаграм желісінен «Шоколадты құлпынайға» қызыға қарап жүрдім. Жасалу жолын іздестірдім. Бизнестің мұндай түрін үйрететін курстар мен марафондар көп екен. Біріне тіркеліп, үйренуге кірістім. Тек құлпынайды ғана емес, сабыннан, шоколадтан әртүрлі формадағы дүниелер мен гүл жасауды да меңгердім. Өзім алғаш рет 8 наурызда ұлымның сыныптас қыздарына арнап жасадым. Қолымнан шыққан дүние өзімнің де, көпшіліктің де көңілінен шықты. Қазір рамазан айына орай шоколадпен қапталған құрма дайындаудамын. Дайындаған өнімді әлеуметтік желіге салғанымда әріптестер мен туысқандарымнан тапсырыстар түсе бастады. Жұмыстан тыс уақытта дайындап беремін. Қажетті заттарымды Алматы, Қызылорда қалаларынан алдырамын, – дейді ол.
Ізденімпаз келіншек бұл білімімен тоқтап қалмай, қазіргі уақытта жемістерден, түрлі тәттілерден гүл шоғын, балалар сүйсініп жейтін мұз кәмпиттер жасауды үйреніп жүргенін айтады. Мұндай дүниелерді әрбір нәзікжандының білгенін жөн көреді. Ал үйренуге кететін қаражат құны тіпті де көп емес. Кез келгеннің қалтасы көтеретіндей ғана екен. Яғни ізденгенге мүмкіндік мол.
– Адам ізденіп көрген кезде ғана байқайды екен. Бұрын «жұмысым бар ғой, басқа не істей аламын» деген оймен шектелетінмін. Марафонға қатысу арқылы жан-жақтан ізденімпаз қыздардың көп екенін аңғардым. Әрбірінен өміріңе пайдалы бір қасиетін, білімін меңгеруге болады. Жаңа құрбылар таптым. Олармен білгенімізді бөлісіп, білмей жатқан жеріміз болса кеңес алып тұрамыз. Қазіргі жасап жатқан ісім нақты кәсіп дей алмаймын, бірақ бұл кәсіпке бетбұрыс немесе қызығушылықпен жасалған алғашқы қадам десем болады. Себебі әрбір өнімді дайындаған кезде күнделікті күйбең тіршіліктен, қалыпты жұмыстан біршама демалып қаламын. Әсіресе түрлі бума, букет жасау мені ерекше шабыттандырады әрі жағымды демалыс сыйлайды. Негізінде адам өзі бірнәрсені қызығушылықпен жасаса, идеядан идея шығып, дамыта береді екенсің. Сондықтан жүрегің қалаған нәрсені қолға алу ешқашан кеш емес. Тіпті жұмыспен қатар алып жүру де қиындық тудырмайды, – дейді Гүлназ құрбымыз.

Түйін
Кейіпкерлеріміздің айтуынша, ынта болса бәрін іске асыруға болады. «Жұмыс жоқ» деп өзгеге кінә артқанша, бойдағы қарым-қабілетті жетілдіре білген де жөн-ау. Оның үстіне қазіргі кезде дүкен іздеп шарқ ұрмай-ақ, әлеуметтік желі қарқынды дамып тұрған уақытта сіз де қиындықсыз қосымша табыс таба аласыз. Бастысы, ерінбей еңбектенсеңіз болғаны.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
23 сәуір 2022 ж. 890 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930