Алғыс алған арымас
Соңғы бірер аптада редакцияға «алғыс айтпақ едім» деп бас сұғушылар көбейді. Олардың дені жуырда ғана аудандық емханаға келген тәжірибелі хирург-профессор Талғат Әлішұлы Байтілеуовке риясыз ризашылықтарын білдіргісі келеді.
– Балтырымның сыздап жүргеніне бірнеше ай болды. Күндіз жүріп-тұру қиын, түнде маза жоқ. Ішпеген дәрім, жақпаған майым қалмады. Жұмыр басты әр пенде тірлігінде мына жарық дүниенің қызық-қуанышын көп көрсем, бала-шағамның ортасында ұзақ жүрсем дейді ғой. Жасымыз жетпістен асқанмен ауруға бой бергіміз келмейді. Көршілерімнен аудандық емханаға мықты хирург келді дегенді естіп, алып-ұшып бардым. Қабылдауына жазылдым. Саусақтары арқылы нүктелерді басып, себебін анықтады. Қажетті ем домын жасағаны сол еді аяғымның сыздағаны бірден басылғанын қайтерсіз. Мұндай кереметке қуанып, үйден шықпайтын біз той-томалаққа барып шауып жүрміз. Өзі болымды жігіт екен. Адаммен қарым-қатынасы да ерекше. Дәрігер болса осындай болсын. Әуелі Бақытжан Нысанбаевқа рақмет айтамыз. Осындай білікті маманды аудан орталығына шақырып, қаншама адамның сауабына қалғаны үшін, – деді кент тұрғыны Төленді Мырзабаев ағынан жарылып.
Жаңалық естісек байыбына барып, анық-қанығын білуге ұмтылатын біз де көптің алғысына кенеліп жатқан дәрігерді көріп, онымен тілдесуге асықтық. Аудандық емхананың бас дәрігері Бақытжан Сағилатұлына хабарласып, дереу сонда жеттік.
– Бізде хирург маман тапшы. Жастардың дені қалалық жерде жұмыс істегісі келеді. Ал аталған маманға көрінем дейтін науқас саны күн сайын көбеймесе, кемімей отыр. Осыны ескеріп, өтінішпен Алматы қаласынан белгілі маман Талғат Әлішұлын уақытша шақыртқан едім. Сөзімді жерге қалдырмай, шалғайдағы мекеннің тұрғындарына қолдан келген көмегін көрсетуге келген дәрігерге аудан халқының атынан алғыс айтқым келеді. Профессор деген атақ адамға жай бірілмейді. Ол аса жауапты әрі ауыр сала хирургияның барлық сатысынан өткен. Тәжірибесі мол. Қанша адамға ота жасап, қанша науқасты өлім аузынан алып қалып, жарқын өмір сыйлаған. Сондықтан бұл кісіге зор сенім артуға болады. Өкініштісі, білікті дәрігер бізде көп болмайды. Оған басқа аймақтан шақырту түсуде. Қуантарлығы, бізге жиі келіп, арнайы күн белгілеп, сол күні қабылдау жүргізіп тұрады, – деп қуантып қойды бас дәрігер Бақытжан Нысанбаев.
Иә, хирург кабинетінің алдында ұзын-сонар кезекте отырған тұрғындардан дәрігермен сұқбаттасуға рұқсат сұрадық. Себебі ауруы мазалап, күн ұзағына дәрігер қабылдауына кіруге асығып отырғандар үшін 5 минут та маңызды.
– Қасиетті өңірге келгеніме 3 айдай уақыт болды. 1988 жылдан бастап хирург қызметін атқарып келемін. Бірден білікті болып шыққаным жоқ. Біздің уақыттағы дәрігерлер даярлайтын мектеп мықты болатын. Алғашқы еңбек жолымды ауыл, ауданнан бастағанмын. Жосалыға келген бірер айда 40-қа жуық ота жасаппын. Тұрғындардың дені буын, аяқ, тізе ауруларымен шағымданып келуде. Өт тасы, тамыр, неврологиялық ауруларға да қолдан келген көмегімді берудемін. Мәселен 80 процент жағдайда диагнозды науқастың түр-келбеті, жүріс-тұрысы, жатқан жатысына қарап білуге болады. Мен науқастан алдымен бәрін тәптіштен сұрап аламын. Сонда симптомның жүз процент жағдайында бір ауруға сәйкес келеді. Нақты диагнозы табылмаған ауру ешқашан жазылмайды. Қазір қабылдауыма бір күнде 20-25 адам келуде. Арасында жастар да көп. Кез келген аурудың алдын алатын өзіміз. Көп қозғалыс, жаттығу жасап, спортпен айналысу керек. Тамақты да талғап тұтынып, таза су ішу маңызды. Қазір интернетте түрлі жаттығулар бар. Екінің бірін қан қысымы (давление) мазалайды. Ауыра қалсақ уыстап дәрі ішуге асығамыз. Дәріге, дәрігерге көрінуге асықпау керек. Сіздер нағыз сүт пен айран, шұбат пен қымыздың, құнарлы тағамдардың ортасында отырсыздар. Сондықтан саламатты өмір салтын қалыптастырып, көңілді жүруге тырысыңыздар, – деді қарапайым болмысты, әзілі мен әңгімесі жарасқан профессор.
Кезек күтіп отырғандар көп болған соң дәрігердің алтын уақытын алмауға тырыстық. Алайда одан сұрарымыз, маманның айтар кеңесі мұнымен шектелмейді, көп еді.
Қысқасын айтқанда «Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны, әрине денсаулық. Осы олжаны сізге сыйлайтын, оны ауыртпалықтан шығарып алып беретін Талғат ағамыз сынды дәрігерлер көп болсын деп тіледік.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)