» » Қоқыс қалашығы

Қоқыс қалашығы

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Бірақ Жосалы кентінде дәл осындай қалашық бар. Қоқыс қалашығы. Қазір уақыт ағынымен қатар заман да дамудың үстіне дамуда. Аудан да шетте қалмай, кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, өлкенің келбеті көркеюде. Дегенмен қоғам болған соң бәрі болады. Мінсіз қоғам түзелген емес.

Жосалы кентінен шыға берісте Калининге қарай баратын ұзын жол бар. Тегіс жолдан түсе топырақты жолға тап боласыз. Екі араны тіршілік байланыстырып жатқан соң әлгі жол да қатая түскен. Қаттылықтан жолдың кедір-бұдыры онша біліне бермейді. Алайда айтпағымыз бұл емес. «Қоқыс қалашығы» деп атауымыздың орайына ойысайық.Ұзын жатқан қара жол. Адымдап қадам басқан сәттен-ақ екі жақтан тау-тау болып үйілген қоқысқа тап боласыз. Кенет көзіміз жерге қадаулы тұрған тақтайшаға түсті. Онда «Қоқыс тастауға болмайды, айыппұл 22 690 теңге» деген жазу бар. Ескі, тот басқан ескерту маңдайшасы демесеңіз, жазуы анық көрініп тұр. Бірақ оның да айналасы шашылған қоқыс. Әрі жүре түстік. Оң жақ бетте қағаз, қорап, бөтелке. Сол жақ қапталда пакет, үйден шыққан түрлі-түрлі жарамсыз қалдықтар. Тағы жүре түстік. Жүрген сайын өзімізді құдды қорқынышты кинодағыдай, адамы жоқ, тасталған мекенге тап болғандай сезіндік. Сан оймен арпалысқан сананы аяқ асты қатты шу бұзып жіберді. Діттеген жерге барар нық қадамнан сес­кенген қалашықтың қарғалары екен. Топ-топ болып әр жерге бір қонып, керегін азық етіп жүр. Мал өлексесі, төрт түліктің мүжілген сүйегі де осында. Үлкеннің, кішкентайдың жөргегі желмен дөңгелеп, шөл даланың қаңбағындай тербеледі. Әлі жүріп келеміз. Арнайы қазылған қоқыс полигонына жол жеткізер емес. Аумақтың бәрі қоқысқа толып жатқандықтан, иісі қолқаңды қауып, демалудан қаласың.
 Анадай жерде жүк көлігі тұр. Жанына жақындап, ондағы адамдарды әңгімеге тарттық. Қап-қап болып жиналған қоқыстарды полигонға әкеліп тастап жатыр екен.
– Үйдегі жиналған қоқысты осында әкеліп төгеміз. Арнайы шұңқыр қазылған ғой. Сонда тастау керек. Ана жақты қараңызшы, арнайы орын тұрса да барлық күл-кемтігін жолға тастаған. Бері жүріп келуге ерінеді ме, онысын түсінбедік. Біз де қарапайым халықтың біріміз. Алайда мұндағы ережені сақтау керек қой, – деп ашынды көлік жүргізушісі қолындағы темекісін ішіне терең тарта.
Бізбен әңгімесін аяқтағанда қо­лындағы шылымы да таусылды. Бізге күле қарады да әлгі темекіні жолға тас­тай салды. Енді бірдеңе деп көріңіз...
Қасқа жолда тағы бір көлік жүйткіп келеді. Жарты жолға жетер-жетпестен тоқтай қалды. Жоғарыда тұрған камераны байқады ма, әйтеуір көлікті қайта оталдырып, бері жақындады. Тиелген 5-6 қап қоқысын көтеріп алып шамасы жеткен жерге тастай салды. Бізге көз қиығымен қарады да қайырылмастан кете барды.
– Мына қызықты қараңыз енді. Бұл жерден темір-терсек, пластмасса бұйымын таппайсыз. Түнгі уақытта әлдекімдер келіп жинап әкетеді де оны өткізеді, – деп әлгі тұрғын тағы әңгімені жалғай түсті.
Айнала тынық. Ауа-райы ыл­ғалды. Сол ылғалмен қоқыстың иісі ал­қымыңнан қысып барады. Ұзақ жүруге деміміз таусылған соң кері қайттық. Кері қайтып, Жосалы кенті әкімшілігіне соқтық. Мұнда бізді жауапты мамандарға сілтеп, сауалымызға жауап қатты.
– Иә, сіздер барған жақта арнайы полигон бар. Қоқыс, қалдықтың барлығы сонда тасталуы тиіс. Яки қазылған шұңқыр ішіне. Мұнда тасталған қоқысты уақыты келгенде бетін жа­уып, экологиялық тазартулар жасалады. Барлығы қарастырылған. Дегенмен көпшілік полигонға емес, айналасына қоқыстарын тастап, ластайды. Ескерту, насихат жұмыс жасауымыздың кемі жоқ. Орнатылған камераға түсіп қалғандарға айыппұл да салынып жатыр. Алдағы уақытта бір кәсіпкермен сөйлесіп жатырмыз. Нақты жұмыстар жасалып, нәтижесі де беріледі, – дейді аудандық жер қатынастары және коммуналдық шаруашылықты реттеу бөлімінің мамандары.
Шеттегі қоқыс қалашығынан бөлек, кент орталығындағы қоқыстың әу-жайы да оңып тұрғаны шамалы. Қарапайым қолындағы бос құтысын жәшікке емес, көше бойына тастай салатыны көп. Онымен қоймай, ұн, нанның нәжіспен араласып қоқыс жәшігіне сыймай жатқанын да көріп едік. Қоғамдық қызметкерлер өздеріне бөлінген барлық көшені тазалаумен, жинаумен-ақ күнін атырып, түнін батырып жүр. Алайда нәтиже жоқ.
Қош. Бірер күннен соң жылулығын ерттеп көктем келеді. Қыс бойы қар астында, мұз түбінде жатқан күл-қоқыс сол жылумен қоса еріп, қылтитып бо­йын көрсетері анық. Ондайда мекеме қызметкерлері апта сайын сенбілікке шығып, бекітілген көшелерін тазалайды. Ұсыныс дейік пе, бәлки, өтініш те болар. Әр үйден шыққан қоқысты мекеме қызметкерлері жинап жүргенде сол ауланың тұрғындары да атсалысып, бой көрсетсе қандай игі? Ауламыздың келбеті, тазалығы – ауданымыздың айнасы емес пе? Егер айнамыз салтақ-сатпақ болса, сол айнадан сіз кімді көрер едіңіз?
...Сәл де болса ойланып көрейікші...

Айнұр ӘЛИ

19 ақпан 2022 ж. 414 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031