ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АУДАНЫМЫЗДА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БОЛДЫ
Қармақшы ауданында облыс әкімінің орынбасары Делмұханов Марат Нұрсайынұлы жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралап көрді.
Сапар барысында аудан әкімі Мақашов Сұлтан Ысқақұлы бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары туралы баяндады.
Қазіргі кезеңде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жосалы кентіндегі №27 орта мектебінде, №30 орта мектебінде, Қармақшы аграрлы - техникалық колледжінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
№30 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмысын «Қаз құрылыс» ЖШС-і жүргізуде. Төрт корпустан тұратын ғимараттың 2 корпусының жөндеу жұмыстары 25 тамыз күні аяқталады деп жоспарланған.
№27 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын «Өмірзақ» ЖШС атқаруда. Аталған ғимарат 1904 жылы салынған. 4 корпусты құрайтын 320 орынды мектепте 227 оқушы білім алуда.
Бүгінгі таңда 1-ші оқу корпусы мен асхана ғимаратын ағымдағы жылдың 26 тамызы күні толық пайдалануға беруге жұмыс жасалуда.
Қазіргі таңда ғимараттың электр жүйесі, ішкі сылақ, бетон-стяжка жұмыстары толық аяқталып, терезе салу, шатырын ауыстыру, жылу жүйелерін ауыстыру және ғимарат сыртын қаптау жұмыстары жүргізілуде.
Қармақшы аграрлы - техникалық колледжінің күрделі жөндеу жұмыстарын «Нұр сапар 7» ЖШС жүргізуде. Колледж 3 корпустан тұрады. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ғимараттағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
Сонымен бірге Жосалы кентінде газ жеткізу құбыры мен кварталішілік газ тарту желілерінің құрылысы басталды. Бас мердігер «ЭнергоРесурс» ЖШС болып табылады. Бүгінгі күні кент тұрғындарының асыға күткен газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аймақ басшысының орынбасары Марат Нұрсайынұлы жұмыс сапары барысында жеке кәсіпкер «Қалиевтің» көмір сақтау қоймасының жұмысымен танысты. Бүгінгі күнге дейін 33 вагон, 2310 тонна көлемінде қатты отын әкелінген. Тұрғындар арасында көмір тапшылығын болдырмау мақсатында алдағы уақытта да ауданға 22 вагон қатты отын әкелінетін болады.
Жұмыс сапарының қорытындысында Қорқыт Ата станциясы мен Қызылтам станциясының тұсындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру, топырақпен нығайту жұмыстарының барысымен танысты.
Жұмыс сапарының барысында облыс әкімінің орынбасары Делмұханов Марат Нұрсайынұлы атқаралып жатырған жұмыстарға оң қорытындысын беріп, межеленген жоспарларды орындау басты назарда екенін жеткізді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
#Қызылордаоблысы
#Қармақшыауданы