Жарасымды жұп – елге құт
«Құнды тәрбиенің қазығы – ауыл топырағында». Иә, қайсыбір жылдары дәл осы тақырыппен Ақтөбе ауылындағы үлгілі отбасы Досболовтарды мақалаға арқау өткенбіз. Дүкенбай әкеміз бен алтын құрсақты Алтын анамыздың 6 баласы да өнер мен білімнен құр алақан емес. Қыздары барған жеріне судай сіңіп, тастай батса, ұлдары әке жолын жалғап ұсталықты кәсіп етеді. Бірер жыл бұрын кенжесі Әзиз теңін тауып, аудан орталығына қоныс аударды. Қоныс аударуының себебі бар. Мұғалімдік қызметке орналасқан жас маманға мемлекеттік бағдарламамен баспана бұйырды. Гүлнұр есімді ибалы қызды жар еткен жастың сол құтты қонысында бір емес, екі рет шілдехана тойы жасалды. Жақында жарасымды жұптың тағы бір жағымды жаңалығын естідік
Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен "Айқанат" жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген облыстық жас отбасылар байқауына қатысыпты. Жас, үлгілі отбасыларды көрсету, қоғамдағы отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқау екі кезеңде өткен. Аудандық кезеңі елімізде қалыптасқан карантин жағдайына байланысты онлайн форматында ұйымдастырылып, онда Досболовтар үздік деп танылған-ды. Облыстық байқауда да топ барып, І орынды қанжығаға байлады.
Ән айтып, би билеуді, қолына қалам алып өлең жазуды, сурет салып, ағаштан түйін түюді бiлетiн сегiз қырлы, бiр сырлы Әзиз Тәуелсіздік құрдасы. Университет қабырғасында жүргенде облыстық пiкiрталастарға қатысып, Қызылорда қаласының жалынды, белсендi жастарының қатарында болды. Түрлi сайыстың жеңiмпазы атанды. Қазан Мемлекеттiк аграрлық университетiнiң магистратурасын бітірді. Қазір аудандық аграрлы-техникалық колледжінде білікті маман.
2017 жылы отбасын құрды. Тұңғышының есімі – Думан. Биыл Алланың қалауымен екінші ұлы – Досжан Дүкенбай дүниеге келген. Қазақтың заңғар жазушысындай болсын деген ниетпен есімін ырымдап осылай қойыпты. 2018 жылы "Nur Otan" партиясы Қызылорда облыстық филиалы мен "Рухани жаңғыру" орталығы ұйымдастырған облыстық отбасылар байқауына қатысып, "Жарасымды жұп" номинациясымен марапатталса, осы жылы "Жыл үздігі – 2018" қорытындысымен аудан әкімінің "Үздік үлгілі отбасы" сыйлығын иеленді. Міне, биыл жас отбасылар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде І орын биігінен көрінуде.
Әзиз көпбалалы отбасында тәрбиеленді. Ол үшін біреудің ала жібін аттамау, досқа адал, отбасыңа қамқор болу және еңбекқорлық басты қағида.
Жұбайы Гүлнұр: «Жас болған соң ең алдымен отбасында сақталуы тиіс құндылық – сыйластық пен түсіністік. Сонда ғана үйдің түтіні түзу шығып, отбасында береке болады. Көп жағдайда әйел адам өзін бір саты төмен ұстап, еріне қолдау көрсете білсе, бірлік нығая бермек. Біздің отбасымыздың құндылығы осында деп білемін» десе, Әзиз: «Қазір еліміздің керегесі кең, терезесі тең. Кейбір елдердегідей түн ұйқымыз бұзылмай, тыныштығымыз сақталған, еркін күле аламыз. Соған қуанамыз. Мемлекет әсіресе, жастар саясатына ерекше көңіл бөледі. Біздерге жағдай жасалған, мүмкіндік бар. Алдағы уақытта да еліміздің кеңге қанат жайып, гүлденуіне біз, жастар, жас отбасылар атсалысамыз. Өзімнің Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы екенімді және осы елдің азаматы болғанымды мақтан тұтамын» дейді.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ