» » Көргенді елдің баласы...

Көргенді елдің баласы...

Халқымыздың ерекше қастерлеп және жанына жақын тартатын қасиетті түлігінің бірі – жылқы. Тариx деректері бойынша адам баласы жылқыны біздің жыл санауымыздан 3-4 мың жыл бұрын білген. Сондай-ақ қазақ даласы – ең алғаш жылқы малын қолға үйреткен жер.
Ғалымдардың айтуынша, аттың бірқалыпты жай жүрісінің өзінде оған мінген адамның денесінде 110 түрлі тербеліс туады екен. Яғни, барлық буын қозғалысқа түседі деген сөз. Сол себепті атқа міну – адамға биохимиялық тұрғыда оң ықпал етіп, ағзаны нығайта түседі. Дәрігер-мамандардың айтуынша, жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы – массаж жасауға қабілетті көптеген элементтерден тұрады және ағзаның одан әрі күшеюіне алып келеді. Өйткені, жылқы температурасы адамның дене қызуынан бір жарым градусқа жоғары екен. Атқа отырған сәттен бастап тақымға берілетін жылу қан айналымының жылдамдығын арттырып, бойдағы тараған қан саусақтың ұшына дейін айналып шығады екен. Бүгінде сұранысқа ие иппотерапия әсіресе жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, жабық бас сүйек-ми жарақатын алғанда, мінез-құлық өзгеріске ұшырағанда, көңіл күй төмендегенде, ұмытшақтық пайда болғанда, тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғанда қолданылады. Тіпті кейбір мамандар, атпен серуендеу есту қабілеті мен көздің көруі нашарлағанда да пайдасы бар екенін алға тартады.
Діни еңбектерде де Пайғамбарымыз атқа мініп шабуды да балаларға насиxаттаған екен. Ат және түйе жарыстарын өткізіп тұруға шақырған. Ал, кейбір xадистерде Алла елшісінің өзі осындай жарыстардан қалмай қатысатындығы жазылған.
Жалпы біздің де ата-бабаларымыз балаларын жастайынан атқа мінуге дағдыландырып отырған. Өйткені оның қандай пайдалы жануар екенін сезіне білген. Баланы сүндетке отырғызғанда нағашыларының тай апаруы, ат жалын тартып мінгеніне орай арнайы ғұрыптардың жасалуы сол күндердің сарқыты. Бұл дәстүр еліміздің кейбір өңірінде ғана сақталғаны белгілі. Ал қазіргі қала балалары жылқыға мінбек түгілі, жақындаудың өзінен қорқады. Қазақы қалпын бұзбаған ауылдың балалары ғана ат үстінде еркін отыра алады. Мұндай керемет көрініске жақында ғана Иіркөл ауылындағы іс-сапарымызда куә болдық.
Осыдан біршама уақыт бұрын осы ауылдағы №106 мектептің әлеуметтік желідегі парақшасынан «Мен сияқты жаса» акциясының жүріп жатқанын көргенбіз. Ағасы інісіне, әпкесі сіңлісіне өз білгенімен үйретіп, бауырын еңбекке баулитын бұл жоба туралы нақтырақ білгіміз келіп, мектеп тәлімгері Қанат Тетеевті сөзге тарттық.
– Біз «Жас Ұланның жұлдызды жылы» атты жылдық жоспарға сәйкес жұмыс істейміз. Онда «Мен сияқты жаса» атты акция бар. Біз ауылдық жерде тұрғандықтан ондағы ұйымдастырылар іс-шараларды ауыл өміріне қарай ойыс­тырамыз. Акция аясында қой қырқу, атқа міну секілді қазақ өміріне тән, ер балаларға қажетті дүниелерді бала бойына сіңіруге тырысамыз. Ата-бабамыз баланы жастайынан атқа мінуге дағдыландырып отырған. Бұл сол кездегі өмірдің ең негізгі қажеттілігі еді. Қазір қажеттілік туындамаса да, атқа отыруды әрбір ер бала білуі тиіс деп есептеймін. Себебі атқа міну, бір жағынан, көңіл күйіңді көтеретін болса, екінші жағынан, денсаулыққа тигізер пайдасы да мол. Жылқының өз биотогы болады, адам денсаулығына жақсы әсер етеді, қан қысымымен, жүйке жүйесімен ауыратын адамдарға көмегі көп. Сонымен қатар атқа мінудің бала денесінің шымыр боп өсуіне, әрі бойына батырлық рухын сіңіруде де өзіндік орны бар, – дейді мектеп тәлімгері.
Иә, «Ер қанаты – ат» деп өскен қазақ баласының ат үстінде еркін отыруы батырлық рухты арттыруда көмегі зор. Аталған акция аясында ауыл балалары бұл челленджді зор ықыласпен қабылдауда. Солардың бірі – №106 орта мектептің 8 сынып оқушысы Алмас Әшілбай. Ол өзінің інісі Ерзат Кеңеске атқа міну мәнері мен асау тайға бас білдіру ережелерін үйретуде. Бұл көріністен ағаның ініге деген қамқорлығы айқын сезіліп тұрды. Ал ағалы-інілі екеуі бірдей атқа қонғанда тіптен жараса кетті. Бұл челленджден бөлек ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында «Әкем үйреткен» атты тақырыппен әкесі баласына қамшы жасауды үйретсе, көңілді үзіліс ретінде сабақ арасында асық ойнаудан байқаулар да өткізіліп тұрады. Осындайда ұлттық құндылығымызды ұлықтап, жеті қазынамызды қастерлетіп, ұрпақ бойына қазақтың қарапайым қасиетін сіңіріп жүрген тәлімгерге ризашылығымыз арта түсті. Жоғарыда аталған дүниелер қарапайым болып көрінгенімен тәрбиелік мәнінің құны жоғары. Өйткені бала жадында бұл сәттер ұзақ сақталады. Айтқанды емес, көргенді жасайтын бала бұл үрдісті өзінен кейінгіге де жалғайтыны анық. Сондықтан да, берері мол осындай жобалардың қатары арта берсін дейміз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
26 наурыз 2022 ж. 774 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031