» » Бала денсаулығының сақшысы

Бала денсаулығының сақшысы

Бала – өміріміздің мәні, әрі дүниедегі кіршіксіз, пәк жаратылыстың бірі. Бір қызығы, баламен жұмыс істейтін үлкендердің, мысалы тәрбие­ші-мұғалімдердің де бойында кіш­кентайларға тән қасиеттер аң­ғарылып қалады. Бала дәрігері де дәл солай. Алдына ауырып келген баланы құшақтап, еркелетіп, аялап отырып қарайтын ақ халатты абзал жанның жүзінен де жылылық есіп тұрады. Аудандағы орталық аурухананың балалар дәрігері Рита Айекенованы ел осындай жақсы мінезі үшін құрметтейді.
Өткен жылдың қорытындысымен «Жылдың үздік дәрігері» атанған Рита Кеңесқызы туралы бұрын да жылы лебіздер естіп жүруші едік. Енді онымен жүздесудің реті келгендей. Ақ халатты абзал жан осы өлкенің тумасы. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған ол ана жолын жалғап балалар дәрігері болуды қалайды.
Ақтөбедегі мемлекеттік медици­налық университетте білім алып, педиатр мамандығын таңдады. 1990 жылы еңбек жолын бастаған дәрігер биыл міне, 32 мамандығына адалдықпен қызмет етіп келеді. Қарапайым педиатр болып келген ол, бүгінде аудандық аурухананың балалар бөлімінің мең­герушісі қызметін атқарады.
– Негізінен балалар арасында ең көп таралатын ауруларды жаз және қыс мау­сымы деп екіге бөліп қарастырамыз. Осы екі маусымда екі түрлі аурулар көбейеді. Қыс мезгілінде бізде тыныс жолдары, бронх-өкпе жолдарының ауруы көп кездеседі. Бұл аурулар түшкіру мен жөтелуден басталады. Оның арты қаралмағандықтан дене қызуы көтеріліп, соңы өкпе қабынуына айналып кетеді. Бұл қысқы уақытта ең қорқатын ауру. Ал жаз маусымында жедел ішек инфекциясы басталады. Балаларды білесіз ғой, аузына әр нәрсені салады. Дүниені енді танып келе жатқан бала жазғы уақытта көбейіп кететін жеміс-жидектерден бастап, тас, құмырсқаға дейін аузына салып көріп жатады. Соның бәрі ішек инфекциясына әкеліп соғады. Мұның алдын алу үшін ата-аналарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ем-дом жасаймыз. Көп жағдайда жас аналарға баланы қалай жуындырудан бастап, күтім жасауды, тамақтандыруды, бөлмені желдету қажетін де үйретуге тура келеді. Олардың тәжірибесі болмағандықтан балалары жиі ауырып жатады. Кішкентай бөбектеріміздің дені сау болса, ата-ана мен біз үшін мұның өзі үлкен бақыт дер едім, – дейді денсаулық сақшысы.
Жақсы маман қай кезде де сұранысқа ие. Үнемі ізденіс үстінде жүретін білікті маман әр сырқат сырына терең үңіліп, дәйекті диагноз қоюдың амалдарын жан-жақты қарастырады. Кішкентай бүлдіршіндердің сырқатын дөп басып айтып, ем-дом жүргізу үшін алдымен анализдерге талдама нәтижелеріне жүгінеді. Ауырған жерін жеткізе алмайтын бөбек пен бүлдіршіннің бал тілін түсіну арқылы денсаулығына үңілу тіпті бөлек дүние. Қарап отырсақ, бұл оңай шаруа емес. Баланың тілін табу үшін өзіңе де бала болуға тура келеді. Төгілген тер мен еселі еңбектің зая кетпесі анық. Аудандық ауруханада ана мен балаға көмегін аямай жүретін Рита Кеңесқызының бойындағы адами қасиеттерін, жақсылық жасауға асығып тұратын кішіпейілділігін, кәсіби біліктілігін жанында жүрген әріптестері жоғары бағалайды.
Тәжірибелі маман, жастарға үйретер тағылымы мол дәрігердің алған мақтау қағаздары да, алғыс хаттары да жетерлік. Алайда ол алдына келген бүлдіршіннің құлан таза айығып кеткенін көргеннен артық қуаныш бар деп ойламайды.
– Мен үшін марапаттың ең үлкені – адамдардың алғысы, халықтың ризашылығы. Ауырып келген балаларға жасаған еміміз қонып, ауруханадан көңілі жадырап шықса, бізге керегі сол, – дейді ол.
Сондай-ақ ол дәл қазіргі уақытта баламен бірге қонаққа бармауды, үйге қонақ шақыруды шектеу қажеттігін айтты. Үйде ауырған адам болса, баланы өзге бөлмеде қарап, сақтандыруды басты назарда ұстауды ұсынды. Балаға мезгілге орай қажетті дәрумен беруді қолға алып, күнделікті таза ауада серуеннің бала үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Ақ халатты абзал жанмен әңгі­мелестік дегенмен, шақырушылар да көп болды. Медбикенің «Рита Кеңес­қызы, жедел-жәрдеммен бала келді» дегенін естіп, «біздің жұмыс осындай, кешірерсіз» деп бізбен жылы қоштасып, бөгелместен кезекті бүлдіршінді емдеуге кете барды.
Сәби десе құрақ ұшып, бар жүрегімен емдейтін бала мінезді Рита Кеңесқызы сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса дейміз. Себебі, әрбір анаға баланың саулығынан асқан бақыт жоқ.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

29 қаңтар 2022 ж. 402 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031