» » Бұл мамандыққа қалай келдім?

Бұл мамандыққа қалай келдім?


1982 ЖЫЛДЫҢ КҮЗ АЙЫ БОЛАТЫН. АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ №30 ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕХКОЛОННАСЫНЫҢ ГИДРОМОНТАЖДЫҚ ҚҰРЫЛЫС БРИГАДАСЫНДА МОНТАЖШЫ БОЛЫП ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮРДІМ. ЕКІ ЖЫЛДЫҚ ІС ТӘЖІРИБЕМ БАР, БРИГАДА ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРЫНЫҢ АРАСЫНДА ТЫМ ЖАҚСЫ ЖОҒАРЫ БЕДЕЛІМ ДЕ БАР ЕДІ. СОНЫҢ АРҚАСЫНДА БРИГАДИРДІҢ КӨМЕКШІСІ (ОРЫНБАСАРЫ) БОЛЫП АЛДЫМ.
Бригадамызда барлығы он­шақ­ты адам болды. Жұмысымыз ша­руа­шылықтардың егіс алқабын­да жүреді. Күріш егістігінің гидро­техникалық құрылыстарын саламыз, ескілеріне күрделі жөндеу жасаймыз. Арамызда бір-екі жігіттің ғана жоғары білімі бар, қалғанымыз тек онжылдық білім алып, әскерлік борышымызды өтеп келгеннен кейін бірден жұмысқа араласып кеткенбіз.
Осы жылы біздің (менің сыныптас құр­быларым) мектеп бітір­гені­міз­ге ту­ра он жыл болған. Сынып­тастарымыздың ішіндегі белсенділері осы шараны өткізу жөніндегі комиссия құрамына мені де енгізді. Сөйтіп, үш сыныптың түлектері арасынан біздер шараның қалай өткізілуі жайында сценарий жасап, оның өткізілетін күнін, қай күні қандай шаралар ұйымдастырылуы керектігін жоспарлап, кезіндегі сынып жетекшілерімізбен кездесіп, бірге кеңес құрдық. Сонымен белгіленген уақытымен бұл күнді де қызықты етіп өткіздік. Естелікке бәріміз топ-топ болып суретке түстік. Мектебіміз бен мұғалімдерімізге естелік сыйлық­тарымызды табыстадық. Оған өзіміз де, ұстаздар қауымы да іштей риза болыстық.
Жұмыста жүріп осындай шара өткізгенімізді барлық әріптестеріміз естіген соң олар да бізді құттықтап жатты. Кейін бұл жөнінде аудандық газетке жақсы бір мақала ұйымдастырып бердік.
Газет демекші, осы тұстарда жұ­мысымыз жайлы менің шағын ақ­параттарым, интермедия, новелла сияқты шығармаларым баспа бетінде жарияланып тұратын. Оған редакция тарапынан тиісінше гонорар төлейтін де, оны аса зор қуанышпен атап өтетінбіз. Ағайындар мен дос­тар арасында мені «біздің тілшіміз келе жатыр» деп ортаға алатын кездері де болатын. Сол жағы арқау болды ма, әлде редакциядағы жолдас жігіт Шәкизаданың айтуы түрткі болды ма, мені бір күні газетке шақырмасы бар ма?!
Не болды десем:
– Сені газетке жұмысқа алатын шығар, – деп қояды Шәки досым.
– Қойшы, ей, менің жұмысым, қа­рапайым дала жұмысы, енді қалай кеңсе қызметкері болмақпын, – деп қобалжуымды жасырмай жайып салам. Осылай штаттан тыс тілші болып та ақпарат беріп тұрармын деймін. Сонымен қояр да қоймай шақырып, Шәки досымның айтуымен бір күні редакцияға бардым.
Күзгі егін жинау науқанының басталған шағы ғой. Редактор Әзілхан Аманов шаруашылықтарды аралап кеткен екен, орынбасары Қаршыға Бүркітбаевтың жеке қабылдауында болдым. Ол кісі бірден сөздің турасына көшіп, науқанды кезде газеттің де жұмысы қауырт болатындығын, бұрын аптасына үш рет шығатын газет, енді күнде шығатынын айтып, күнделікті кезекшілікте болатынымызды түсін­діріп берді. Осыған қалай да да­йын болуымның керектігін, газетке тек шындықты көрсетіп, нақты фактіге сүйеніп жазу қажеттігін қадап-қадап айтты. Соңында он бес күн бақылау мерзімімен жұмыс жасайтынымды айтып, нақты тапсырмаларды түсіндіріп, жоспар жасап берді. Қысылғаннан «қыз» болдым демекші, қобалжуым бар, іштей қорқыныш та жоқ емес, тәуекелмен іске кірісіп кеттім.
Ара-тұра Шәки досымнан, бөлім меңгерушісі Толыбай Абылаев деген азаматтан ақыл-кеңестерін сұрап, барынша үйренісуге талпындым. Мені алдымен газеттің әдеби қызметкері етіп белгіледі.
Ұжымда үлкенді-кішілі он бес адам жұмыс жасайды екен. Жазылған материалды алдымен жауапты хатшы Қанибек Молдахметовке өткіземіз. Одан редактордың орынбасары Қаршыға ағайға барады. Соңынан редактор Әзілхан Аманов ағамыздың қолына түседі. Әбден дұрыстап, жөндеп барып қол қойған редактор бар материалды жауапты хатшыға (секретариат) қайта жібереді. Жауапты хатшы бұл материалдарды рет-ретімен әр бетке орналастырады. Дайын болған соң макетімен бірге бар материал баспаға жіберіледі.
Газеттегі жұмысым осындай нау­қанды сәтке тап болды. Арасында соғып кеткені болмаса, редакторымыз бұл кезде көбінесе рейдпен шаруашылықтарды аралап жүрді. Жиырма күндей өткенде ғана бір басқосу болғанда, мені штатты негіздегі тілші ретінде қызметке қабылдап, газет жанындағы аудандық радио бөлімін басқаруды тапсырды. Күнделікті дайын материалдар бойынша сол ақпараттар аудандық радиохабары арқылы жергілікті тыңдаушыларға жеткізіліп тұрды. Арасында музыкалық хабарлар, түрлі салтанатты кештерден репортаждар, түрлі мамандардан сұқбаттар ұйымдастырылып, апталық жоспарға енгізілді және дер кезінде, жедел ұйымдастырылған материалдар кешікпей берілді.
Осылайша жұмысым көріне бас­тады, ол тек радио ғана емес, газет бетіне жарияланған материалдардың жанры бойынша басшылар тарапынан жақсы бағамен айтыла бастады. Жұмыс кезінде айтылған мадақтаулар адамға ерекше жігер береді ғой. Сондай сәттер көбейе түсті.
Үш жылдан кейін еңбекті оқумен ұштастыруды қолға алдым, бағымды сынамақ үшін жоғары оқу орнына құжатымды тапсырдым. Шақыру келген соң, астанамыз Алматы асып, Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсу үшін емтихан тапсыруға жол тарттым. Жолым болып, төрт сабақтан емтиханнан өтіп, жақсы бағамен студент атандым. Осылайша студенттік жылдарым газет жұмысымен етене араласып, қатар жүріп отырды.
Арасында жұмысымда да жаңа өзгерістер болып жатты. Көп ұзамай мені газеттің ауылшаруашылығы бө­лі­мінің қызметкері етіп ұсынды. Бұл бөлімді ақын, белгілі журналист Толыбай Абылаев басқаратын, сөйтіп аяқасты соның шәкірті болып шыға келдім.
Газеттегі негізгі бөлімнің бірі болып ауыл шаруашылығы бөлімі саналады. Хаттар бөлімінде Бақыт Қаналиева мен Шәкизада Әбдікәрімов, Оқас Тәженов, ал партия, идеология бөлімінде Қар­шыға Бүркітбаев пен Алтай Үсенов қызмет жасайтын. Кейін ортаға Нағима Торманова, Тұрсынбек Жалғасбаев және Сәнтөре Пірмановтар қосылды.
Бұрын газетте қызмет жасаған Кенже Күмісбаев деген ағамыз да бірнеше жылдан соң қайта келіп қызметін жалғастырды. Осылардың барлығымен іссапарға шыққан сайын бірге еріп жүретін ортақ қызметкеріміз, ол Нарша Алданазаров деген фототілшіміз еді. Күн-түн демей, қай кезде, қай жаққа жұмсаса да бізбен бірге жүретін сол Нарша досымыз.
Бір күні Нарша екеуміз Ақжар, Тұрмағамбет ауылдарына (ол кездегі кеңшар) іссапармен барып, жастардың комсомолдық үйлену тойына қатыс­тық. Той қызықты өтті, ерекшелігі ішімдіксіз (арағы жоқ) деген бастамамен бірінші рет осы ауылдарда болды. «Ұрының арты қуыс» дегендей, тойдың соңында «күштілердің төбелесі» жалғасты. Сөйтсек, стол үстіне пәрнек­пен ішімдіктер қойылғаны белгілі болды. Сырттан ішіп келгендері бар, әйтеуір бастары бірікпегендер сол жерде жанжал шығарып, көпшіліктің көмегімен әрең тоқтағаны бар.
Иә, жұмыс болған соң, оның ащы-тұщы тұстары көп болады ғой. Небір қызықты оқиғалар өтті. Журналистика саласындағы жұмыстар көп және ол маңызды, жауапкершілігі де жоғары болады. «Кемедегінің жаны бір» демекші, ұжымдағы қызметкерлердің бәрінің илегені бір терінің пұшпағы. Сондықтан жауапты қызметті жете түсініп, оны алға қарай жетелей білу керек. Ұжым мүшелерінің қай-қайсысы да сол міндеттерін, арқалаған жүктерін көтере білді. Тиісінше марапатқа ие болғандары қаншама. Оның бәрін тізіп жаза беру мақтаныш болар. Десек те, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, басшылардың ақыл-кеңесі, іс-тәжірибесі айтуға тұралық дер едім. Әсіресе, сол кездері Әзілхан, Қаршыға, Оқас, Кенже, баспаханадағы Жұматай сияқты ағаларымыздың ақылы мен көрсеткен жақсылықтарын ерекше айтқым келеді. Үнемі «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол ұшын» шығарып, кез келген істің басы-қасында жүретін сол ағаларымыз еді. Заманына қарай адамы дейміз бе, сол бір кезеңді еске алсақ, жайдарлы, жарқын орта көз алдымызға келеді. Қазіргі заманауи техникалар болмаса да, барды ұқсата білетін еді ғой, қайран ағаларымыз!
Бәрі уақытпен өлшенеді. Уақыттың қалай тез өткенін де байқамаппыз. Күні кеше ғана еді, жас буынды біздер, алдыңғы буын ағалармен теке-тіресе жұмыс жасап жүргеніміз, бәрі артта қалды.
Кейде ағаларымызды еске алып, кейбір қызықты жайттарды сөз етіп жатамыз. Бірде апталық макет жасау кезінде редакторымыз Оқас ағайдың бір материалына шолу жасап, бізге оқып бергені бар. Қойшының ауылына барып, оның көмекшісімен сөйлесіп жатса керек. Сонда көмекшісі:
– Ит екеш, итке берсең де сол пәлені ішпейді ғой, – деп, ащы суын ішкен аға шопанға ұрсып жатқан көрінеді.
– Соны сен неге ішіп жүрсің... Отар малдың жартысы желдеп, төбе асып кеткен. Қолды болып кетсе не істемексің.
Диалогты сөз осылай аяқталған.
– Сол суды ғой, өзің де ішесің, оны араластырып нең бар еді, осы мақалаға, – деген редактор сөзіне не күлерімізді, не деп сөйлерімізді білмей, дағдарысып қалдық. Кейін ағамыздың мақаласы біразға дейін жыр болды.
Осы тәрізді қызықты оқиғалар көп болатын. Қараша айының бір күнінде әріптесіміздің туған күнінде отырғанбыз. Бірінші шайдан кейін біраз үзіліс болды. Осындай кезде ағаларымыз жайғасып алып, преферанс ойнайтын. Жастар жағы ән айтып, би билеп жүреміз. Үлкен асқа отырар кезде арамызда Толыбай ағамыз жоқ болып шықты. Әрі-бері қарап, таппай қойдық. Қызықты сәтіміз су сепкендей басылды. Басшымыз бізге тапсырма беріп жатыр.
– Сендер білесіңдер, айтпай отыр­сыңдар, – деп. Шынымен ешкім білмеді. Түн жарымында үйіне іздеп бардық, ойымыз кетіп қалған шығар, дедік. Өкінішке орай, жоқ болды. Содан ертесіне де іздеп, жан-жақтан сұрастырып көрдік. Ешбір хабар болмады. Сөйтсек, әлгі отырыстан сыртқа темекі шегуге шыққанда есіне Аралдағы достары түсіп, түнгі пой­ыз­бен Аралға тартып кеткен екен ғо­й. Біздің барған үйіміз вокзалдың жанында болатын, көйлекшең шыққан бойы тура вокзалға барған, сол кезде бір по­йыз келе қалған да, бұл соған мінген де кете берген. Бар қызығын келген соң айтып берді ғой. Ал, бастық тарапынан ол тиісінше жазасын алды. Бұл да ұмытылмастай есте қалған еді...
Газетте жүрген кезімде отау құрып, Әсем есімді қызға үйлендім, балалы-шағалы болдым. Жоғары оқу орнын тәмамдап, дипломымды қолға алдым.
Иә, менің журналистік қызметім сонау 1982 жылдан басталды, жоғарыда айтқанымдай, ол кездегі редакторым Әзілхан Аманов ағайымыз болды. 2006 жылға дейін Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы» газетінде істеп, тілшіліктің қоржынын арқалап, халықтың арасында жүріп, қызмет жасадым.
«Газет – халықтың көзі, тілі, һәм құлағы» деген ғой. Кезіндегі «Коммунизм шамшырағы» газеті уақыт ағымына орай, 1992 жылы «Қармақшы таңы» болып өзгерді. Бұған дейін газет редакторы қызметін Әзілхан Аманов атқарса, зейнеткерлікке шығар алдында Әзекең өз орнын құрдасымыз Алтай Үсеновке ұсынды.
Бүгінде жоғарыда айтып өткен ағаларымыз Әзілхан Аманов, Қаршыға Бүркітбаев, Оқас Тәженов, Кенже Күмісбаев, Жұматай Аймахановтар бұл дүниеден өтті. Имандары жолдас, топырақтары торқа болсын. Зейнеткерлік жасқа бірі келіп, бірі оған да жетпей көз жұмды. Тағдыр не деген қатал еді... Олар көрмеген қызықтарын артта қалған балалары, немерелері көрсін дейміз.
Өмірде де, қызметте де өзгерістер болып жатады, ол заңды да. Бертін келе, газетке редактор болып Шегебай Құндақбаев деген азамат келді. Екі жыл сол азамат басқарды. Басқа қызметке ауысуына байланысты Ш.Құндақбаевтың орнына қайта келген А.Үсенов зейнеткерлікке шыққанға дейін газеттің бас редакторы қызметін атқарды.
Ал мен 2006 жылы қызмет бабымен Алматы шаһарына кеттім. Үш жылдан соң (Астана қаласы) қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Қазақстан теміржолшысы» сала­аралық газетіне тілші болып орналасып, 2015 жылға дейін сонда қызмет еттім. 2015 жылы Көліктегі денсаулық сақтау департаментіне ауысып, сондағы баспасөз хатшысы қызметін осы кезге дейін атқарып келдім. Бүгінде зейнеткер-журналиспін.
Енді журналистік мамандықтың қыр-сырына жетік қанық болған тұңғыш газетімнің қазіргі бас редакторы қызметін газеттің байырғы қызметкері Сәрсенкүл Райымбаева қарындасымыз қолға алды. Ұжым құрамы толығымен өзгерген, барлығы жастар. «Жастар – болашағымыз» деп, оларға сенім артамыз, тек алға дейміз. Сүйікті басылымымыздың, аудан айнасының 90 жылдығы құтты болсын.

Төребай КЕНЖЕБАЙ,
журналист, «Қармақшы таңы» газетінің бұрынғы
қызметкері
15 ақпан 2022 ж. 331 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031