Адамға ең тиімді көмек – денсаулықты жақсарту

2011-2015 жылдары «Саламатты Қазақстан» Қазақстан Республикасы денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында алыс жерлерде орналасқан халыққа медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық кешендер қалыптастырылды. Жылжымалы медициналық кешен – бұл арнайы көлікке орнатылып, медициналық бригадамен жасақтандырылған амбулаториялық-емханалық кешен. Ауданда мұндай кешен 2017 жылдан бері жұмыс істейді.
Медициналық кешен арқылы аудан тұрғындарының созылмалы инфекциялық емес ауруларын ерте анықтауға болады. Көптеген қажетті профилактикалық, емдік және сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында азаматтардың денсаулық жағдайын тереңдетіп тексеру үшін көшпелі жағдайда диагностикалық зерттеулердің кең спектрін жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кешен арнайы лифт-пандуспен жабдықталған және онда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жеке кіру есігі қарастырылған.
Ерекшелігі – бір күнде 150 адам қабылдай алады. Тұрғындар ЖМК жауапты терапевт Айжан Болатқызы, кардиолог Бауыржан Қарақұлов, хирург Алжан Жанай, эндокринолог Гүлбану Ибраева, оториноларинголог Нұрлан Тарғанов, окулист Зағипа Көпбергенова, ультра дыбыстық зерттеу дәрігері Бибіхан Болсынаева, педиатр Дәурен Өтегенов және рентген мамандарының қызметіне жүгіне алады. Кешеннің көмегімен 60-тан астам ауруға диагноз қоюға мүмкіндік бар. Кешен халқы аз ауылдарда келушілерді 1 күнде қабылдап бітірсе, тұрғыны көп мекенде 4-5 күнге дейін аялдайды.
Аптасына 2 күн арнайы бекітілген кесте бойынша елді мекенге шығатын жаңа жылжымалы автобус алғашқы жұмысын ІІІ Интернационал ауылынан бастады. Дәрігерлер тобын аталмыш бекетке ауданның бас дәрігерінің орынбасары А.Жаналиев бастап барды. Өңірдегі медицина орталықтарының білікті қызметкерлері ауыл тұрғындарына дәрігерлік кеңес беріп, денсаулығына байланысты айтқан шағымдарына қарай тексеру жүргізіп, ем тағайындады. Топ құрамында хирург, терапевт, лор, окулист, гинеколог, рентген-лаборант, лаборант, УДЗ дәрігері, тіс дәрігері тағы да басқа ауру түрлерін қарайтын арнайы мамандар болды.
– Бізге жүктелген міндет – тұрғындарды әрі-бері сабылтпай, заманауи медициналық құралдарды қолдана отырып, жоғары кәсіби дәрігерлік көмек көрсету. Осы орайда жаңа, жылы, жарық, барлық құрал-сайманы мен техникалары озық автобус құрастырған «СарыарқаАвтоПром» директорына алғысымыз шексіз. Бұл кешен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен аудандық орталық ауруханаға берілді. Қазіргі таңда шалғай орналасқан елді мекендерде өз қызметімізді бастап кеттік. Ауданның медицина қызметкерлері ауыл тұрғындарының сырқатын анықтап, қажетті ем домын жасаудамыз. Барлығы білікті де білімді, жоғарғы санатты дәрігерлер. Олар алдына келген емделушіні бірінші скринингтік тексерістен өткізеді. Егер тексеру нәтижесінде сырқаты күрделі екені анықталса, онда ол адам тізімге алынып, әрі қарай емделеді. Карантин кезінде ауыл тұрғындарының көпшілігі емханаға келіп, дәрігерге тексеріле алмай қалды. Оның үстіне блок бекет қойылып, кентке кіріп-шығу, көлік қатынасы қиындық туғызды. Сондықтан өзіміз барып халыққа қызмет етудеміз. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын таба береді, – дейді жылжымалы медициналық кешенді көмек корсетуге жауапты дәрігер Айжан Болатқызы.
Иә, дәл осындай қысылтаяң кезеңде халық денсаулығынан артық байлық жоқ. Бұл кешеннің сапалы қызметіне әсіресе шалғайдағы тұрғындар балаша қуанып отыр. Адамға ең тиімді көмек – денсаулық сақтауды жақсарту ғой.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА