» » Ниетімізге қарай несібеміз

Ниетімізге қарай несібеміз


«Барлық нәрсе ниеттен басталады», «Ниетің түзу болса» деген сөздерді ел арасында жиі естиміз. Ниет жақсылықтың бастауы екенін де білеміз. Алайда біз қай дәрежеде ниет етеміз? Бір нәрсе бастар алдында «ниетім осындай» деп шын мәнінде жүрекке үңіле аламыз ба?
Ең алдымен ниеттің не екеніне тоқсалсақ. Ниет – адамның жос­парлаған бір ісін атқару үшін санасында сол істі атқаруға шешім қабылдауы. Ол ісін толық түсінуі және оны саналы түрде орындауы. Егер адам сауап алу және адамдарға игі іс істеу мақсатында бір істі жоспарласа бұл ізгі ниет те, ал жамандықты мақсат етсе қара ниет дейміз. Бұл туралы ел арасында «ниеті түзу емес» деген сөз де қалыптасқан. Ал асыл дініміз тек ізгі ниетті болуды үндейді. Ниет – тек жүректен туындайтын дүние. Ал жүректің ішіндегі дүниені Алла мен ниет еткен адамның өзі ғана біледі. Сырт көзге тіл жақсылықты ниет еткен болып қаншама сөз айтса да, әсілінде шындығы жүрекке ғана мәлім. Ең негізгісі, тілмен айтылған емес, жүректегі ниет. Сондықтан да жүректің бір іске бағытталуы және сол іске бағыт алуы деген мағынадағы ниет, өзгелерге мәлім болмағандықтан біреудің ниеті жайлы пікір айту, не болмаса біреудің қара ниетті екендігін айту да дұрыс емес.
Алайда, жыл басындағы қиын күндер ойландырмай қоймады. Ел амандығына алаң қылатын күн туғанда, бас пайдасын көздегендердің де қатарымызда бар екенін аңғардық. Бір бөлке нанның құнын 600-700 теңгеге бағалағандар мен 1000 тең­гемен жететін қашықтыққа 8-9 мыңды сұрағандар да табылған. Осындайда Алла разылығы үшін тұрғылықты жеріне аман жеткізсе, алғыс арқалар еді. Дегенмен, олар тек пайда табуды ғана ойға алды. Алайда шарасыз адамды пайдасына жаратып, қаржысын жымқыруды көздеген жанның, сол қаржыға берекесі таси қоймас.
Қарап отырсақ, өмір ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, бақыт пен бақытсыздық, сәттілік пен сәтсіздіктен тұрады. Әрқайсысын тағдырдың сыйы деп қабылдаған жөн. Бастаған ісің алға жүрмесе, бастапқы ниетіміздің қандай болғаны жөнінде ойланып көрген абзал. Ең маңыздысы – ниет. Ешкімнің ала жібін аттамай, жүрегің таза, пейілің адал болса, көздегеніңе қиындықсыз жететінің анық.
Қарымды қаламгер Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деген нақыл сөзі бар. Сондықтан да берекелі ризыққа ие болғыңыз келсе, ең алдымен әр нәрсеге жақсы ниетте болыңыз және әр ісіңізді сондай ізгі ниетпен бастаңыз. Жақсы ниет – өміріміздің айнасы екенін естен шығармайық. Несібем көбейсін десеңіз, ниетті дұрыстаңыз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
25 қаңтар 2022 ж. 2 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 283

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 378

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930