» » Әмеңгерлік

Әмеңгерлік

ТАҢНЫҢ АТЫСЫМЕН ЕРТЕ ТҰРҒАН АЙЖАН ҚОРАҒА ҚАРАЙ БЕТ БҰРДЫ. КӨҢІЛІ СЕРГЕК, ӘУЕЛЕТЕ ЖҮРІП БҰЗАУДЫ БАЙЛАП, ШЕЛЕГІН САЙЛАП, АЛА СИЫРДЫҢ ЖАНЫНА БАРДЫ. «БҮГІН БЕРЕР СҮТІҢ КӨП БОЛСЫН, МАЛИНА» ДЕДІ КҮЛІМДЕЙ. ИӘ, АЙТҚАНЫ АЙТҚАНДАЙ-АҚ, СИЫР СҮТІН МОЛ БЕРІП, СҮТ ТОЛЫ ШЕЛЕГІН АРҚАЛАЙ ҚУАНА ҮЙГЕ КІРДІ.
Бір көше әрі тұратын Жамал жеңгесі осында отыр екен.
– Сәлем бердік, жеңге! Амансыз ба? – деді Айжан биязы қалпымен.
– Аманбыз, айналайын, келші, отыршы мұнда...
– Жарайды, жеңге аманшылық па? – деді Айжан қолындағы шелегін үстелге қойып.
– Өмір бар жерде, өлім бар деген, шырағым. Дәм-тұзы ерте таусылыпты. Көнбеске амал бар ма? – деп қойып қалды Жамал жеңгесі.
– Түсіне алар емеспін. Не болып жатыр? – деген Айжан әлі аң-таң.
– Жарығым-ау, Қайраттан айырылып қалдық, – деген зар Жамалдың аузынан ытқып шыққанда айнала құдды астан-кестең болғандай күй кешті.
– Мүмкін емес, жеңге! Түнде ғана жұмысына кетті ғой. «Таң ата келемін» деген. Келе жатыр ол, мені олай алдамаңыз, – деп күле берді Айжан.
– Таң ата суыт хабар келді. Қайраттың түнгі ауысымнан шыққан бойы екен. Қарсы келе жатқан көлік шопыры ұйықтап қалса керек, соғыпты ғой... Жүрегім алабұртып, жанымды қоярға жер таппай осында әрең жеттім. Өзіңе естірту де оңай емес, айналайын. Ендігі көрмеген қызық-қуанышын балалары көрсін. Өзіңе бекем бол. Сабыр ет! Қазір ағайын-туыстар жиналып жатыр. Денесін де әкеледі, – деді Жамал жеңгей.
Үнсіздік... Айжан болса, есі ауысқандай күле берді, күле берді. Сенгісі жоқ. Бірінен соң бірі келген тумаларға айғайлап сала берді. «Барлығыңа не болған? Тірі ғой ол» дей берді ауық-ауық. Кенет ауланың дарбазасы ашылып, қара көлік келді. Есігі ашыла бергенде ақ матаға оралған мәйіт Айжанды есеңгіретті. Жүгіре қасына жақындай бергенде есінен тана жерге сұлап түсті...
...Қол ұстасқан жас жұбай бақыт құшағында жүр. Ізінен ерген кішкентай қаралары сыңғырлай жүріп, тай құлындай тебісуде. Жаңғырық. Жап-жарық боп кеткен естелік сағымдай зулап көз алдынан өте шықты. Көзін аша сала еңкілдей жылаған Айжан енді ғана Қайраттан айырылғанын түсінгендей. Жалғызсырап барады, жүрегі езіліп, жаны ауырды. Аяқ асты қара жамылып, 30 жасында жесір қалатынын ойламаған еді. Амал не? Қасында отырған үш балапанын құшақтап жылай берді, жылай берді.
«Тірі адам тіршілігін жасайды» деп жүргенде зымырап жыл да өтіпті. Үйдегі күнделікті тірлікпен арпалысқан өмір өз дегеніне көндіруде. Бұрынғыдай емес, жалғыздық сезімі сейілгендей. Алайда сағынышы самсап, әр күн есіктен еніп келетіндей күтуші еді. Әдеттегіше күнделікті үй шаруасымен жүрген Айжанға қоңырау түсті. Ыдыс жуған су қолын сүрте сала телефонға асықты.
– Алло?
– Алло, Айжан? Мен ғой Қалима абысының. Үйдесіңдер ме?
– Иә, иә үйдеміз жеңге.
– Кешқұрым үйіңе бармақпыз. Қонақ деп қабылдарсың...
– Өйбу, жеңге, айтпай-ақ келе берсеңіздерші. Әрқашан есік ашық қой, – деді Айжан күлімдей.
Тұтқа қойылды. Анау-мынау тірлігін бітіре сала қазанға ет салып, бәйек қақты. Кеш бата қайын жұртынан он шақты адам келді. Дастарқан басына жайғаса кеткен олар ас-ауқаттан алдырып, ас қайырды. Арасындағы үлкені Айжанды шақырып орталарына отырғызды.
– Айналайын, өзің білесің. Қай­раттың қайтқанына да жыл толды. Шиіттей бала-шаға. Әйел болған соң бір өзіңе ауыр. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан». Сен де әйтеуір бір күні болмасын, бір күні отбасын құрасың. Ұлымыздан тараған ұрпақты өзгенің қолына, етегіңе ергізіп жібергіміз жоқ, айналайын. Қайын ағаңды білесің, бірінші некесі сәтсіз болды. Одан кейін отбасын құруға уақыты болмады, жұмыс істеді. Ендігі балаларыңды ойласаң Қанатқа қосыл. Үш бала өзге үйде жетімсіремей, өз үйінде жүрсін. Қайраттан ала алмаған әкелік мейірімін ағасы Қанаттан алсын. Ортамызда жүріңдер, айналайын. Өзгеге барғанда бұл балаларды өзегінен теппей ме? Соны ойлап көрші, – деді төрде отырған ақсақал.
Барлығы да улап-шулай кетті. «Өзіміз қамқор боламыз, ұрпағымыз бізбен бірге болсын» деп жатты айнала. Үш ұйықтаса да түсіне кірмеген бұл жағдай тағы да Айжанды есеңгіретіп тастады. Орнында отырған күйі тұрмады, тіпті төмен қараған көзін көтермеді де.
«Расымен, біреуге махаббат деп жүргенде балаларымды ұмытып кетсем не болмақ? Махаббаты несі, Қайратты әлі ұмытпадым ғой. Кеткеніне көп те болған жоқ. Бірақ уақыт емші емес пе? Егер өзгені ұнатып қалсам, қолынан ұстасам, балаларымның жайы не болмақ? Олар қабылдай ма, жоқ па, кім білсін?» деген сөздер Айжанның санасында сайрап жатыр. Мөлтілдеп көзінен аққан жасы көндіге бер, жаман болмайсың деп жатқандай. Басын изеп, үнсіздікпен иланғандай еді.
Тағы да арада бірер жыл өтті. Айжан мен Қанат әлдеқашан бір-біріне үйреніскен. Бауырының балалары өз баласындай еркеліп, «әкелеп» жүр. Айжан болса дәмді асын ортаға қойып, «отағасылап» бәйек қағуда. Бақыт, шаттық, мейірім, барлығы еселеп төгіліп жатыр.
Айжанның көзі пердесі әлі жабылмаған терезеге түсті. Онда құдды Қайрат тұрғандай денесі дір етті. Жоқ, күлімдеп тұр. Қолын бұлғай, қайырылмастан кете барды. Жесір қалған жары мен жетім қалған балалары сенімді қорғанның қолында екеніне жаны тыныштанып, бақыт тілегендей еді...
Айнұр ӘЛИ
10 наурыз 2022 ж. 368 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031