» » Ұлттық құндылығымызды ұлықтайтын ұрпақ тәрбиелейік

Ұлттық құндылығымызды ұлықтайтын ұрпақ тәрбиелейік

КЕШЕГІ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ БІЗДІҢ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ АҚСАП ЖАТҚАНЫН АШЫП КӨРСЕТТІ. АЛДЫМЕН, МЕМЛЕКЕТТІК ИДЕОЛОГИЯ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ТӨМЕНГІ ДЕҢГЕЙДЕ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАНЫ БАЙҚАЛДЫ. ОСЫ УАҚЫТҚА ДЕЙІН БИЛІК ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСҚАН ЖОҚ ДЕСЕ ДЕ БОЛАДЫ.
Мемлекеттік арналарда ұлттық ұстаным­дарымызға мүлдем қайшы келетін хабарлар «рейтингі жоғары» деген желеумен үздіксіз көрсетілді. Жас ұрпақтың дүниетанымдық көзқарастарына аяусыз шабуылдар жасалынды. Фонограммамен ән айтып, халқын тонап жүрген әншісымақтардың өмірі бүкіл ақпарат құралдарында жарияланып, жастарға үлгі етіп көрсетілді. Қоғамымызда еңбек адамына деген, «Әлемнің әміршісі» деп аталатын еңбектің өзіне деген құрмет жоғалды. Бұрынғының адамдары қандай да бір кедергіге тап келсе, оны ақыл-парасатпен, біліммен асып өту жолын іздесе, қазіргілер еш еңбек етпей, тек таныстар арқылы бөгетті айналып өтуді мақсат етуде. Қоғамдағы отбасы құндылығы аяқасты қалды. Отбасының қазығы іспетті ер адамның рөлін, оның қоғамда алатын орнын тып-типыл қылдық.
Мұның барлығы жас­тардың сана-сезіміне оң әсер етпейтіні белгілі. Қазір жастарымыз, тіпті үлкендердің өзі кітап оқымайтын болды. Рухани дүниеміз жұтаң бола бастады. Құлаққа қонымды, тәрбиелі әңгіменің орнына ұсақ, арзанқол әңгімелер айтуға шықтық. Ондай әңгімелерден жастар не алушы еді? Білім адамның ішінен шығатын нәрсе емес, сырттан келетін дүние. Сондықтан оқымай білімді боламын дегендерді тормен су таситындарға теңеймін. Демалыс күндерін пайдаланып, М.Мағауиннің «Аласапыран», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» атты кітаптарын оқыдым. Сол жылдардағы қаһарлы хандарымыз, батыр бабаларымыз, сұңғыла билеріміз және қарапайым халқымыздың болашақ үшін жасаған жанкешті тірліктеріне тәнті болдым. Жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелейтін осындай кітаптар жиі оқылып, осы бағыттағы көркем фильмдер көбірек түсіріліп, бұқара арасында кеңінен көрсетілуі қажет деп ойлаймын.
Қазақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісінің отырысында жасаған баяндамасында Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін модернизациялау, күштік құрылымдарды реформалау, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, білім жүйесін жетілдіру және басқа да түйткілді мәселелерге тоқталды. Оның ішінде сапалы білімге қолжетімділік жасау, білім орындарын техникалық жабдықтаумен қатар, мұғалім біліктілігіне назар аудару қажеттілігін, мамандық алуда гуманитарлық бағыттан гөрі техникалық мамандықтар игеруге баса көңіл бөліп, елімізді сапалы инженерлермен қамтамасыз етудің маңызын айтты.
Адамзат баласы өзінің тарихында 3 өнеркәсіптік революцияны бас­тан кешірді. Қазір әлемнің дамыған елдерінде 4-өнеркәсіптік революция орын алған. Оның басты белгісі – жаһандану процесі, өнеркәсіпке жаңа информациялық технологияларды жаппай енгізу, толығынан цифрландыру, бизнес-процестерді және жасанды интеллектті масштабты түрде автоматтандыру. Осы талап­тарға сай елдерді 4.0 индустрия қоғамы деп атайды.
Әлемдік тәжірибе 4.0 индустрия қоғамы елдеріндегі білім жүйесінің түбегейлі өзгеруі қажет екенін көрсетуде. Мектеп бітіруші түлек болашақ қоғамдағы өмірге дайын болуы үшін оның бойында жоғары технологиялық өндірісте жұмыс жасауға қажетті XXI ғасырдың түйінді құзыреттіліктері мен дағдысынан құралған интеллектуалдық қабілеті болуы керек.
Өткен ғасырдың 90-жылдарында АҚШ жоғары технологиялы өндіріске қажетті білікті мамандардың жетпей қалуына байланысты үлкен қиындықтарға ұшырады. Осыдан кейін, бұл елде STEM білім беру бағыты туындады (Science, Technology, Engineering, Matemetics). Яғни, нақты өмірде кездесетін міндеттерді шешу үшін жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің информатика, технология және инженерлік біліммен интеграциясы негізіндегі ортақ білім беру бағыты.
Сөйтіп, әлемде алғаш рет АҚШ білім жүйесінде пәнаралық байланыс пен қолданбалы білім беру мәселесімен айналыса бастады. Жеке пән бойынша білім алу деген өзінің өзектілігін жоғалтады, кез келген өндірістік немесе күнделікті өмірдегі міндеттерді шешу үшін оқушы, маман ғылымның көптеген облысындағы білімді пайдалануға мәжбүр болады. STEM білім беруде ғылыми әдістер, техникалық қосымшалар, математикалық модельдеу, инженерлік дизайн пайдаланылып, оқушыларда инновациялық ойлау және XXI ғасыр дағдысы қалыптасады.
Эксперттер жуық арада әлемде IT мамандар, нано және биотехнология мамандары, жоғары технологиялық өндіріске қажетті мамандардың, оның ішінде сапалы инженерлік мамандардың жетіспейтіні жайында болжам жасауда.
Сондықтан, Президент өзінің сөй­леген сөзінде елімізде 2025 жылға дейін сапалы инженерлерді дайындау үшін шетелдік 5 жоғары оқу орнының филиалдарын ашуды тапсырды. Сонымен қатар, еліміздің батыс өңірінде 2 техникалық бағыттағы университет ашу қажеттігіне айрықша тоқталды.
Қазіргі жаһандану жағдайында әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері білім, ғылым саласына және жаңа технологияларды игеруге едәуір қаржы бөлуде. Өйткені, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабі­летімен айқындалады. Ал білім беру саласы Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – халқымыздың қанында бар қасиет. Бабаларымыз сонау бағзы заманның өзінде «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаған. Бәсекеге қабілетті білімді жастарды көбейтуге, олардың ғылыммен айналысуларына жағдай жасау қажет.
Мемлекет басшысы ҚР Парламенті Мәжі­лісінде сөйлеген сөзінде Жаңа Қазақстан құру жолын айқындап берді. Осы ұсыныстарды сапалы орындау мақсатында ел болып Президентіміздің айналасына топтасуымыз қажет.
Әлемде 210-нан аса мемлекет болғанымен, біздің жалғыз ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік ұғымы біздің еліміз, халқымыз үшін қасиетті, киелі ұғым. Сондықтан, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Тәуел­сіздігімізді көздің қарашы­ғындай етіп сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп қалдырайық, ағайын!

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы
Қызылорда облысы бойынша
ПҚ БАИ директоры

29 қаңтар 2022 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031