» » Тәу еттім, қасиетті топырағыма

Тәу еттім, қасиетті топырағыма

Өмір – шебер-ай. Жүрегіңде жылт еткен сәуле болса, қоғамға пайдаңды тигізгің келеді. Зәру адамдарға көмектессем дейсің. Білесің, жақсылықтың өзіңе жақсылық болып қайтатынын. Біздің ауданда да елге мейірімін төккісі келетін, ізгілігін жасағысы келетін еңбек ұжымдары бар. Олар әсіресе, қоғамның кішкентай мүшелеріне, ерекше балаларға қолынан келген көмегін беруден тартынып қалмайды. Осыдан бірер жыл бұрын Жосалы кентінде "Дәметкен ана" жеке қайырымдылық қоры ашылып, жұмысын бас­тады.
Қордың құрылтайшысы, ерлі-зайыпты Зарқұм Бекжанов пен Дина Исмаилова. Бірі – темір жол саласының құрметті профессоры, 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы болса, бірі – медицина ғылымдарының кандидаты, "Алтын дәрігер" иегері. Зарқұм ақсақалдың жасы 85-ке қараса, Дина анамыз 71-ге таяп қалған. Бұл жаста әдетте, үлкен кісілер денсаулығын ойлап, бала-шағасының жанынан ұзай қоймайды. Екі ардагердің өмірге деген көзқарасына қарап, тәнті болмау мүмкін емес. 2-3 жылдың көлемінде басталған таныстығымыз осыған көзімізді анық жеткізді. Себебі, қажыған, қартайған адам көрмедік. Қайта, жігерленген, қайраттанған қарттардың ауылға келген сайын небір жаңалығын арқалап, тың идеяларын алға тартқанын көреміз. Үлкендерді айтпағанның өзінде, орта буын біздер, кейде ұзақ жолға жарамай, қиналып жатамыз. Ал, ата мен әже жылдың төрт мезгілінде ауа райының құбылысына қарамай, мыңдаған шақырымды артқа тастап, "қайдасың, Қармақшының қасиетті топырағы" деп, жеңіл көлікпен зып етіп келіп-кетіп жүргені. Айтары сол, орталық ашылғалы бері екеуі жеке көлігімен 19 мәрте ортаны жол қылыпты. Көбінесе көлікті Дина жеңгеміз тізгіндейтін көрінеді. Сонау оңтүстік астана мен Сыр елінің арасын жалғаған абзал ақсақал мен ақ жаулықты ананың сондағы бас­ты мақсаты – туған ауылға маңдай тіреп, осындағы ерекше балалардың денсаулығына теңіз тамшысындай болса да септігін тигізу.
Орталық әуеліде, "Дәметкен ана" жеке қайырымдылық қоры болып құрылса, 2019 жылы осы қордан "Дәметкен ана" мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы болып ашылады. Бүгінде 8 түрлі қызмет көрсете­тін мекемеге 15 бала тұрақты келеді. Оларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психо­логиялық көмектермен қатар, серуен, емдік сауықтыру-дене жат­тығулары, массаж емі секілді оңалту қызметтері де көрсетіледі.
Орталықтың таңертеңгі тірлігі медбике Альбина Қыдырбаеваның балаларды қабылдап, әрі олардың дене қызуын өлшеп алуымен басталады. Аталған орталық әлеуметтік педагог-психолог Асылбек Қайырбеков, массаж маманы Мұхамеджан Хамидов, әлеуметтік қызметкерлер Ақмарал Маханова, Айқын Жәкеева, еңбек терапиясы бойынша Гүлмира Тоқтықбай, Гүлмира Боқбасарова, логопед-дефектолог Ермек Жанахметов секілді тәжірибелі мамандармен қамтамасыз етілген. Орталықты білікті басшы Әзиза Сәтмаханова басқарады.
– Бізде, барлығы 13 маман жұмыс істейді. Олар балалардың қол моторикасын дамытуға: сурет салуға, тоқыма тоқуға баулиды. Тігін тігіп үйретеді. Ол үшін барлық жағдай жасалған деп айтуға болады. Әр бала дарынды десек, соны аша білуге шеберлік қажет. Шәкірттердің қабілетін танып, шығармашылығын шыңдауда орталық қызметкерлері аянып қалып жатқан жоқ. Осы ретте, Гүлмира Тоқтықбай сіңліміздің жетістігін айтып кетуімізге толық негіз бар. Ол өткен жылы оқушыларын жоғары деңгейлі байқауларға қатыстырып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Оның екі бірдей шәкірті, Ләззат Оралбай мен Нұржан Әскербек "Қыс қызығы" тақырыбындағы республикалық сурет байқауында І орынды жеңіп алып, мерейімізді үстем етті. Маманның ерекше балалармен жұмыс істеудегі әдістемесі ескеріліп, еліміздің Алғыс күні мерекесінде аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды, – дейді орталық директоры елжірей сөйлеп.
Орталықтың алдағы уақытқа жасап отырған жоспары жетерлік. 30 балаға дейін бала санын арттырып, әлі де жетіле түссек дейді. Ондағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі балалардың үйде төрт қабырғаға қарап қалмай, қоғаммен қарым-қатынасын үйлес­тіру. Көбіне-көп ерекше балалар қоғамнан шеттеп, үйде отырып қалып жатады, дейді мамандар. "Балаларымызды жарыққа шығарсақ. Қоғамдық ортаға бейімдеп, қатарға қоссақ. Білгенімізді үйретсек. Келешекте олар өспей ме? Үнемі ата-ана қасында бола бермейді ғой. Сол үшін де тұрмыстық қажеттіліктерді өздеріне жасатып үйрету – біздің асыл мұратымыз. Ор­талықта ұл-қыздарымыз есікті қалай ашып-жабу, газды қалай қосып-сөн­діру, тамақ пісіру, дастарқан жасау, тіп­ті түйме түймелеу, ақша тану мен сауда жасау секілді де дүниелерді игеріп шығады. Әрине, бұл ата-ана мен мамандар тарапынан үлкен төзімділікті, жауапкершілікті керек ететін жұмыс" дейді орталық басшысы сөз арасында.
Әзиза Тәменқызымен дидарласу барысында ұжымның көптеген арман-тілегінен құлағдар болдық. Ғимарат алдынан спорттық-тренажерлық кешен қосу күн тәртібіне қойылған. Қазақстандағы цифрландыру саясатына байланысты мекемеге "програм­мист" жұмысқа алу межеленген. Балалардың компьютер игеруіне, ғаламтормен жұмыс істей білу бейімін қалыптастыруға бұл өте тиімді. Соған сай, заманауи құрылғылар: интерактивті тақта мен интерактивті еден алуға тапсырыстар берілген. Егер құрылғылар қолға тиіп жатса, орталық шәкірттерінің түрлі-түсті бояулар арқылы сурет салуларына, жалпы шығармашылық дағдыларын дамытуға мүмкіндіктер ашылады. Оның ішінде, "Балықтар әлемі", "Тасқа өрмелеу", тағы басқа қызықты да таңғажайып вертуалды әлеммен байланыс жасайды.
Орталықтың өзгешелігі, мұнда балалар 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Ол үшін асханада арнайы даяшы қызмет етеді. Бір қызығы, балалардың арасынан кезекшілік қойылып, ас мәзіріне олар да атсалысады екен. Осылайша, мамандардың қатысуымен бала денсаулығына зиян келтірмейтін еңбек әдістері үйретіледі.
"Дәметкен ана" мүмкіндігі шектеулі балалар орталығының түрлі мерекелерге орай іс-жоспары бекітілген. Өткен жылы 1 маусым – Халықаралық балалар күнінде "Өлкенің гүл жайнаған балалары" атты іс-шарасы өткізілсе, биыл "Бар мейіріміміз – балаларға" тақырыбында өтетін салтанатты кешке дайындық үстінде.
– Балалар жылына орай, өзге де бірқатар мерекелік шаралар ұй­ымдастырылады. Оның қоры­тын­дысы бұйырса, Балалар күнінде жасалады деген жобамыз бар. Былтыр шәкірттерімізді туған өлкеміздің көрікті жері – Сырдария өзенінің жағасына саяхатқа апарған болатынбыз. Жергілікті жердің тарихымен таныстырып, бір кездері балығы су бетінде ойнаған дариядан балалармен бірге балық аулап, қызықты кеш өткіздік. Ол күнді өзіміз – "Балық күні" деп атадық. Сондай-ақ, балалар, ата-аналармен күллі түркінің абыз атасына айналған Қорқыт ата атындағы мемориалды кешеніне сапарладық. Қобыз атасы жайында әңгімелеп, мұражаймен таныстыруға мүмкіндік туғыздық. Баланың бәрі – бірдей. Келешекте балаларымыздың бәрінің жарқырағанын көргіміз келеді. Және жарқырайтынына ешбір күмәніміз жоқ. Дәстүрді тануда 22 нау­рыз мерекесінің ықпалы зор десек, бұл шараға да балалар мен ата-аналар, орталық мамандары бірлесе атсалысып, белсенді араласады. Одан бөлек, аудандық балалар кітапханасымен тығыз байланыс орнатқанбыз, – дейді Әзиза Сәтмаханова бізбен әңгімесінде.
Ұжым үшін басты тілек – ең­бектің еш кетпегені, яғни игі істің жеміс беруі маңыздырақ. Бұл ретте, ата-аналардың да өз айтары бар.
– Мен Ерасыл Қалымның анасымын. Осында 2019 жылдан бастап келеміз. Балам ол кезде мінезі тұйық болған. 3 жылдан бері жақсы өзгерістерді көріп отырмыз. Қазір шүкір деп айтайын, сөйлейді, түсіндіре біледі. Ән айтып, би билейді. Сурет салғанды ұнатады. Ерасылымның өмірге деген құштарлығын оятып, ем-шипасын дарытып жатқан "Дәметкен ана" орталығына аналық алғысымды білдіремін. Өзіңіз білетіндей, науқас баламен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Мұнда баланың денсаулығы мен ой-өрісін, қимыл-қозғалысын жақсартуға қажетті жабдықтардың бәрі бар. Қыста жылы, мекеме газға қосылған. Орталықтың жылдан-жылға өркендеп келе жатқанына қуанамын, – дейді ата-аналар атынан алғысын жеткізген Кәмшат Жолдасбаева.
Орталық қазіргі кезде "Азамат Әулеті", "Арди", "Сорос Қазақстан", "Дегдар" және басқа да көптеген қайырымдылық, қоғамдық қорлармен әріптестік байланыс орнатқан. Өз күштерімен жоқтан бар жасап, біреуді екеу қылған оңалту орталығының жеткен жетістіктері де біршама. 2021 жылы үкіметтік емес ұйымдарға арналған республикалық сыйақының жеңімпазы атанса, осы жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, сондай-ақ 2019-2020 жылдар аралығында аудан, облыс әкімдігінің марапаттарына ие болған.
Жалпы мейірім сөзі үлкенге де, кішіге де ортақ. Қай қайсысының жаны да мейірімді қалайды. Ал расымен де, мейірімге шомылғыңыз келсе, алдымен өзіңіз мейірімді болыңыз. Орталықтағы аз ғана кідірісімізде осыны анық ұққандаймыз. Олай болса, қоғам мейірімді болудан шаршамаса екен!
Сәрсенкүл АҚКІСІ
09 сәуір 2022 ж. 736 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031