» » Жырау-ана атындағы жыр фестивалі

Жырау-ана атындағы жыр фестивалі

СЫР ӨҢІРІНІҢ ЖЫРАУЛЫҚ ТАРИХЫНДА ЖЫРАУ, ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР МЕН АНАЛАРЫМЫЗДЫҢ ОРЫНЫ АЙРЫҚША. БАЛА, ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІМЕН АЙНАЛЫСУ, АТА-ЕНЕ КҮТУ, ЖАРЫНЫҢ ҚАБАҒЫНА ҚАРАУ – ЕРТЕДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН САЛТЫМЫЗ. ЖАНЫНЫҢ НӘЗІКТІГІНЕ, УАҚЫТЫНЫҢ АЗДЫҒЫНА ҚАРАМАСТАН ТАЛАЙ ҚАЗАҚ АНАСЫ ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ӨСІП-ӨРКЕНДЕУІНЕ ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕК ЕТТІ. СОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА ЕСІМІ БИІК ТҰРАТЫН АҢЫЗ АНАМЫЗ БАР. ОЛ – ШАМШАТ ТӨЛЕПОВА.
Жастайынан топқа түскен Сыр сүлейлерінің ізбасары Шамшат апа Төлепова жырсүйер қауымның арқасын желпіндіріп, делебесін қоздырған тоқсан толғамды жыр дастандар мен термелерді сан иірімді мақам-сазбен орындағаны бүгінге дейін халқының көз алдында. Өнер – өшпейтұғын мәңгілік мұра. Сол айтпақшы, Шамшат жыраудың өнері жыл өткен сайын жаңғырып, оның шығармасындағы туындылар жас ұрпақ жадында жатталып келеді.
Ш.Төлепова атындағы облыстық дәстүрлі жыр фестивалі биыл Аналар мерекесі қарсаңында он екінші рет шымылдығын түрді. К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінде «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» тақырыбында өткізілген іс-шарада қазақ өнерінің жұлдыздары, өнер саңлақтары жырдан шашу шашып, көрерменінің қошеметіне ие болды.
Фестивальді аудан әкімінің міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев ашып, өнер иесінің өмір және еңбек жолына тоқталды. Сондай-ақ жыр бәйгесіне қатысушыларға шығармашылық табыс­тар тіледі.
Үкілі домбырасын алқалаған Шамшат апаның өнердегі бүгінгі сіңлілері мен қыздары Зәуре Кәрібаева, Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева, Нар­тай мектебінен Ақмарал Ноғайбаева, жас жыршылар Малика Алдамжарова, жаңақорғандық Әсем Мәжит, үйірме шәкірттері Айдана Амантай, Нұрсезім Сағатова және тағы басқалары жыр-термелерін орындап, Ұстазға деген құрмет сезімін білдірді.
Өнер салтанатында жыр дүлділдері аудан әкімінің міндетін атқарушы Жұлдызхан Байназарұлының алғыс хатымен марапатталса, ардагер-ұстаз Еркін Атабаев бастаған жырау ұрпақтары қаржылай сый-сияпат табыстады.
– Сыр сүлейлерінің жыр мұраларын халық арасында қайта жаңғыртып, насихаттау, сөйтіп келешек жастарға үлгі ету – фестивальдің басты мақсаты болмақ. Қарап отырсақ, таңды-таңға ұрып жырлайтын жыраулар үрдісі біздің Сыр бо­йында ертеден қалыптасса, жыраулықтың алтын тінін, арқау жібін үзбей әйел әлемімен байланыстырып, отбасы, ошақ-қасынан, аналық бақыт мейірімінен алыстамай, өнердің туын биік ұстап артынан көптеген шәкірттер ергізген Шамшат жыраудың қалдырған өнегесі ұшан-теңіз. Нәзікжандылар арасында Сыр елінің дәстүрлі өнерін сахнаға алып шыққан да, Сыр сүлейлері мен шайырларының шығармаларын аймақ, республика көлеміне алғаш болып насихаттаған да Жырау анамыз. Ол кісіге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Аймақтағы қыз-келіншектер арасындағы бірден-бір іс-шара келешекте республикалық деңгейге көтерілсе деген ниетіміз бар, – дейді К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің директоры Айгерім Ешбаева.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
15 наурыз 2022 ж. 263 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031