» » Арман бар ма, ұғынысқан жандарда

Арман бар ма, ұғынысқан жандарда


Жақын танитын, аралас-құралас болған жақсы әулеттің қызын көрсе үлкендеріміз құдандалы болғысы келетіні жасырын емес. Қыз айттыру – көнеден бар дәстүр. Жастайынан кәсіпке бейімделіп өскен тәуелсіздік құрдасы Нұрсұлтан Алтынбекұлы мен оның сүйікті жары Фариза Әлібекқызының ата-аналары отбасылық достар. Олардың құда болсақ деген тілектері қабыл болып, кішкентайынан тай-құлындай тебісіп қатар өскен қыз бен жігіттің достығы сүйіспеншілік сезім мен мөлдір махаббатқа ұласқан. Бірі 20, бірі 19 жасында шаңырақ көтерген жастардың отасқандарына биыл – 10 жыл.
Нұрсұлтан бірер жыл бұрын аудан орталығында жоқ тың кәсіптің түрі – кілем жуу орталығын ашса, Фаризаның тәтті торттар пісіретініне міне 5-6 жылдың жүзі болды. Қармақшыдағы ең дәмді әрі бағасы көлеміне сай торт жасайтын кондитерлер қатарында осы келіншек көш бастап тұр. Жарасымды жұптың аудан халқына көрсетіп жүрген сапалы қызметіне жерлестері дән риза. Жақында қос кәсіпкердің қонысында болып, олармен жақынырақ тілдескен едік.

КІЛЕМ ЖУЫП,
КӘСІП ҚЫЛҒАН
Сауда саласында қызмет еткен белгілі кәсіпкер Алтынбек Демесіновтің балалары да осы салаға бейім өсті. Шаңырақтың кенжесі Нұрсұлтан да дәулетті отбасынан шықтым деп қызмет таңдамады. Жалданып жұмыс та істеді, 18 жасынан базарда киім де сатты. Күш жігерім барда неге қамданбасқа деп үйінің ауласынан көлеңке жасап, қолдап кілем жуды. Жұмысбасты жандар уақыты болмаған соң қандай қызметті болса да ақысына істетуге бар. Аяқ астында жатқан соң төсеніш кірлемей тұрмайды. Жылына бір жууға тура келеді. Оны тазарту үшін жазды күтудің қажеті жоқ. Жыл он екі ай қызмет көрсететін Нұрсұлтанның «Нұр таза кілем» орталығына хабарлассаңыз бол­ғаны өзі алып кетіп, небәрі 1 күнде жуып, кептіріп, дү­кеннен әкелген­дей етіп бе­реді.
Жұмыс барысы қалай жүретінін біл­мек үшін кілем жуу орталығын ара­лап көрдік. Іші кең, барлық қажетті техникаларын Түркиядан тапсырыспен алдырған. Бір бөлме кептіру құралдарымен жабдықталған. Жігіт­терде бос уақыт жоқ, күнделікті жұмыстарын жасап жатыр. Жуылған кілемнің, енді жуылуға кезекте тұрғанын санауға саусақ жетпеді. Бұл – орталықтың қызметіне көптің көңілі толатынын аңғартады.
– Осы техниканың барлығына 12 млн теңге жұмсадым. Тапсырыс жаман емес. Қыс, жаз деп мезгіл таңдамаймыз. Күніне 10-15 кілем жуамыз. Былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсын аяқтадым. Соның арқасында «Кілем жуу орталығы» жобасын қорғап, 583 мың теңге мемлекеттік грант ұтып алдым. Грант қаражатына бизнес жоспарға сәйкес 2 дана кілем жуу құрылғысын алдым.
Аудан орталығынан бөлек, ауыл­дық жерлерден тапсырыс­тар түсіп жатады. Арнайы көлікпен тасымал қызметін де ұйымдастырдық. Қосымша екі адамды жұмысқа алдым. Бізге келген тапсырыс еш уақытта кері қайтқан емес. Әр тапсырысқа мұқият қараймыз. Егер ойдағыдай жуып бермесек келесі жолы біздің орталыққа келмейтін болады. Ал біз істеген дүниеміз сапалы шыққанын қалаймыз. Барлығын тексеріп, қабылдап алады. Тұрғындардың дені ризашылығын білдіреді деп сеніммен айта аламын, – дейді жас кәсіпкер Нұрсұлтан.

ТӘТТІ БИЗНЕСІ
СӘТТІ ӨРЛЕУДЕ
Орталықтың қызметімен танысқан соң үйге кірдік. Фаризаның ас бөлмесінде торт пісіретін техникалардың түр-тү­рі, тоңазытқышында қажетті заттары то­лып тұр. Оның ұқыптылығы мен тазалығы жасаған тортының келбетінен-ақ көрініп тұрады. Бір өзі көмекшісіз үйдің тірлігін үлгертіп, жардың қас-қабағын бағып, атаның ас-ауқатын әзірлеп, баланың бабын тауып, кәсібін дөңгелетіп жүргеніне қайран қаласыз.
– Алматы қаласынан жоғары оқу орнын бітірдім. Алайда мамандығыммен жұмыс істемедім. Шаңыраққа студент күнімде келін боп түстім. Маған ақша тап, жұмыс істе деген ешкім жоқ. Қол қусырып қарап отырғанға жаным қас. Әдепкіде той-томалаққа самса, бәліш, тоқаш, пирогтарға тапсырыс алып жүрдім. Кейін торт жасауға қызығып, офлайн, ақылы шеберлік сыныптарына қатыстым. Қызыл бархат тортының енді шығып жатқан кезі. Қызылордадан оқып келіп, қажетті құралдар алып, торт пісіруді 2017-2018 жылдары бастап кеттім. Содан бері мен өз қолымды тапқандаймын. Қазір бірнеше торттың түрін пісіремін. Өзім де сабақ өткізіп, біраз қыз-келіншекке білгенімді үйретіп жүрмін. 2 үлкен пешім, 4-5 миксерім бар. Былтыр мен де қайтарымсыз 583 мың теңгенің грантын жеңіп алдым. Оған қосымша тағы да заттар алып, кем-кетігімді толықтырдым. Алдағы уақытта кент орталығынан қаладағыдай кондитерлік дүкен ашуға ниеттеніп жатырмын, – дейді ақылына көркі сай келіншек.
– Анам марқұм Фаризаны жақсы көретін. Бірақ көптен күткен келінінің шаңыраққа келгенін көре алмай кетті. Бірақ өзі қалаған келіні орнын жоқтатпай үйіміздің берекесін кіргізіп отыр. Әкемізге тек қызық, қуанышымызды көрсеткіміз келеді. Тұңғышымыз Абылай 1-сыныпта оқиды. Шерғазы балабақшаға барады. Сезіміміздің жақында тұсауын кестік. Келіспей қалатын кезіміз жоқ. Екеуміз тез ұғынамыз. Береке – бірлігі бар отбасында ғана болады. Өмір бойы бір-бірімізбен осылай сыйласып, сырласып өтсек арманымыз жоқ, – дейді Нұрсұлтан Алтынбекұлы.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)
16 сәуір 2022 ж. 782 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031