» » Сырға толы ақ сарай

Сырға толы ақ сарай


ТУҒАН АУЫЛҒА ТАЛАЙ УАҚЫТТАН БЕРІ АТ ІЗІН САЛҒАНЫМ ОСЫ. КЕЙДЕ ТІРШІЛІК ДЕЙТІННІҢ ӨЗІ ҚАШЫҚ ПЕН ЖАҚЫННАН ТҰРА МА ДЕП ОЙЛАП ҚАЛАСЫҢ. ӨМІР СОҚПАҒЫ АУЫЛДАН ШЕТТЕТІП ЖІБЕРСЕ ДЕ БІР БҮЙРЕГІҢДЕ ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН ЕРКЕ СЕЗІМНІҢ БҰЛҚЫНЫП ЖАТАТЫНЫН ҚАЙТЕСІҢ. АРА-ТҰРА АУЫЛ ЖАҚҚА АҢСАРЫҢ АУЫП, ТАС ЖОЛДА ЫЗҒЫҒАН КӨЛІКТЕРДІҢ БІРІНЕ ОТЫРЫП КЕТКІҢ КЕЛЕДІ ҒОЙ ШІРКІН.
Осыдан жиырма екі жыл бұрын мен ауылдың қара домалақ баласы болып жүргенімде мұнда тіршіліктің нағыз көрінісі қайнайтын. Іштей бұл қай мекен деп отырған боларсыз? Сағынғанда қолыма қалам алып, сонау балалық шағыма бір барып келтіретін Ақтөбе ауылы ғой. Бүгін тағы шабытымды оятып отыр. Сол кездегі естен кетпес естеліктерді бұрқыратып жазып, бәрін ақ параққа сыйдырғың-ақ келеді. Дегенмен кейінге де жазарым қалсын. Әлгі не деп бастап жазып жатыр едім? Иә, мен бала кезімде ауылдың әр көшесінің өз қызығы болатын. Кейде балалармен ойынның қызығына кіріп кететініміз соншалық көше асып кетіп, сол жақты шулатып қайтатынбыз. Бірінің ауласына кіріп ойнап, далаға кептіріп жа­йып қойған құртын ұрлап та қаштық қой талай. Содан кейін сол көшемен мектептен қайтып көр. Кейде үй иесі танып қойса: «Жетпегір мында кел, көрсетейін көкеңді» деп жекитін. Тұра қашып жеткізбегенімізге мәз болатынбыз. Ал сол кісі үйге қонаққа келіп қалса дастарқан басында әжеме «Мына немереңіз тентектікке салынып жүр. Менің құртым ұнап қалған ба, айтпай алып жүр. Сұрасаң берем ғой, балам-ау» деп апамның қатты ұрыспау жағын да ойлап әдемілеп жеткізетін. Оны түсінген әжем сонда да бір кейіп: «Оның не? Енді қайтіп ұрлайтын болсаң оңдырмаймын» деп сыбап алатын.
Ол уақытта біз ойнаған ойын­шықтар нағыз қолдан жасалған, сапалы, сол кездегі балалар үшін құнды зат еді. «Рама» майдың қалбыры мен ағаштан жасалған мәшине, жұмсақ сымнан жасалған трактор ойыншықтар. Қорада пішеннің белін буған әлюмин сымды шешіп алып, керек ойыншығымызды келтіріп жасап та шығардық. Көшеде мотоциклдің резеңке дөңгелегін қолмен итере дөңгелетіп шаңдатып жарысқаны сол кездегі талай ауыл баласының есінде. Одан қалды отынның шыбығын ат қылып мініп, көшедегі басы қиғаш кесілген ағаш шарбақтың бірін жұлып алып, қылыш етіп шайқастық та. Ауылдың кешін бір-ақ батырып, үйге жалаң аяқ, кір-қожалақ қайтқанда шешеміздің «Табаныңды жу жетпегір» деп ұрысатыны кімнің болса есінде шығар. Түн жарымда ауылда түрлі сарында ысқырық ойнап, көше кезген жастар бір-бірін ысқырық арқылы тауып алатын. Қазіргі тілмен айтқанда сымсыз ұялы байланыс. Оны қоя беріңіз. Қақпаның сыртында ақырын дауыс­пен «Айгүл!, Жанар!» деп шақырған жігіт ағалардың келіп тұратынын қайтесіз. Біз секілді інілердің қолына сағыз қыстырып «Мына үйдегі тәтеңді шақырып берші» деген өтініштерін аздап орындағанымыз бар. Кейде үй иесі біліп қойып салмақты дауыс­пен «Кім әй бұл?» деп келгендерді үркітетін. Осындайда бір әңгіме еске түседі ғой. Кеш бата үйдегі үлкен тәтеме сыныптастары келіп тұрса керек. Оны байқап қойған атам әзілге басыпты. Содан қолындағы таяғымен шарбақтың сыртындағы балаларды сиыр айдағандай «Әг-ай! Шу!» деп әрі қарай қуып жібермесі бар ма? Ертесіне тәтеме айтып «Сенің папаңның көзі көрмейді-ау, бізді сиыр айдағандай көшенің басына дейін қуып шықты» деп күліпті. Иә, сол кездегі қайтып келмес уақыттар қызық еді ғой.
Ауылға барғанда осының бәрі көз алдымда киноның лента­сындай сырғиды. Бұрынғыдай кө­шеде шулап ойнаған бала жоқ. Ескінің бәрі жаңарған. Жаңа үйлер. Аула сыртындағы ашық ағаш қоршаулардың бәрі өзгерген. Құдды тұмшалағандай биік қақпа қойып тастаған. Емін-еркін аралас-құраласқан көршілердің қарасы аз. Біз тұрған үйдің де орнына жаңа үй салыныпты. Көшкенде әкемнің нағашысы сатып алған еді. Бұрынғыдай кең аула қысқарған. Енді үй иесі қалауынша әдемі етіп өзгертіпті. Ескіден қалған дүниенің орны аз. Бірақ біз тұрған кездегі ақ сарай бұзылмапты. «Әбләкидің көзі ғой» дегендей әлі сақтаулы тұр. Әкемнің айтуынша, ол сонау 1975 жылы салыныпты. Сол кезде құрылыс сапасының мықтылығы ма, әлгі ақ сарай қабырғасын әлі тік ұстап тұр. Бір еңкейіп, қисаймаған. Тек кей жері сыр беріпті. Бір сәт сыртқы келбетіне қарап-ақ, ішіне бүккен сыры көкірегіңде сайрайды.
Жаздың аптап ыстығында адам жанына керемет пана еді ғой шіркін. Шіліңгір шілдеде дала қанша жанып тұрса да бұл сарай сондай салқындығын бір жоғалтқан емес. Әлі де солай екен. Бір сөзбен айтқанда Алтынсары әжемнің «тоңазытқышы» еді. Жаздыгүні бұзылып кетеді деген тамақтың бәрін осында сақтайтын, жарықтық. Ағарған дейсіз бе, әйтеуір шөлдеп келген адам осында ұсталған сусынды ішіп, бір шөлі қанатын. Одан бөлек қойманың да қызметін атқарды ғой. Іздеген затымызды осы сарайдан таппай қоймайтынбыз. Есігі де қалың, сыртындағы белдік темір құлпы бөлек болатын. Анау-мынау адам ашып кете алмайтын сондай берік. Іргесіндегі шайла сарайдың ошақ пешінде әжем таба нанының иісін бұрқыратып пісіретін. Қызыл шоққа төңкерілген қазанжаппайы, күбіде айраны, құрт майы осы шайлада дайындалатын. Бір ғана сөзбен әжемнің шағын асханасы десем қателеспеймін. Қазір... Қазір осы көрініске қарап сағынышың оянады. Күнделікті күйбең тіршілік пен қауырт жұмыстың арқасында ауылға атбасын бұруды сиреттік қой. Бір шаруаны жұмыс қылып баратынымыз болмаса. Осындайда сағынышыңды басатын жалғыз естелік осы еңселі ақ сарай ғана. Көненің көзі етіп сақтаған әкемнің нағашысы мың жасаңыз...

Ерсін СӘДУҰЛЫ
25 қаңтар 2022 ж. 500 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031