» » Нағима әженің 82-ші көктемі

Нағима әженің 82-ші көктемі


Ақтөбе ауылының батагөй әжесі Нағима Бодыбайқызы 1940 жылы Қорқыт стансасында дүниеге келген. 1958 жылы мектеп бітірген ол, келер жылы Ақтөбе ауылының зоотехник жігіті Елемеспен көңіл жарас­тырып, отау тігеді. Екі жас бір-бірін тауып қосылғандай. Қай істе де тонның ішкі бауындай үндесе кетеді. Сыйластықтары өзінше бір әлем. Ауылдың шаруасынан қолы босамайтын ерінің жұмысын бес саусағындай білетін Нағима апа үйдің ішкі тірлігін өзі-ақ тындырып, келген қонақты жайғай береді. Жолдасы ферма меңгерушісі болып ширек ғасыр еңбек етіпті.
Жары қайда барса, апамыз сонда жүреді. Жұмыс жайымен Қарақұмға барса, Нағима апа да сонда. Қаракөл кезінде қаракөл тазартып, жұмысшыларға тамақ пісіреді. Жабағы, күздеу қырқымында жұмыла жүріп жүн жинайды. Қандай жұмыс болсын, бел шешіп кіріседі. Мұнысы айналасына майдай жағады. Қыз-қырқынның ол кісіден үйренгісі келетін істері көп-ақ. Әсіресе, кілемнің түр-түрін тоқып, текемет басатын апамыздың айналасынан үймелеп шықпайтын қыз-келіншектердің бар сыры да осында жатқандай. Анамыздың құрған алты қанат киіз үйінің іші кірсе шыққысыз жайнап тұратын. Қазақтың небір ою-өрнегімен безендірілген бау-шу, басқұр көздің жауын алатын. Орталықтан келетін басшылар да алдымен осы шаңыраққа аялдайтын. Бұл – апамыздың ұлттық өнерге деген біртабан жақындығы деп білсек, бір жағынан адамгершілік қасиеті де оны осындай игіліктерге жетелейтін. Қазір анамыз сексен екінші көктемін қарсы алып отыр. Немере-шөберенің ортасында қуанышқа бөленген ардақты жанның нұрлы жүзіне қарап, марқаймау мүмкін емес. Көзәйнексіз газет оқып, халық әндерін орындайтын асыл әже мейір махаббатымен бізді де баурап алды. Ән демекші, ардагер ана он жыл қатарынан ауылдың Әжелер ансамблінің құрамында өнер көрсеткен. Аудан, ауылдардағы мен деген байқауларға қатысып, жүлдемен оралған. Апамыз тың, біздің қолқа салғанымызды құп алып, бірнеше әннен орындап та, ақ батасын жаудырып та жіберді. Қазыналы қария деген осы болар!
Наурыз мерекесі қарсаңында Нағима Бодыбайқызының отбасында болып, ол кісімен жүздесудің сәті түскен. Сауалымызды алдымен Наурыз мерекесін отбасында қалай қарсы алатынымен бастадық.
– Наурыз мерекесіне жақсылап дайындаламыз. Дәстүрді ұстанатын жанұя болғандықтан, міндетті түрде қазан астырып, нау­рыз көже пісіртемін. Ағайын-туыс, көршілерді шақырып, бір күн тойлатамыз. Клубқа барып, мәдени іс-шара көреміз. Осы жасқа дейін біраз жолдан өтіп келдік қой. Мына апаңның істемеген кәсібі жоқ. Кілем, ши, бау-шу тоқу, киізден текемет басу – жаста­йымыздан келе жатқан өнер. Бүгінге дейін киіз үйім болды. 1970 жылы жабдықтағанмын. Соны шатырдай етіп, 50 жыл тіктім. Ескіре бастаса, бау-шуын қайта жаңартамын. Бәрі өз қолымнан шығатын. Алланың берген балалары да, келіндерім де жақсы. Алақандарына салып бағып отыр. Ағаларың өмірден ертелеу өтті. Бақытты ғұмыр кештік. Ренжіскен емеспіз. Балаларымызға жақсы тәрбие бердік деп ойлаймыз. Ұл-қызымыздың бәрі де мамандық алып, отбасын құрды. Мен өзімді бақытты анамын деп есептеймін, – дейді Нағима апа жүзіне мейірім үйіріліп.
Бір айтарлығы, батагөй әжеміздің бата кітаптары үнемі қасында. Оқып, жаттаудан жалықпайды. Тойдың, қуаныштың ретіне қарай, ондаған батаны жатқа біледі.
Сондай-ақ әулеттің ерекшелігі, одан тараған ұрпақтың білімді де тәрбиелі болуында да үлкен сыр жатқандай. Әжеміздің қай немересін алсаңыз да, жоғары және арнаулы оқу орнына мемлекеттік грантпен түскен.
– Біз өзі бес ағайындымыз. Үлкен ағам Нұрлан Жосалы кентінде бухгалтер-экономист болып істейді. Жеңгем Үрлайыммен бес бала өсіріп тәрбиелеуде. Үлкені Арман – №105 мектеп-лицейде шаруашылық меңгерушісі. Диплом бо­йынша бухгалтер-экономист мамандығы бар. Айгерім – Қызылордада тұрады. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Айдана – ол да №105 мектеп-лицейде информатикадан сабақ беріп жүр. Аружан – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде бастауыш сыныптар мұғалімі мамандығы бойынша оқып жатса, кенжесі Әдинұр М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша білім алуда.
Жанұяның екінші баласы өзіммін. Гүлжанат – Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің түлегі. Аудандық газетте бас редактордың орынбасары болып қызмет етеді. Гүлданамыз – «Алтын кілт» балабақшасында әдіскер, Телжан – аудандық сотта бас маман.
Нұрлыбек інімнің мамандығы механик-инженер. Келініміз Мархабат емханада жұмыс істейді. Олардың да бес баласы бар. Айғаным – Қызылорда қаласындағы №136 мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі. Гүлханым – Павлодарда тұрады. Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі. Берік – осы жылы жоғары оқу орнынан география пәнінің мұғалімі мамандығын алып, Жұмыскер ауылында еңбек жолын бастауда. Нұрсұлу – академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетінің төртінші курсында оқиды. Амандық болса, қызыл диплом күтіп отырмыз. Кішкентайлары Күнсұлу сегізінші сыныптың үздік оқушысы.
Інім Алданазар – ол да мұғалім. Осы Ақтөбе ауылдық мектебінде география пәнінен шәкірттер тәрбиелеуде. Келініміз Гүлжайна ауылдың акушері. Балалары Дархан – «Болашақ» университетінен денешынықтыру мамандығы бойынша бітірейін деп отыр. Одан кейінгі Меруерт – Ы.Алтынсарин атындағы Ар­қалық мемлекеттік педагогикалық институтында мұғалім мамандығында оқып жатыр. Одан кейінгі үшінші қызы Мөлдір – мектепті қызыл куәлікпен аяқтап, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің бірінші курсында оқып жүр. Ұлдары Шерхан – 4 жасынан таблица жаттап, мемлекеттердің астаналарын жатқа айтады. Дарынды бала болып өсіп келеді. Қазір 7 сыныпта. Есепке жүйрік. Кәусар – 4 сыныпта. Екеуі де үздіктер қатарында.
Сіңілім Айнаның үш ұлы бар. Екеуі грантпен бітірген. Әлі Тасбөгетте мектепте информатикадан сабақ береді. Ербол Татарстанның Қазан қаласынан инженер-механик мамандығын игерген. Бүгінде еңбек тәжірибесінен өтуде. Мектепте оқитын Қыдырәлі де озат оқушы.
Мен анамның адамгершілік қасиетіне тәнтімін. Көпшіл, еңбекқор. Бауырмал. Кешеге дейін еңбектен қол үзбеді. Алты қанатты киіз үйіміз болды. Соның бар жабдығын өзі қолымен жасады. Біздің балалық шағымызда ауылда әжелер бір-бірінің үйіне көмекке барып, жәрдемдесетін. Анамыз солардың ішінде белсеніп жүретін. Жазғытұрым Қарақұмға көшеміз. Сонда сол жақтан жаз бойы аналар бір-біріне көмектесіп, көрпе-көрпеше тігіп келеді. Третида үлкен әкеміздің үйі бар. Әкеміздің ағасы. Сол кісінің үйіне де қоса тігетін. Құрт-ірімшігімен қатар, тіккен бұйымдарын да жолдан тастап кететін. Сол кездері ойлаймыз, «неге бере береді» деп түсінбейміз. Айналып келгенде сол татулық екен ғой. Анамыз абысынымен өте тату болды. Әкеміз өмірден ерте озды. Үлкен әкеміз бен әжеміз тоқсан жас жасады. Атамыз мектепте қырық жыл ұстаздық еткен ұлағатты жан. Ертегі, әңгімелерді көп айтатын. Балаларын эпостық жырлармен ұйықтататын. Кезінде әкеміз ферманың меңгерушісі болғанда, тұрмыстан қиналмадық. Мал сойса, атамыздың үйіне жарты етін жіберетін. Екі қап ұн алса, бір қабын сол жаққа беретін. Ештеңесін аяған емес. Шүкір, әкеміз қайтқанда артында мал қалды. Ағамыз бізді тарықтырған жоқ. Бұрын әкеміз атамызға көмектесіп тұрса, кейін атамыз бізге көмегін аямады. Инс­титутта оқып жүргенімізде стипендия мен атамыздың берген ақшасын жеткізіп келетінбіз, – дейді анасын құрмет тұтқан Алмагүл Елемесқызы.
Нағима апа бүгінде өңірінен тараған ұл-қызынан 21 немере, 11 шөбере сүйіп отыр. Елге сыйлы. Балалары алақанына салып, төбелеріне көтереді. Себебі, отбасында басты құндылық – сыйластықпен қатар, ұлттық дәстүр сақталған. Үлкенді сыйлау, кішіге көмек беру бұлжымас заңдылық.
– 1999 жылы шаңыраққа келін болып түстім. Оған да жиырма төртінші жылға аяқ басты. Енемнен алған өнегем – осы үйге қонақ келсе, апам жадырап мәз болады. «Қонақ келсе, бастарың құралады, әңгіме айтасыңдар» деп отырады. Ешқашан ренжімейді. Жаңа да қонақ келе жатыр, апа десем, қазаныңа етіңді сала бер деп, қуанып жатыр. Осы жылдарда ене мен келін болып сөзге келген кезіміз болмапты. Енем, әрі күйеуімнің анасы деп алдынан кесе өтіп, болмаса бетіне келіп көрген емеспін. Апам – ақкөңіл, ақжарқын, мейірімді жан. Кісіге жел болып тимейтін көпшілдігі, кішіпейілдігі тағы бар. Біз, отбасында үш абысынды-келінбіз. Бір-бірімізді алалап, болмаса үшеуміздің арамызда «сен ондайсың, сен мұндайсың» деген сөзді естіген жоқпыз. Жұмысбасты болғасын көбіне сыртқа кетемін. Балаларға өзі қарап қалады. Нау­рыз мерекесін жылда дайындықпен қарсы аламыз. Көже пісіріп, дастарқан жайып, қонақ күтеміз. Соғымның қазысы мен сүрін салып, ағарғанымызды ұсынамыз. Жанұядағы жылулықтың бәрі әуелі Алладан, сосын апамыздың мейірімінен деп білеміз. Сәл қазан асылса, балалардың басын қосуға тырысады, – дейді қарашаңырақтағы ибалы келін Гүлжайна Әбілқайырова.
Отбасындағы береке мен бірлікті көріп, тіл-көзден сақтасын дедік. Алдыңда тұлғасы таудай қартыңның болғаны қандай ғанибет! Жүрер аяқта алақанымызды жайып, апамыздың ақ батасын алдық.
«... Отыңның басы аман болсын,
Ырыс-несібең мол болсын.
Балдарың өсіп-өркендеп,
Жау жеңетін қол болсын.
Ата-анаң бар болсын,
Дастарқаның мол болсын.
Бейбітшілік заман болсын,
Берген батам қабыл болсын.
Наурыз мерекесіне жете беріңдер,
Әмин!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
22 наурыз 2022 ж. 572 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031